Фото: Midjourney
Жаңа білім объектілерінің ашылуы
Әр өңірде, соның ішінде елордамыз Астанада, сондай-ақ Түркістан, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында жаңа балабақшалар, мектептер мен шығармашылық орталықтар бой көтерді.
Атап айтсақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысындағы Сауран ауданының Еңбекші Дихан ауылында бір ауысымда 600 оқушыға шақталған жаңа жайлы мектеп ашылды. Нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Бұл ауыл тұрғындары үшін көптен күткен оқиға болды. Жаңа мектеп заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Ал елордада екі ауысымда 4 мың оқушыға арналған 11-ші «Жайлы мектеп» ашылды. Бұл мектеп Үркер тұрғын алабында орналасқан, ол орын тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізді.
Білім саласындағы тағы бір маңызды оқиғалардың бірі - Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында 400 оқушыға арналған жаңа мектептің пайдалануға берілуі. Мектепте балалар шығармашылығын дамыту мен демалуға арналған кеңістіктер, сондай-ақ жеке шкафтар қарастырылған. Сонымен қатар спорт және акт залдары, кітапхана, асхана, шеберхана және 36 пәндік кабинет бар.
Сондай-ақ Қостанай облысының Қостанай және Арқалық қалаларында екі жаңа мемлекеттік балабақша ашылды. Бұл мектепке дейінгі ұйымдар барлық заманауи стандарттарға сай. Олар жатын бөлмелерімен, ойын бөлмелерімен, хореографиялық, гимнастикалық, музыкалық және спорт залдарымен, педагог-психолог, логопед, медициналық, қосымша білім беру кабинеттерімен қамтылған.
Айта кетейік, осы жылдың басынан бері елімізде 560-тан астам мектепке дейінгі ұйым ашылған.
Еліміздің төрт өңірінде қосымша білім беру нысандары пайдалануға берілген. Мысалы, Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Бадамша ауылында өнер мектебі ашылды. Онда 550-ге жуық бала білім алып жатыр.
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында екі қосымша білім беру ұйымы – оқушылар сарайы мен өнер мектебі ашылды. Бұл мекемелерде 19 қосымша білім беру бағыты бойынша 250-ден астам бала білім алады.
Сондай-ақ Павлодар облысының Екібастұз қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Самғау» балалардың замануи шығармашылық үйі ашылды. Ол «Балаларға қосымша білім беру жүйесінің жаңа үлгісі» ғылыми-техникалық бағдарламалары аясында 12 бағыт бойынша балаларды оқытуға арналған жоғары технологиялармен жабдықталған. Орталық күніне 3000-ға дейін баланы қабылдайды. Оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар да бар.
2024-2025 оқу жылының басынан бері елімізде барлығы 500-ден астам жаңа білім беру ұйымы ашылған.
Жаңа нысандардың аймақтық дамуға әсері
Білімге қолжетімділікті теңестіру. Жаңа оқу орындарының ашылуы қала мен ауылдық аймақтар арасындағы білім берудегі диспропорцияны азайтуға үлкен көмегін тигізеді. Бұл шалғай елді мекендердің балаларына үлкен қалаларға бармай-ақ сапалы білім алып, таланттарын дамытуға мүмкіндік бере алады.
Сонымен қатар жаңа оқу орындарының ашылуы мұғалімдерге, әкімшілік қызметкерлерге және мамандарға қосымша жұмыс орындарын ашады. Бұл өңірлердің экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Оқытудың заманауи әдістерін қолдану арқылы оқуға және сабақтан тыс жұмыстарды өткізуге қолайлы жағдай туғызады. Мектептерде интерактивті тақталар, компьютерлік зертханалар орнатылып, ал шығармашылық орталықтарда өнер, музыка және би сабақтарына арналған студиялар болуы аймақтың дамуына едәуір әсер етпек.
Бұл бастамалар еліміздегі білім беруді жаңғырту және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі. Олар білім сапасын арттыруға және тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азаматтарға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық мақсаттарға сәйкес келеді. Осылайша, жаңа оқу орындарының ашылуы Қазақстанның білім беру саласын дамытудағы, халықтың барлық тобы үшін білім беру қызметінің қолжетімділігі мен сапасын арттырудағы маңызды қадам болды.