18 Маусым, 2015

Ақиқат үшін алысқан

1713 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Мерке-1 Еліміздің аумағында тарихы қалың өлкелер көп. Ондайлардың атын атасаң болды, ауыз толтырып айтарлық қатпарлы тарихы көз алдыңа елестеп қоя береді. Сондай құйқалы өңірдің бірі – Жамбыл облысындағы Меркі жері. Бұл ежелден қарлұқ, одан түркілердің мекені болған тарихи жер. Меркі қаласының өзі туралы алғашқы деректі ІХ-Х ғасырлардағы араб саяхатшылары қалдырған. Олар Меркіні бай, сәнді шаһар деп атап кеткен. Бір қызығы Меркі қаласының төңірегіндегі Шаш – Ташкент болып, Тараз – Әулиеата болып, Құлан – Луговое болып және т.б. аттарын өзгерткен болса, Меркі – Х ғасырдан бері бір атпен келе жатқан қала. Ермек СауранбаевМеркі ауданы 1928 жылы құрылған. Аудан алқабы Жамбыл облысының оңтүстік-шығысындағы Қырғыз Алатауының жоталарында орналасқан. Ол шығысында Қырғызстанмен, солтүстігінде Шу, Мойынқұм, оңтүстігінде Тұрар Рысқұлов аудандарымен шектеседі. Аудан көлемі 7 мың шаршы шақырымнан артық, халқының саны 76 мыңдай адам. Кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Мәсімхан Бейсебаев, белгілі мемлекет қайраткерлері Асанбай Асқаров, Серік Бүркітбаев, Бауыржан Мұхамеджанов, профессорлар Темірбек Қожакеев, Намазалы Омашев, әнші Бағдат Сәмединова және т.б. сияқты белгілі тұлғалар осы ауданның тумалары. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған Ермек Сауранбаев та осы жердің елеулі азаматтарының бірі. Өмір жолы – өсу жолы Ермек ағамыз «Сауранбай сопы» атанып, халқына қалтқысыз қызмет еткен ел ағасының отбасында 1935 жылы сегізінші перзент болып өмірге келген. Ата-анасы жасы ұлғайған шақтарында көрген ұлдарын қалған өмірлеріне алданыш болсын деп есімін де Ермек қойған екен. Алайда, құлдыраңдап, ерке болып өсіп келе жатқан ұл 5 жасында әкеден айырылады. Соғыс басталғанда әке орнында асқар таудай панасы болып жүрген Ойшы ағасы да майданға аттанып, 1943 жылдан хабарсыз кетеді. Өз үйі мен Ойшы ағасының шиеттей сәбилерінің бар ауыртпалығы шешесі мен жеңгесінің, сосын белі бекімеген Ермектің басына түседі. Алғаш мектеп есігін ашып, латын әрпімен хат таныған Ермекті Абаш есімді мұғалім оқытады. Ол кездегі балаларға мұғалім деген қасиетті ұғым. Үйде де, түзде де мұғалімнің алдын кесуші болма, иіліп сәлем бер деген тәрбие халықтың білім иесін және бойындағы білімін балалардың басына сіңіріп, еңбек етіп жүрген ұстазға деген құрметін білдірсе керек. Ол кезде мұғалім жетпе­гендіктен екі, кейде тіпті, үш сы­ныпты бір адам қосып оқыта береді. Осындай жағдайда бі­лімде қайдан сапа болсын? Алай­да, балалардың білімге деген құштарлығы бәрін жеңетін. Біл­сем, танысам, үйренсем деген құлшыныс оқу мен шаруаны қатар алып, қажып жүргендеріне қарамай, балалардың бәрін білім шыңына жетелейтін. Ермек те ауы­лынан үш шақырым қашықтағы Сұратқа білім үшін күнде жаяу барудан жалықпайды. Осылай өсіп келе жатқан жас­өспірімге аяқ астынан жау табылып, жақсы атаның баласы, жақсы ағаның інісі болғанын күндейтіндер де шығыпты. Ертең өссе орнымызды тартып алады