Аймақтар • Бүгін, 08:35

Өрт қаупі өршіп тұр

22 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қылышын сүйретіп қыс келгелі оқыс оқиға көбейді. Өңірде 118 мәрте өрт шықты.

Өрт қаупі өршіп тұр

Облыстық төтенше жағдай­лар департаментінің мамандары мен ел ішіндегі еріктілер өрт қауіпсіздігі ережелерін елдің есіне салғанымен, қарапайым талаптарды мейлінше дұрыс сақтамаудың салдарынан айтып келген апаттың сейілер түрі көрінбейді.

– Жылу беру маусымы бас­тал­­ғалы өрт қауіпсіздігі ереже­­лері бұзылады, – дейді Ақмо­ла облысы төтенше жағ­дайлар департаменті­нің мемле­кеттік өрт бақылау басқар­масы басшы­сының орын­басары Ер­жан Ғаббас, – мұн­дай 49 жағдай тір­келді. Электр құрылғыларын монтаж­дау, техникалық пайдалану ережелерін бұзған 75 дерек анықталды. Жеті жағдайда үй иелері от жаққан кезде қауіпті аңғармай, опық жеген.

Алдын алу жұмыстары жүр­гізіліп-ақ жатыр. Маусым бас­тал­ғалы 9 000 отбасының үйле­рі­не назар аударылған. Бұл үй­лер – әлеуметтік жағынан аз қамта­масыз етілгендердің бас­паналары. Шамамен бір жарым мыңдай пештің мұржасы ыстан тазартылып, сонша үйге өрт қаупі болған жағдайда дабыл қағатын құрыл­ғы орнатылған. Әлі де 1400 от­басына осындай құрылғы орна­ту межеленген. Бұл істің айта қаларлықтай пайдасы бар. Мәсе­лен, дабыл қаққыштың арқасында Біржан сал ауданында екі қарт адам ажал аузынан аман қалған. Соң­ғы кезде алты аудан­да құрылғының іске қосылуы се­беп­ті 30 адамның өмірі сақ­талған.

Алда – жаңа жыл. Қауіпсіздік ережелерін күшейтпесе болмайды. Әсіресе балаларға абай болу керек. «Өрт – тілсіз жау» екенін әркез естен шығармаған жөн.

 

Ақмола облысы