Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Курчатов қаласының кәріз сулары Ертіс өзеніне құйылып жатқанын растады. «Курчатов Водоканал» мекемесіне қарасты кәріз жүйесінің жерастындағы құбырлары жарылып, салдарынан қалдық су өзенге толассыз ағып кетіп жатыр.
«Курчатов қаласынан Ертіс өзеніне ағынды сулардың ағуы жөніндегі бейнематериал деректерін анықтау мақсатында Абай облысы экология департаментінің мамандары шығарындылар орнына арнайы барды. Ағынды суларды ағызу дерегі расталды. Осыған орай «Курчатов Водоканал» ШЖҚ КМК-ға қатысты тексеріс жүргізілетін болады», деп хабарлады басқармадан.
Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Ертіс өзенінен химиялық, бактериологиялық, паразитологиялық көрсеткіштері бойынша су сынамаларын алды. Талдау нәтижелері алдағы уақытта белгілі болады. Департамент мамандары Ертіс өзеніне кәріздің қалдық суларын толассыз жіберіп жатқан Курчатов қаласының коммуналдық мекемесі бұған дейін де бірнеше мәрте жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеп отыр. Жыл басынан кәсіпорын экологиялық заңнамаларды бұзғаны үшін 10 млн теңгеден астам айыппұл төлеген. «Курчатов Водоканал» мекемесіне бірнеше мәрте жоспарлы тексеру жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылық анықталған. Бірінші тексерісте кәріз жүйесіндегі суды тазартқыштар биологиялық тазартуды жеткілікті деңгейде жүргізбейтіні мәлім болған. Экология кодексінің 90-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, ұйымға 258 440 теңге айыппұл салынған. Келесі кезекті тексерісте Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің зертханалық-талдау бақылау бөлімінің мамандары ағынды суларды Ертіске жіберетін №2 құбырда кәріз қалдықтарының мөлшері өте көп екенін анықтаған. Ондағы қалдық мөлшері экологиялық рұқсат шегінде белгіленетін қоршаған ортаға эмиссиялар нормасынан асып түскен. Осыған орай кәсіпорын 9 817 439 теңге айыппұл төлеген. Қазірде Абай облысындағы экология департаментінің мамандары «Курчатов Водоканал» мекемесіне қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындап, бастағалы отыр.
Ертістің суын ауызсу ретінде Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларымен қоса, Қарағанды облысы да пайдаланып отыр. Сәтбаев атындағы канал арқылы ағатын өзен суы жақын жылдары Астана қаласына дейін жетеді деген жоспар бар. Сондықтан бұл мәселе экологиялық апат ретінде бағаланып, дабыл қағылуы керек деп ойлаймыз.
Павлодар облысы