деген кеңшардың бір әумесер бастығы араққа тойып алып, 8-9 жастағы баланы өлтіріп те қоя жаздайды. Әйтеуір, ағайындардың ара түсуімен көрер жарығы бар бала әупіріммен аман қалады. Ал қастандықты жасамақ болған пар­торг пен бас бухгалтердің әр­қайсысы бес жылдан сотталып кетеді. Жалпы, Ермек ағамыз тұзы жеңіл адам секілді. Ол соғыс кезінде НКВД қызметкерінің алдауына түсіп, соғыстан қашып, тығылып жүрген көршісін көрсетіп, «қызыл пионер» атанғаны да бар. Көршінің, ағайынның қарғысы ғана емес, туған шешесі қол-аяғын байлап астырып қойып, астынан от қойып өртеп жібере де жаздайды. Алайда, шындықты айтқаныма кінәлі емеспін деп ойлаған бала да райынан қайтпай, «ендігәрі олай істемеймін» деген бір сөзді аузына алмай тұрып алады. Осы жазадан баланы қашқынның туыстарының өздері құтқарады. Кейін шешесінің: «Ермекжан, сенің өмірің қиын болады. Осы қайтпас қайсарлығың үшін сен әлі таяқ жейсің. Шын­дықты жақтаймын деп талай арандайсың»,  деп айтқан сөздерінің айдай анық келетіні де бар... Меркінің интернатын жақсы бітірген жас 1953 жылы Алматыға барып, Ауыл шаруашылығы инс­титутының агрономия фа­культетіне түседі. Жасынан белсенді әрі жақсы оқитын өрен мұнда бірден көзге түсіп, қоғамдық жұмыстарға тартылады. Болашақта өсетін, үлкен қызметке қол жеткізетін мансаптың баспалдағы осы «қоғамдық жұмыстардан» қаланатыны белгілі. Ондайға белсенді болған жас адамдармен тез тіл табысуға, қиыннан қиыстырып жол табуға ерте кезден үйрене бастайды. Ұстамдылық, өткірлік, тапқырлық, шешендік сияқты қасиеттердің де алғашқы ұшқындары осы жерде қаланады. Ермек Сауранбаев та жастықты жалындап өткізіп, жасамыстыққа жаңылмай жеткізетін осы істерден тыс қалмайды. Екінші курстан бастап-ақ ол жыл сайынғы қа­былдау комиссиясының мүшесі болады. Факультет комсомол комитетінің де бюро мүшелігіне осы кезден үзіліссіз сайланады. 1958 жылы Ауыл шаруа­шы­лығы институтын жақсы бі­тірген маман Меркі ауданындағы «Красный Восток» кеңшарында еңбек жолын бастайды. Бұл атақты Николай Косенконың кеңшары болатын. Кеңшар төрағасының өзі 1948 жылы 8 гектар жерден 800 центнер қант қызылшасын жинағаны үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған атақты адам еді. Жас агроном осы атақты кеңшарда мамандықтың сан алуан қырларын игеруді бастайды. Халықпен де жеңіл тіл табысатын, шаруашылықтың да қыр-сырын үйренуге ықыласты жас агрономды кеңшар басшылығы да ұнатып қалады. Алайда, бұл кеңшарда ұзақ отырғызбай аудан басшылығы жас маманды «Қазақстан» кеңшарына бас агроном етіп ауыстырады. «Жас келсе – іске» демекші, жалындаған жас агроном мұнда келген беттен көзге түсіп, биік табыстарға қол жеткізеді. Жастардың жалынды күшін өндіріске ұйыстыра білген ол қызылшаның әр гектарынан 450 центнерден өнім алып, айды аспанға бір-ақ шығарады. Сол жылы екі озат бригадир және парторг – төртеуі Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (ХШЖК) баруға қол жеткізеді. Ерен еңбектің есесіне ХШЖК-ның алтын медалін төсіне жарқыратып оралған жас жігіт бұрыннан ұнатып жүрген кітапханашы қыз