18 Маусым, 2015

Сабақтастық

665 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Снимок Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Қарабұта ауылында 2008 жылы мешіт бой көтерді. Мешіт болғанда қандай! Атты кісі түсіп, жаяу кісі жатып қарайтындай тамаша салынған. Бізді де, өзгені де тәнті қылғаны – алыс бір түкпірдегі ауыл мешітінің іші-сырты сәулет өнерінің шығыстық үлгісімен өрнектелгендігі. Қа­быр­ғасы Қаш­қарияда өндірілетін қыш тектес сарғылт кірпіштермен қаланғандығы ғибадат орнының сырт-сипатына айрықша өң берген. Бұл кірпіштің ерекшелігі – қанша жыл тұрса да жауын-шашын, аяз, желге мұртын бұзбайтын, қайта беки түсетін мықтылығымен мәлім. Мешіт, медресе секілді тағылымдық орындардың көрі­нісін анағұрлым арттырып тұра­тындығы тағы бар. Сол Қарабұта ауылының қақ ортасында күмбезін көкке сүйгізіп, маңдайын құбылаға идіріп бой көтерген мешітті Үржар, Мақаншы өңірінің көнекөздері мен жергілікті жұрты бірауыздан Иса қажы есімімен атады. ҚМДБ Семей филиалынан келген дін өкілдерінің де алып-қосары болған жоқ. Солай болатын да жөні бар екен. Сол үшін мешітті салушы мен атауын иеленуші арасындағы рухани байланысты, әрқайсысының өз заманында атқарған өнегелі істеріне қарай қысқаша шолу жасауға тура келеді. Иса қажы 1874-1947 жылдары шекара сыртындағы Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауда­нының Жиек ауылында өмір сүрген. 18 жасында әкесі Сона­баймен Мекке-Мәдинаға жол тартқан. Меккеден қайтар шақта Сонабай көз жұмып, сонда жерленген. Әкесінің жылын тосып қайтпақ болған Иса тағы да әлдеқандай себептермен сол жақта бірнеше жыл бөгеліп, еліне 25 жас мөлшерінде оралыпы. Содан кейінгі бүкіл ғұмырын айналасына ағартушылық шуағын шашуға арнаған. Дауға салса шешен, ақыл­ға салса терең, топқа салса берен ба­тылдығымен, парасат­тылығымен Исаның ел құрметіне ерте бө­лен­гендігін растайтын тарихи деректер аз емес. Жоғарыда аталған Жиек ауылында 1926 жылдары салдырған мешіт-медресесі күні бүгінге дейін қызмет етіп тұруы ол адамның ортасына сіңірген еңбегінің ерекше көрінісі. Сол медресе кезінде төңірегіндегі төрт болыс елдің балаларына дәріс беріп, қаншама қарадомалақты қанаттандырған. Әлі күнге дейін сақталып келе жатқан Иса қажының сол мешітін тарихи ескерткіштер қатарына жат­қызуға болатындай. Арғы беттегі ол мешіт қазірде сон­дағы мұсылман бауырларға қызмет жасап, Құдайға құлшылық ету­шілердің игілігіне қызмет етіп тұр. Бұл бір десек, Иса қажының елге сіңірген еңбегінің келесісі – малдыдан гөрі жарлыны жақтап, аш-арықты тойындыруға белсе­не атсалысқандығы. Бір ғана мысал, 1930-1932 жылдарда Қа­зақ­стандағы ашаршылықтан ауып барған қауымның тынығып, әл жинап алуына арнайы орын әзірлеп, қазан көтерткен. Тіпті, кей жылдары 50 отбасын бір қыс бойы өз есебінен асырап шыққан. Қажыдан қайырым көрген адам­дардың ұр­пақтары Мақаншы өңірінде тұрып жатыр. Тағы бір тарихи дерек – Зият Шәкәрімұлының арғы бетке өткен бетте атбасын Иса қажы ауылы­на тірегендігі. Шәкәрім мен Иса қажы бірін-бірі көрген деген әзірге ешқандай дерек кездеспесе де, ел ішіндегі әңгімеге қарағанда, бір-бірін сырттай білген сияқты. Ал Зият Исаның Ғани есімді өзімен жас­ты ұлымен жақын араласып, қажы қолында тоғыз айдай тұрақтаған. Зият Иса қажының: «Отау көтеріп, басыңды құрасаң, көмекке әзірмін», деген ұсынысына алғысын айтып, жаз шыға ішкері Үрімші жаққа оқуға кеткен. Жарлының жоғын жоқтаған, сөзіне жұрты тоқтаған, ел ертеңін ерте бастан ойлай білген Иса қажының тындырған істері мен қалдырған іздері туралы көптеген мысалдар келтіруге болады. Ол өмірден өткелі арада қаншама кезең ауысып, тарихи өзгерістер орын алса да, оның есімі ел есінен шыққан жоқ, қайта ол жасаған сауабы мол қарекеттер халқының жадында жаңғырып отырды. «Жақ­сының