Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Астанада «Қазақстан туризмінің болашағы: стратегиялар, сын-қатерлер және шешімдер» атты сессия өтті. Шарада саладағы негізгі сын-қатер талқыланып, биылғы жетістігі сараланды, келер жылдың даму жоспары айқындалды. Сессияға Үкімет аппараты мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, «Kazakh Tourism, Kazakh Invest» ұлттық компанияларының басшылары, туристік индустрияның жетекшілері, шетелдік сарапшылар қатысты. «Marriott International, Gratiya Advisory» сынды әлеуетті компаниялардың өкілдері сөз сөйлеп, әлемдік тәжірибенің ілкімді жобаларымен бөлісті.
Келелі кеңес барысында саланың 2024 жылғы жұмысы қорытындыланды. Биыл шетелдік туристер ағыны 11,5 миллион адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Меймандарды қарсы алу, орналастыру, қызмет көрсету орындарының табысы 27%-ға артып, 224 миллиард теңгеге жетті. Әлемдік туризм нарығында еліміздің имиджін нығайтуға ықпал еткен «Қазақстан бойынша гид» атты ауқымды конкурс аясында жарнамалық жобалар жүзеге асырылды.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев саланың өрісін кеңейту бағытында атқаратын шаруа әлі де шаш-етектен екенін мәлім етті. «Жыл басынан бастап жеке инвесторлар мен кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға назар аудару қажет. Сонымен қатар туристік салаға тікелей шетелдік инвесторларды тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек. Бұдан бөлек, курорттық аймақтардың инженерлік-инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін жақсарту, соның ішінде жолдар, электрмен қамтамасыз ету, су құбыры жүйелеріне қатысты қажетті нормативтік-құқықтық актілер мен заңнамаға өзгерістер енгізудің маңызы жоғары», деді Е.Еркінбаев.
Туризм саласын ел экономикасының күре тамырына айналдыруда мемлекеттік қолдау механизмдерін жетілдіріп, инвестиция тарту қашанда өзекті. Жиынды қорытындылай келіп, қатысушылар еліміздің туризм саласын дамыту бағытындағы нақты қадамдарды айқындап, «Kazakh Tourism» функцияларын жетілдіру, жаңа қаржыландыру тетіктерін енгізу, еліміздің халықаралық туристік алаңдағы орнын нығайту мәселелерін нақтылады.
Ішкі туризмнің де әлеуеті артып келеді. Биыл 6 миллиннон астам туристен 224 млрд теңге кіріс кірген. Туристерді орналастыру нысандарының саны 306 бірлікке артып, 4 315-ге дейін ұлғайды, олардың сыйымдылығы 18 мың төсек-орынға толығып, 226 мыңға жетті. Бұл еліміздің ішкі және сырттан келетін туристерін қабылдауға әлеуеті жеткілікті екенін айқындай түседі.
Туристік салаға инвестиция тарту да қарқын алып келеді. Биылғы 10 айда оның көлемі 33,6% -ға артып, 668,1 миллиард теңгеге жетті. Негізгі жобалардың ішінде құны 194 миллиард теңге «Астананың туристік ауданының» жөні бөлек. Аяқталуы 2026 жылға жоспарланған жоба толық іске қосылғанда 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашады, жылына 10 миллиард теңге салық түсімін аударады.
Екінші ірі жоба – Маңғыстау облысындағы Каспий ривьерасы. Бірнеше бастама аясында «Жылы жағажай» аумағын кешенді игеру қолға алынбақ. Нәтижесінде, жағажай курорты, гольф-отель, виллалар кешені, аквапарк, ойын-сауық орталығы ашылады. Жобаның жалпы құны – 137,4 млрд теңге. Жоспарлы іске асыру мерзімі – 2026 жыл.
Туристік саланы Үкімет тарапынан демеу күшейтіліп келеді, биыл мемлекеттік қолдаумен мақұлданған өтінімдер көлемі 3 есеге артты. 37 туристік нысанға, 6 туристік автобус сатып алуға 2,1 млрд теңге бөлінді.
Халықаралық ынтымақтастық қашанда маңызды. Биыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы жарияланып, осы елдің ірі қалаларында 30-дан астам іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары әлемдік деңгейдегі оқиға болды. Дүбірлі аламанға 89 елден 2 700 қатысушы келді. «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы сынды спорт нысандарын жаңарту қаланың инфрақұрылымын жақсартып, туристік әлеуетін нығайта түсті. Биыл ауылдық туризмді дамытуда ұжымдық еңбек еленіп, Алматы облысы, Кеген ауданындағы Саты ауылына «Best Tourism Village Award» сыйлығы берілді. Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының жобасына халықаралық ITB Berlin 2024 конкурсында үшінші орын бұйырды.
Салада жыл соңына дейін жалпы құны 120,4 млрд теңге болатын 119 инвестициялық жоба аяқталмақ. Нәтижесінде, 1 319 жұмыс орны ашылады.