Тұрсынкүлмен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Бұдан кейін Ермек Сау­ранбаев «ХХІІ партсъезд» атын­дағы кеңшарда бас агроном қызметін атқарады. Ал 1964 жылы обком оны Жамбыл облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қармасының техникалық дақылдар жөніндегі бас агрономы қызметіне көтереді. Қазіргі адамдар, әсіресе, жас­тар біле бермейді, ол кездегі өсетін жас партиялық қызметке көбірек ұмтылатын. Өйткені, бұл жер жоғарырақ өсуге берік баспалдақ болып есептелетін және жоғары орынның біріне ұсына қалса партиялық қызметтегі стажы қанша екен деген сұрақ та алдан жиі шығатын. Сондықтан да өз мамандығы бойынша қызметін ойдағыдай атқарып жүрген Ерекеңді обком қызметке шақырғанда ол келісіп, партия қызметіне ауысып кетеді. Сөйтіп, оның 1965 жылдан 22 жылға созылып, 1987 жылы аяқталған партиялық қызметі бас­талады. Алдымен ол Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, одан Мойынқұм аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады. Осы жерден Ерекеңе үлкен мүмкіншілік туып, Қазақстан КП Орталық Ко­митетінің ауыл шаруашылығы бөліміне нұсқаушы болып Ал­матыға ауыстырылады. Бұл қызметтің беделі тура­лы да айта кетейік. Ол кезде барлық билік партияның қолында, қай салада басшылық қызмет етсең де партияның алдында есебіңді түгел ұстамасаң орныңнан оп-оңай ауып түсесің. Орталық комитет қызметкерінің әлеуметтік жабдықталуы да басқалармен салыстырғанда айрықша болады. Сонымен бірге, осы жерде көзге түскен адамға кез келген шаруа­шылық саласы бастығының, соның ішінде тіпті, министр орынтағы сияқты қызметтер де ұсынылып жатады. Ермек Сауранбаевқа да бұрынғы Цели­ноград обкомының, одан Орал обкомының екінші хатшысы сияқты лауазымды қыз­меттер ұсынылады. Алайда, бала­ларының оқуын, жетік білім алуын көздеген әке Алматыдан кеткісі келмей, түрлі себептер­мен ешқайда бармайды. Тіпті, Алматының іргесіндегі Талдықорған облысын­дағы Киров ауданының бірінші хатшысы қызметінен де бас тартады. Әрине, тізеге салса партия өзінің дегенін орындатады ғой, бірақ Ерекеңе кеңшілік бергеніне қарағанда оның жеке басының жұғымдылығы, жоғары жақпен ортақ тіл табыса білетін мәмілегерлігі мұндайда өзінің пайдасын тигізгені сөзсіз. Ақыры... 1983 жылы 48 жас­тағы қызметкерін Орталық комитет өзінің туған ауданы Мер­кеге бірінші хатшы болып баруға көндіреді. Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі қа­былдап, оған ауданға барар алдында құнды кеңестерін айтады. «...Ермек қарағым, Меркеге сені жұмсап отырған себебім... – деп бастап, Димекең Меркенің барлық жай-жапсарын түгел айтып берді. Менің Меркені білемін деп жүргенім жай сөз екен. Димекең байыппен сөз бастап, партиялық басқару ісіне, экономикасына, ел мен жер жағдайына тоқталып, тереңнен тарта әңгіме өрбіткен кезінде таңғалдым», деп еске алады Ерекең кейіннен журналист Талаптан Ахметжанға берген сұхбатында («Ақиқат жолы», Алматы, 2003, 134-б.). Туған жерге туың тік Орталық комитеттің білдей қызметкерін Алматының өзінен тура жіберіп отырғанына қа­ра­ғанда, ол кездегі Мерке ауд­а­­нының