
Қызметкерлер мен волонтерлердің ерлігі мен кәсіпқойлығының арқасында адам өмірін сақтау мен мүлікті қорғау бойынша баға жетпес көмек көрсетілді.
Әсіресе, су тасқынынан кейін де жүргізілген іс-шаралар маңызды болды, соның арқасында бұзылған үйлер тез қалпына келтіріліп, табиғат күштері қиратқан үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынды, сондай-ақ аумақтарды қоқыстан тазарту бойынша «Таза Қазақстан» ауқымды тазарту акциясы өткізілді.
Нақтылай айтқанда, су тасқынынан кейін елімізде 2500-ден астам үй салынды. Оның ішінде, Батыс Қазақстан облысында 823 үй тұрғызылды. (Орал қаласы – 423, Қаратөбе ауданы – 90, Бөрлі ауданы – 60, Бәйтерек ауданы – 6, Теректі ауданы – 130, Сырым ауданы – 114). Облыстың шалғай аудандарында орналасқан елді мекендерде құрылыс жұмыстары қыркүйек айының басында аяқталғанын атап өту керек. Қалған 66 үйдің құрылысы қыркүйек айының соңына аяқталған. Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында 700 үй салынды. Өңірде алғаш рет темір-бетон конструкциядан жедел тұрғызылатын 300 үй бой көтерді. Бұл – заманауи жылдам құрылыс технологиясы мен Қазақстан темір жолы тарапынан логистикалық қолдауының айқын көрінісі. Ақтөбе облысында зардап шеккендер үшін 500 үй тұрғызылды.
Алайда Ырғыз ауданында құрылыс жұмыстары қиын өткен. Нұра ауылының тұрғандары келісім бойынша жаңа жерге көшіріліп, жаңадан тұрғызылған инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілді. Қостанай облысында 153 үй салынды (Арқалық – 50, Амангелді ауданы – 27, Жангелдин ауданы – 41, Қостанай ауданы – 21, Қостанай қаласы – 14). Бұл өңір, елді мекендердің бір-бірінен алыстығына қарамастан, зардап шеккен азаматтарды бірінші қыркүйекке дейін тұрғын үймен қамтамасыз етті. Мысалы, Қостанай қаласынан 700 км қашықтықта орналасқан Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылында 19 үй салынды. Ақмола облысында 292 үй тұрғызылды (Атбасар – 165, Бұланды ауданы – 76, Есіл ауданы – 21, Жарқайын ауданы - 30).
Атырау облысы Құлсары қаласында 100 үйдің құрылысы аяқталды. Павлодар және Ұлытау облыстарында 8 үй салынды.
«Жалпы, су тасқыны болған кезеңде орталық мемлекеттік органдардың жедел өзара іс-қимылын атап өткен жөн. Құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізу мақсатында логистика мәселелерін жедел шешудегі Көлік министрлігі және Қазақстан темір жолының атқарған рөлі зор. Құрылыс жұмыстары барысында отандық тауарлардың кеңінен қолданылғанын атап өткім келеді. Сондай-ақ отандық өндірушілер кезек пен қашықтыққа қарамастан қажетті материалдарды жедел жөнелтуге белсенді атсалысты. Сонымен қатар әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың үйлестіруі нәтижесінде еңбек және материалдық-техника ресурстары барынша тартылды», дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмек көрсетіліп, үйінен айырылғандар жаңа баспананың кілтіне ие болды.
Тағы да айта кетерлігі, биыл су тасқыны 120 мыңнан астам адамның өміріне әсер етті. Мемлекет тарапынан оларға барлық қажетті көмек көрсетілді – баспанасыз қалғандар үшін эвакуациялық пункттер ұйымдастырылды. 34 мыңнан астам адам 12,6 млрд теңгеге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем алды. Бұдан басқа, шамамен 10 млрд теңге көлемінде 150 айлық есептік көрсеткіш есебінде 21 880 отбасына келтірілген материалдық залал өтелді.
Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың дерегінше, шағын және орта бизнестің шығындарын өтеу қағидаларының қолданылу мерзімі 2025 жылдың сәуіріне дейін ұзартылады.
«Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне жойылған дақылдары мен өлген а/ш жануарларының иелеріне шығынды өтеу үшін шамамен 3,15 млрд теңге бөлінді. Жалғыз баспана болып есептелген 17,6 мыңға жуық үй мен саяжай құрылыстары су астында қалды. Тәуелсіз бағалау компаниялары мен комиссиялардың жүргізген зерттеуі негізінде 9156 үй жөндеуге жарамды, ал 8447 үй апатты деп танылды», деді вице-премьер.