Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2024

Тәжірибені шыңдайтын шеберхана

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуықта Д.Серікбаев атындағы университетте ашылған Лу Бань шеберханасына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде заманауи шеберхана толайым табыстарға жетті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, Қазақстанның басқа аймақтарында да Лу Бань шеберханаларын ашу туралы тапсырма берді.

Тәжірибені шыңдайтын шеберхана

Қазіргі уақытта Лу Бань шеберханасында 400-ге жуық студент пен магистрант «Көлік, көлік техникасы және технологиялар», «Тасымалдауды, қозғалысты ұйым­дастыру және көлікті пайдалану» бағдарламалары бойынша білім алып жатыр. Сондай-ақ «Көліктік машина жасаудағы смарт технологиялар мен жасанды интеллект» жаңа инновациялық білім беру бағдарламасымен «Ақпарат­тық технологиялар» мамандығы бо­йынша оқу тобы құрылды. Бұған 24 студент қабылданды.

Лу Бань шеберханасы халық­аралық жоба аясында 2023 және 2024 жылдары 15 оқытушы, магис­трант және ШҚТУ инженерлері Қытайда Тяньцзинь кәсіби институтында интеллектуалды желілік автокөліктер, электромобильдер қызметі және автокөліктердегі SMART технологияларды зерттеу бойынша тәжірибеден өтіп келген. Студенттерге өндіріс кәсіп­орындарында заманауи жаб­дықты пайдалана отырып, оқыту мүмкіндігі берілді.

– Шеберхананың ашылуы жоғары білікті мамандарды кө­лік саласында даярлауды едәуір толықтырады. Лу Бань ше­берха­насының арқасында біз­­дің уни­верситетімізде көлік сала­сындағы алдыңғы қатарлы смарт-технологиялар мен электр­лік және гибридті көліктердің жаңа конструкцияларымен танысу мүм­кіндігі пайда болды. Мұндағы білім беру моделі «EPIP» стандарттар жүйесіне негізделген, оның прин­циптері «CDIO» стандарттар жүйесімен үндеседі. Сондықтан Лу Бань шеберханасының білім беру моделі Қазақстандағы техника­лық білім беру саласындағы жаңа кезең, – деді Д.Серікбаев атын­дағы техникалық университеттің басқарма төрағасы, ректор Сәуле Жәдігерқызы.

Шеберханада білімдерін шың­даған студенттер жоғары сұра­нысқа ие. Әсіресе бизнес өкілдері қызығушылық танытқан. Мәселен, оқуы орын «Astana Motors», «Allur Auto» сынды кәсіпорындармен шарт жасасып, студенттер дуаль­ды оқытуға көшкен. Сөйтіп, олар тәжірибесін жетілдіре жүріп, тұ­рақты жұмысқа орналасады. Үздік­тер қатарынан көрінген студенттер ШҚТУ магистратурасы мен докто­рантурасында оқуын жалғасты­ру­ға және ғылыми зерттеулер мен тәжі­рибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге бағытталған.

Қазіргі уақытта Лу Бань цехы­ның құрылысы екінші кезеңге өткен­дігіне қарасақ, даму үс­тін­де. Бағдарламалау, смарт құрыл­ғыларды жобалау, қозғалыс қа­уіпсіздігі смарт-технологиялары және автономды ұшқышсыз аппараттар технологиялары сияқты өзекті дағдыларға бағытталған жаңа курстар енгізіліпті. Студенттер қызы­ғушылық танытқандықтан, олар­дың қатары болашақта кө­бейе түсері анық. Қазіргі уақытта Нигерия, Моңғолия, Ресей және Белоруссия сынды мемлекеттерден келіп, білім алып жүргендер де бар.

Шетел демекші, Лу Бань ше­берханасының жалғасы ретін­де Д.Серікбаев атындағы Шы­ғыс Қазақстан техникалық универ­си­теті мен Тяньцзинь кәсіби инсти­туты арасында жасалған келі­сім негізінде «SMART Driving Technology» автомобильдік интеллектуалды технологияларын қолдану және жетілдіру жөніндегі Қазақстандық инженерлік орталық құрылып жатыр. «SMART Driving Technology» нысанын салу бо­йынша жұмыс қолға алынған. Ал Қытайдың серіктестері 6 электромобиль береді. Сөйтіп, шеберхана аз уақыт ішінде жоғары білікті мамандардың дамуына ықпал ететін тәжірибе мен білім алмасудың көпіріне айналады.

Қосымша айта кетерлігі, Лу Бань шеберханасы Қазақстан­да «EPIP» (Engineering Practice Innovation Project) стандарттарына сәйкес инженерлерді даярлайтын сертификатталған орталық. Бұл студенттерге тек техникалық салаларда жаңа білім алу ғана емес, сонымен қатар машина жасау, ақпараттық технологиялар, электротехника және басқа да салаларда озық жұмыс әдістерін меңгеруге мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталған бірлес­кен бағдарламалар еліміздегі оқу стандарттарын жақсартуға, Қытайда қолданылып жүрген жаңа әдіс­темелер мен технологияларды енгізуге ықпал етуі мүм­кін. Оқу-орын басшылығының айтуынша, Лу Бань шеберханасы тек білім саласында ғана емес, дипломатиялық деңгейде де әлеуетке ие. Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады.

 

Өскемен