жағдайы мәз бол­ма­ғаны көрініп тұр. Оның үстіне шаруашылықты да жақсы білетін, партиялық қызметтің де ұңғыл-шұңғылын айырған Ермек Сауранбаевтай пісіп-жетілген басшыны жіберудің өзі де көп нәрсені аңғартады. Бұл кезде ауданның экономикасы тұралап, мемлекет алдындағы несиелік қарызы 32 млн. сомды құрайтын. Ол кездің «сомы» – салмақты валюта. Сондықтан мына қарыздың өте үлкен екені көрініп тұр. Кеңшар жұмысшылары бірнеше ай бойы еңбекақыларын да алмаған. Жұмысқа деген ын­та-ықыластары да азайған. Осының бәрі еңбек тәртібінің ақ­сауына соққан, ал ол өз кезегінде қыл­мыстың үдеуіне құрық берген... Міне, маңдайына осындай сыбаға бұйырған Ермек Сауранбаев туған жерін түлетуге қатты кірісіп кетеді. Үйінің төбесінен су тамшылап тұратын қойшыға «малды неге дұрыс қарамайсың», деп қалай ұрса аласың? Сондықтан ең бірінші жұмысты алыстағы қыстақтардағы малшылардың әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайын жақсартудан бастадық, деп еске алады Ере­кең­нің өзі. Мойынқұмның шек­сіз саваннасын кесіп отырып, алыстағы қыстақтарға жеткізетін жолдар сол кезде салынады. Төбесінен су өтпейтін, қыста жы­лы, жазда жайлы үйлер салу да сол кезде қолға алынған. Малшы қауымның әлеуметтік, рухани қажеттілігін өтеу үшін автоклубтар, көркемөнерпаздар үйірмелері оларға жиі қатынайтын болады. «Мерейлі Мерке» атты кітапта сол кез туралы: «Е.Сауранбаев аудан өміріне бірсыпыра жаңалықтар енгізді. Бұрын апталап жете алмайтын Сарыобаға екі-ақ күнде жеткізетін жол салғызды. Сусамыр жайлауына малды машинаға тиеп, қырғыз жерін айналып, Түйеасу арқылы асатын ұзақ та ауыр жолды бес есе қысқартып, Мерке өзенін бойлап, Қасқасу асуынан асатын екінші жолды пайдалануға бергізді. Ново-Воскресеновкадағы СПТУ-ды аудан орталығына көшірді. Енді жастар алысқа ұзамай, үйлерінің қасынан оқуға мүмкіндік алды...» деп жазылған («Мерейлі Мерке», Ал­маты, «Қазақпарат», 2001 жыл, 313-б.). Аудан орталығында 175 орын­дық жаңа типті аурухана салынады. Жоспардан тыс мектеп, балабақша бой көтереді. Қант зауытының санаторий-сауықжайы, «Мерке» демалыс үйінің жаңа корпусы қаланады. «Победа», «Жамбыл» кеңшарларында жаңа мәдениет үйлері пайдалануға беріледі. Аудан экономикасы да оңалып, жоспарлар орындала бас­тайды. Күні бүгінге дейін қызмет істеп, аудан халқының алғысына бөленіп тұрған тарихи-өлкетану мұражайы да сол кезде ашылады. Аудан басшысының көп жұ­мыс атқарып, елдің алдында беделінің өсіп, мерейінің тасып бара жатқаны «өгіз өлмесін, арба сынбасынды» місе тұтып, тыныш қана отырып, тыңғылықты дем алуды ғана ойлайтын көптеген жоғарғы басшыларға жаққан жоқ. Оның үстіне қолынан іс келмейтін қоластындағы басшыларды шығарып жатқаны да өздері қол ұшын созып, ағайыншылық, ауылдастық жолымен қолтығынан демеп, қонжита салған кадрлары болғандықтан бірінші хатшыға қоржиып жүреді. Орталық Коми­теттің өзі қолдап отырған адам болғандықтан ғана оған тістерін батыра алмай, іштен тынады. Бірде, өктемсуі шектен шы­ғып, жазықсыз жандарға қол жұмсауға дейін барған аудандық ішкі істер бөлімінің бастығын