аты қалады» деген осы. Иса қажының ағартушылық жолына түбегейлі кіріскендігінің бір белгісі – оның өз өңіріндегі малдылардың Меккеге көптеп баруына себепкер болуы. Исаның ұстанымы – қойы мыңнан асқан ағайынға: «Мыңның жартысы – қажылық сапарыңа, жартысы – өзің оралғанша отбасыңның күн­­көрісіне. Меккеге барып мұ­сыл­мандық парызыңды өтеуді ұмытпа», – деп отырады екен. Нәти­жесінде, бір өзі ғана сол кезеңде 37 адамның қажылыққа барып-қайтуына мұрын­дық болыпты. Міне, өз заманында осы және өзге де өнегелі із қалған Иса қажы Сонабайұлының есімі араға 60 жыл салып жаңаша жаңғырып, шапағаты халыққа тиіп жатса жөн білетін жұрт қалай қуанбасын. Сол кездегі Қарабұта ауылының әкімі Амангелді Сәдуақасұлы мешіт саламыз деушілерге рухани дем беріп, тиісті мекемелерден қажетті құжаттарды өзі жинап, игілікті істің сәтімен жүзеге асуына белсене атсалысты. Қажы есімі аталған сәтте-ақ жергілікті халық құрылыстың кедергісіз жалғасуына қолдан келетін кө­мекті аямайтындығын жеткізді. Солай болды да. Әр нәрсенің себеп-салдары болатыны секілді, осы орайда, қажы есімінің халыққа қайта оралуы мен ауылға мешіт салынуына түрткі болған не нәрсе деген заңды сауал туындайды. Түрткі болған дүние – қажы есімінің халық жадында берік сақталуы, елдің оның болмысына деген ықыласы секілді. Тарихи тұлға туралы жұрт арасындағы жылы лебіздер, көзін көріп тағылымын естіген ақсақалдардың әзиз әң­гімелері, әулетте сақталған ғиб­ратты сөздер ұрпақ бойына үлкен бір жауапкершілікті сіңіре түскен. Осы жауапкершілік Иса қажы ұрпағының үшінші буынын нартәуекелге бел байлатқан. Үшінші буынның басын біріктіріп, айналасын мешіт құрылысына жұмылдыра білген азаматтың есімі Серікхан Аязұлы Исаев. Оның еңбегіне мән бере сөйлеуіміздің себебі мынада. Ол әкесі Аяз қырыққа жетпей, атасы Ғани отызға толмай қайтыс болған, уақыт көшінен талай қиындық көрген шаңырақтың өкілі. Тегінде бар тек қалмас дегендей, орнында бар оңалды, қисайған ту қайта тіктелді. Бастауын бабадан алған ұлағаттың алтын өзегін сақтай білудегі аналар рөлі жеке әңгімеге жүк болардай. Алайда, туған жеріне көрнекті мешіт тарту етіп, ауылға қажет басқа да елеулі істерге бірден-бір күш шығарып жүрген Серікхан осы шаруаларды «мен тындырдым» деп жеке еншілеуден аулақ. «Мен істедім дегенше, ел істеді десейші», деп өзін өзгелерден бөлектегісі келмейтін қағиданы ұстанғанды жөн санайды. Біз де бұл ұстанымды қуаттайтындардың қатарынан болсақ та азаматтың азаматтығын айтатын сәтте іркіліп қалуды құп көрмедік. Секеңнің ер жасы елуге келіп жатқанын естігенде ол тындырған біраз дүниелер еске оралды. Өзіміз білетін соңғы оншақты жыл ішінде туған ауылына перзенттік парыз тұрғысынан қол ұшын созып келеді. Мектепке толық құрамды оркестр аспаптарын әперіп, оқу құралдарын жіберіп тұрды. 2012 жылы ауылдағы жаңа саябаққа жеткіншектерді патриоттыққа үндейтін «Ана мен бала», «Кітап», «Ерлікке тағзым» деп аталатын тағылымды сөздер жазылған мүсінтастар орнатты. Ауылда ат спортының дамуына да қолқабыс тигізіп жүр. Ақсауыт өңіріндегі Көкжыра, Жәнтікей ауылдары көктемгі қарғын судан зардап шегіп жатқанда бір КамАЗ ұн жөнелткенінен де хабардармыз. Барын басқамен бөлісуді бойына сіңірген Серікхан руханият және спорт саласындағы үлкенді-кішілі шараларға да мүмкіндігінше демеушілік жасап, жүлделердің бірін көтеріп алып жатады. Спортқа, оның ішінде қазақ күресіне бүйрегі бұрып тұратындығы өзі де бозбала кезең мен студенттік шақта бозкілемде сан мәрте тер төгіп, талай қарсыластың жаурынын жер иіскеткен. Ол – Еркін күрестен спорт шебері. Осындай қамқорлық, жомарт­тық әрекеттеріне қарап жақын біле бермейтін адам оны бір дөкей қызметте отырған басшы немесе тасы өрге домалап тұрған бизнесмен екен деп қалуы мүмкін. Бірақ, біздің Секең екеуіне де жата қоймайды. Біреуден кейін, біреуден ілгері қалыпты дәулеті, Алматы қалалық әкімдігіне қа­рас­ты коммуналдық мекемеде басшыға қосшы боларлық қызметі бар азамат. Өзінің айтуына қарағанда, байлығының үлкені – ақкөңіл достары мен ақжарқын ағалары. Оның руханияттың жоғын түген­десуге, спорттың айбынын асы­руға қатысты еңбектері елеулі басылымдар мен телеарналар тілшілерінің назарына ілінбей келе жатқанымен мемлекет және ҚМДБ тарапынан лайықты бағаланыпты. