Аймақтар • Кеше

Күрделі жөндеуден кейін...

62 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда облыс орталығындағы М.Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы күрделі жөндеуден кейін есігін айқара ашты.

Күрделі жөндеуден кейін...

Көпшілік күткен қуаныш­ты сәт еді. Себебі кітапхана ғи­мараты пайдалануға берілгелі қырық жыл өтсе де, жөндеу көр­меген. Енді міне, ажарланып, толған айдай толықсып, жа­ңарған. Игілікті істің аясында Қазақстанның халық жазушы­сы Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Серілердің соң­ғысы» тақырыбында ғылы­ми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жаңарған ғимараттың қос қанатында Сә­кен Жүнісов пен жазушы-драматург, ақын Төлеген Қажыбаев атындағы мәжіліс залы мен музей кабинетінің лентасы қиылды.

– Ұлы Мағжанның қос қана­тында ойлы оқырман­нан оң баға­сын алған екі аға­мыз тұрса, жараспай ма? Бұл біздің өңірде бұрын-соңды болмаған жаңа­лық, – дейді кітапхана директоры, ақын Қуаныш Оспан.

Төлеген Қажыбаев атында­ғы музей-кабинет көзі қарақ­ты оқыр­манның көзайымына айналары сөзсіз. Кабинетке ақыннан қалған жәдігерлері, қы­руар қолжазбасы, тырнақалды туындысынан бастап, ең соңғы романына дейін қойылған екен. Жеке заттары, жылдар бойы жи­наған кітаптары, ордендері мен ме­дальдары, өзге де марапаттары, көзге соншалықты ыстық кө­рінетін фотосуреттер де бар.

«Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқан­дай, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деді құттықтау сөзінде жазушы-драматург Жабал Ерғалиев. Сәкен сері рухы тәуелсіз суреткер еді ғой. Елдің сөзін, мұңы мен зарын айтып кетті. Халқына қалтқы­сыз қызмет еткен қаламгерге қан­дай құрмет көрсетсек те лайықты.

Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жап-жарық, құры­лысшының қалағынан жаңа шық­қандай жарқыраған кітапханада танымдық іс-шара ұйымдастырылып, әдебиетке ынтық елге телегей теңіз рухани күш-қуат сыйлады.

 

Көкшетау