қыз­меттен қууға тура келеді. Оның үстіне қылмыстық топтардан тәркіленген бәлен тонна есірткі мен басқа заттарды сатып жіберіп, сыбайластық жолмен ақша тауып жүретіні де белгілі болады. Сөйтсе, оның тіректері, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстары, қолдаушылары бірінші хатшының құлағына маза бермей Жамбыл мен Шымкент түгіл бір шеті Алматы мен Мәскеуден телефон шалып, орнынан қозғамауды өтінеді. Алайда, тамырын тереңге жіберген жемқорды Ерекең қатаң сөгіс бергізіп, орнынан алдырады. Бұл кезде елде Горбачевтің «жариялылық» кезеңі бел ала бас­таған болатын. Соны пай­даланған әлгіндейлер жазықсыз қудаланған болып, жоғарыға қарай арыз-шағымдарды қаптатып береді. Алдымен бірінші хатшыны 178 шаршы метрлік үй салдырып түсті деп жазғырады. Оның коммуналдық төлемін тө­лемеді деп өзеурейді екінші жақтан. Сөйтсе, бұл үй 1971 жылы салынған екен, онда бұрын бір емес, екі ауатком төрағаларының отбасылары тұрып кетіпті. Ал коммуналдық төлемнен Ере­кеңнің отбасы әйелі мұғалім бол­ғандықтан заң бойынша босатылатын көрінеді. Арызқойлар мұны «байқамай» қалыпты. Алматыдан ауданға ауысқанда төрт бөлмелік пәтерін тапсырмай, атында қалдырды дейді тағы бір айып. Бұл да Е.Сауранбаевтың бес баласының ержетіп, балиғатқа толғандары Алматыда қалғанын білсе де, оны қасақана білмеген болған жандардың жаласы. Үйдің ордеріне олардың да есімдері жазылған. Ендеше, әке-шешесі ауылға көшкенімен заң бойынша үй баласының атында қала беруіне рұқсат етіледі екен. Көп адамдарды қызметтен алды, бір қызметтерге таныстарын қойды, Алматыдан ауданның бас дәрігерлігіне адам шақырды, бас сәулетшілік орынды да астанадан алдырған маманға берді деген сияқты айыптаулар бүгінгі көзбен қарағанда, адамның бел­сенді жұмыс істеп, ауданның әл-қуатын арттыру жолында аянбай тер төгіп жүргенін паш етіп тұр. Енді ше, аудандық ауру­ханаға білікті дәрігер алдырса, архитектуралық қызметке астанадан маман шақыра алса, бұл басшының айыбы емес, керісінше іскерлігін көрсетпей ме? Алайда, соның бәрі кезінде Сауранбаевты жазғырудың фактілері болған. Тіпті, сол уақытта қылмыс жасаған директор, кеңшар төрағасы, бас маман, т.б. болса олардың бәрі үшін Сауранбаевты айыптаған. Әрине, бұл уақытта Д.Қонаевтың басына бұлт үйіріле бастаған шақ болатын. Сондықтан «оның адамдарын» жер-жерлерде қудалау, оларды жазғыру материалдарын жинау алдын ала жоспарланған акцияға ұқсайды. Бұл іс және КГБ-ға жүктелген болуы керек. Толып жатқан тексерістер осыған сая­ды. Ол тіпті, Колбинге дейін-ақ, 1986 жылдың басынан басталған секілді. Меркі аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі В.Пономаренко былай деп жазады: «... с января 1986 года проверяющие изменили свои методы проверок. Теперь их метод проверок стал запугивание людей, они считали все методы хороши, чтобы получить тот ответ, который им нужен. Так, зам. зав. орготдела обкома партии несколько раз приглашал меня в обком партии и ставил один и тот же вопрос, чтобы я нашла любой компромат против первого секретаря Меркенского райкома партии Сауранбаева Е. Это предлагалось не только мне. И однажды в от­чаянии он сказал мне: «Ну, хоть что-нибудь найди против Сауранбаева». Өзінің қолымен жазып берген түсініктемесінде осы В.