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен наградталған Серік Аязұлы елі­міздің діни басқармасының арнау­лы төсбелгісі мен басқада мара­паттарының иегері. «Жақсы жар – ер дәулеті» деген халық нақы­лымен үндесетін зайыбы Гүлнар екеуі үш баланың ата-анасы. Алматыдан мың шақырымдай қашықтықтағы Қарабұтаға мешіт тұрғызу жекелеген адам үшін оңай шаруа емес екендігі белгілі. Мұндай шаруаның қандай төзімділікпен жүзеге асатындығы ауылдарына осындай тағылым шаңырағын тұрғызған Асанәлі Әшімов, Жүр­­сін Ерман сынды марқасқа тұлға­ларымыздың естеліктерінде барынша сипатталған. Біздің кейіп­­керіміз Серікханға да мың ша­қырымдық жол машақатын еңсеріп, табандылық танытуға тура келген. Жекелеген адамдардың осындай үлкен тәуекелдерге баруы кімді болмасын қызықтырмай қоймайды. Сұрастыра келгенде білгеніміз, Секеңнің бұл мақсатқа бет бұруының себебі тереңірек жатқандай көрінді. Ол 1993 жылы анасы Сараның қолқалауымен арғы бетте аталары мекендеген жерде болып қайтады. Шағантоғайдың Жиек ауылында күні бүгінге дейін мұрты бұзылмаған Иса қажының мешітін көріп, оған иелік жасап отырған ұйғыр имамдарымен тілдесіп, ауыл ақсақалдарымен әңгімелеседі. Қажы атасының халық үшін тындырған істерін жаңа қырынан танып, ол кісіге деген балалық махаббаты, перзенттік жауапкершілігі әдеттегіден аспандай түседі. Түрлі ойлардың құшағына тартқан осы сапардың әсерімен араға көп уақыт салмай Қажы зиратының басына көлемді құлпытас орнатып, Құран хатым түсіреді. Бірқатар естеліктер естіп, көптеген ой түйіп қайтқан Серікхан уақыт өте Иса қажы бабасының игілікті істерінің өзі өмір сүріп жатқан ортада да қанат жаюын қалайды. «Армандар орындалады» дегендей, тілеуі қабыл болып мешіт құрылысы сәтімен аяқталған. Осы орайда, мынандай бір сәйкестікке мән беруге болатындай. Иса қажы есімін иеленген екі мешіттің бірі ХХ ғасыр басында бой көтерсе, екінші мешіттің құрылысы ХХІ ғасыр басына дөп келіпті. Аталған екі дәуір басында да қоғам жаңа фор­мацияларды қабылдап, ұлт­тық мүддеміз бен рухани үрдіс­теріміз бірқатар кедергілерге ұшырады. Бір қоғамнан екінші қоғамға ауысып жатқан қауымды көлденең пиғылды ағымдар жан-жақтан жырымдауға әуес болатынына көзіміз жетіп отыр. Дәл осындай кезеңде әркімнің өз айналасының ауызбірлігін арттыруға, танымдылықты ке­ңейтіп, рухани байлығымыздың артуына мұрындық болып, сол арқылы мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығының нығая беруіне барынша үлес қосқанына не жетсін. Мұндай үлкен қажеттіліктің бір парасын өтеу жолында ауыл мешіттерінің де атқарар рөлі айтарлықтай. Өйткені, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті баяу жетілетін ортада руханият та жұтаң тарта бастайды. Түрлі өзгеріс әке­ліп жатқан заман екпінімен бірге ұлттық болмысқа ұрын тиіп жатқан түрлі ағымдар қырдағы қазақтардың да қақпасын қағып жатқаны жасырын емес. Ең бастысы, біріміз бас­таған игілікті істі екіншіміз са­бақтастырып, үшіншіміз терең­дете білсек ел іргесінің бүтін­дігіне өз тұрғымыздан атса­лысқандығымыз. Туған жер­леріне тағзым етіп, ауылдарына түрлі нысандар тұрғызып беріп жатқан азаматтарымыздың да ең әуелгі ниеті сол болса керек. Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ, журналист. СЕМЕЙ. Суретте: Қарабұта ауылындағы Иса қажы мешіті.