Мәселен, Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылының тұрғындары – Баймахановтар отбасы таяуда жергілікті пошташы Ақнұр Аблайқызының көмегімен төрт баласына да «Отбасы банкте» депозит ашты. Енді әр баланың жинақ қаржысы бар. Отағасы Бахытбек Қуандықұлы сол арқылы балаларының болашағын ойластырып, олардың алаңсыз білім алуына жағдай жасауды көздейді.
«Бүгінгі жаһандану заманында әрі нарық билеген уақытта әр ата-ана баласының ертеңін ойлап, олардың келешегінің қамын қазірден-ақ қолға алса, артық болмас. Сондықтан Ақнұр Аблайқызының көмегімен төрт балама арнайы шот аштым. Әрқайсысына ай сайын шама-шарқымызға қарай қаржы аударуды әдетке айналдыра бастадық. «Ең құнды инвестиция – балаға құйылған қаржы» деп тегін айтылмаса керек. Бүгінде мектепте оқып жүрген ұл-қыздарымыз көзді ашып-жұмғанша оқу орнымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады. Сол тұста ата-анасының бүгіннен бастап тірнектеп жинап жүрген қаржысы тірек болса екен деймін», дейді Бахытбек Қуандықұлы.
Сөйтіп, Баймахановтар отбасы 12, 10, 8 және 6 жастағы балалары – Айханым, Нұржұма, Зере мен Жаухарға депозиттік шот ашып қойды. Салымды да уақтылы, тұрақты түрде жасап отыр. Сол арқылы олардың ертеңгі өмірінің кірпішін қалап келеді.
«Балаларға депозит ашпас бұрын нарықтағы жағдайды біраз зерделедік. Нәтижесінде, таңдауымыз «Отбасы банк» АҚ ұсынған өнімдерге түсті. Бұл банктің депозитке аударылатын пайыздық мөлшерлемесі өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары. Жыл соңында берілетін 20 пайыздық мемлекеттік сыйлықақы тағы бар. Депозитті ауылымыздан шықпай-ақ, жергілікті пошта бөлімшесіне барып аштық. Бұл да ыңғайлы. Енді мобильді қосымша арқылы кез келген уақытта қалаған сомамызды аудара аламыз. Тиімді тұсының тағы бірі – осы. Қысқасы, барлық талап-шарт көңілімізден шықты. Болашақта балаларым жинақ қаржысын өз игіліктеріне қалауына қарай жұмсай алады», дейді Бахытбек Қуандықұлы.
Баймахановтар әулетінің жоспарын жүзеге асыруға ықпал етіп, отбасылық пакет ашуға көмектескен оператор-кеңесші Ақнұр Аблаевна – өз ісінің маманы. Ұзақ жыл бойы Мәдениет ауылында пошта бөлімшесінің меңгерушісі болып еңбек етіп жүрген ол жыл басында «Отбасы банк» АҚ оператор-кеңесші ретінде де жұмысын жалғастырды. Осылайша, «Пошташы» жобасының аясында қос қызметті қатарынан сәтті атқарып келеді.
«Ауылдастарым мені пошташы ретінде біледі. Жыл басында «Отбасы банк» пен «Қазпоштаның» бірлескен жобасы – «Пошташы» басталған соң жергілікті жұртшылыққа қаржылай кеңес қызметін көрсетуге де көштім. Яғни енді мен ауылдағы ағайынға тек хат-хабар жеткізуде емес, қаржылық мәселелерді шешуде де көмектесе аламын. Бұл ретте біздің басты миссиямыз – депозиттер ашып, оны толықтыруға көмектесу, кеңес беру, ипотекалық несие рәсімдеуде бағыт-бағдар көрсету», дейді білікті маман.
Бүгінде Мәдениет ауылында 2 мыңға жуық адам тұрады. Олардың басым бөлігі осы уақытқа дейін «Отбасы банкте» депозиттік шот ашып, кейбірі баспаналы болып та үлгерген екен. «Пошташы» жобасы аясында Ақнұр Аблайқызы тағы 30-ға жуық адамға депозиттің жай-жапсарын түсіндіріп, басым тұстарын айтып, шот ашуына қолұшын созды.
«Мен пошташы ретінде қызмет көрсетумен қатар, оператор-кеңесші ретінде тұрғындардың қаржылық сауаттылығының артуына, қаражат жинау мәдениетін қалыптастыруына ықпал ете алатыным үшін қуаныштымын. Бұл өз кезегінде ауылдастарымның болашаққа деген сенімін нығайтып, олардың арман-мақсаттарының жүзеге асуына оң әсер береді деп ойлаймын. Біздің бұл бағыттағы еңбегіміз еш кетіп жатқан жоқ. Баспаналы болудың алғашқы қазығы қағылып жатыр. Сонымен қатар осы бағыттағы жұмысымыз «Отбасы банк» тарапынан бағаланады. Әр ашылған, толықтырылған депозит, рәсімделген несие үшін бонустар мен сыйақылар қарастырылған. Мұндай ынталандыру біздің клиенттермен жұмыс істеуге деген ниетімізді арттырып, жігерлендіре түседі. Өзімізді өзгеше бағытта сынап көруге, жаңа бағытты тануға көмектеседі. Банктік қызмет көрсету бойынша білімімізді толықтырып, біліктілігімізді жетілдіруге де мүмкіндік бар. Бұл ретте «Отбасы банктің» негізгі қызметкерлері тәжірибесімен бөлісіп, білмегенімізді үйретіп отырады», дейді Ақнұр Аблайқызы.
Байқағанымыздай, «Пошташы» жобасының берері мол. Ол еліміздің шалғайдағы ауылдарының тұрғындарына депозиттік шоттың маңыздылығын көрсетіп, банктік қызметтер алудағы уақытты айтарлықтай үнемдейді. Ақнұр Аблайқызы атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыс жұртшылықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, табысын тірнектеп жинап, баспаналы болуына көмектеседі. Сондықтан аталған жобаны осы жылдың маңызды әрі нәтижелі бастамасы деп айтуға толық негіз бар. Оған пошта бөлімшесіне ай сайын келіп немесе мобильді қосымшаны пайдаланып, депозиттік шотты белгілі бір сомаға толтыруды игі дәстүрге айналдырған азаматтар да айғақ бола алады.