По­номаренко айтқандарына көн­беген соң «Казахстанская правда» газетіне шыққан сыни ма­қаланы сылтау қылып, өзін 1986 жылдың шілдесінде жұмыстан жазықсыз шығарып жібергенін айтады. Алайда, екі апта өткенде бір таныстары оны астыртын Алматыға шақырып, ОК (болмаса МҚК) қызметкері дейтін біреумен кездестіреді. Өзінің мәсе­лесін айтып, жұмыстан әді­летсіз қуылғанына шағынамын ба десе ол мұны керек те қылмай, Сау­ранбаевтың шаруашылық басшыларынан 10 мың сомнан ақша жинайтынын білемін деп жазып бер деп азғырады. Бірақ оның азғыруына Пономаренко ермейді. Міне, осы мысалдан-ақ «Қо­наевтың кадрларына» қарсы акция­лар алдын ала ойластырылғаны көрініп тұр. Содан 1986 жылдың жел­тоқсаны жетіп, Қонаевтың орнына Колбин қонжиды. «Желтоқсан оқиғасы» болып, енді Қонаевтың жақтастарын бұрынғыдай астыртын емес, ашық қудалау бастал­ды. Осы кезде коммунистік идео­логияға қалтқысыз сенген басы Ермек Сауранбаев Колбинге кіріп, өзінің жазықсыз қуғындалып жүргенін айтып, шағынады ғой. Мұның шағымын шын жүректен тыңдап отырғансып, арасында кеңкілдеп күліп те қойып отырған Колбиннің аярлығын Ерекең ұқпайды. Облыс басшыларының барлық заңсыз қылықтарын айтқызып және жазғызып алған Колбин оны... басқа емес, сол басшылардың өзіне «тексеруге» жібереді. Бұл сұмның тексер деген емес, міне, сендердің жауларың, құртыңдар деген белгісі еді. Сөйтіп, кадрларды бір-бірімен айқастырып қойып, өзі қолын жылытуды көздеген екен. Сол-сол-ақ екен, қолындағы билігінің барлық қаһарын обком бұған төгіп, өз бюросының шешімімен орнынан алады. Алайда, шешімді ауком мүше­ле­рінің пленумына бекітуге апарса 40 шақты адам қарсы болып, Ерекеңді орнынан алуға қарсылық білдіреді. Бұл партия деген «жер тәңірісінің» жарғысына жат қылық еді. Онда жоғары не айтса да, төмен соны қолдау керек болатын. «Демократиялық орта­лықтандыру» деген ойдан шығарылған, қисынсыз ертегінің тала­бы сол болатын. Содан жалғыз Ере­кең емес, қарсы болған 40 кісіні де обком мен МҚК қоса қудалайды ғой... Осы оқиғаның бәрі «Ақиқат жолы» кітабында толық жазылған. Е.Сауранбаев та өзінің әділетсіз жазаланғанын айтып Алматы түгіл Мәскеуге бірнеше рет барады. Жалпы, оның ісі Қазақстан КП ОК парткомиссиясында 4 рет, бюросында 2 рет, пленумында 1 рет, Мәскеуде 5 рет қаралыпты. Осы­ның бәріне шыдас берген қан­дай жүйке, төзе білген қандай жүрек екенін салмақтауды оқырманның өз еншісіне қалдырдық. Ақыры, Мәскеу оған партбилетін қайта­рады, бірақ кешірім сұрауға жара­мадыңдар деп Ерекең оны өзі ал­майды. Алайда, оның мықты жүрегі 2003 жылы 68 жасында тоқта­ғандығының бір себебі осы шығар-ау. Міне, адалдығы мен іскерлігі үшін жапа шеккен бір тағдыр осындай. Қазір Ерекеңнің есімі туған жерінде құрметпен еске алынады, Мерке ауылының бір көшесі де оның атында. Демек, оның туған жерге тіккен туы жығылмай, асқақтап тұр. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».