Шахта тынысымен таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та танысты. «Болашақта» еліміздің жаһандық ферроқорытпа нарығындағы жетекші орнын сақтап қалуға септеспек. Жаңа кен орны толыққанды автоматты жүйемен жарақтандырылып, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Кен өндіруге арналған бұрғылау бағдарламасы орнатылған, автоматты басқару режімінде жұмыс істейтін, жер бетінен қашықтан басқару мүмкіндігі бар жаңа, өнімділігі жоғары «ақылды» бұрғылау қондырғылары бүкіл тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Сонымен қатар машинистің басқаруын мүлде қажетсінбейтін, түгелдей автоматты бағдарламамен жүйеленген көтеру машиналары қаншама адамның еңбегін атқарады. Мұның бәрі қызметкерлер қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін арттырады.
ERG директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимовтің айтуынша, компания жұмысын бастағалы бергі 30 жылда отандық кәсіпорындар әрқашан басымдыққа ие болды және келешекте де осылай бола бермек.
«Бұл – біз мақтана алатын тарих. Бүгінде ERG – әлемдегі ең ірі феррохром өндірушілердің бірі. Өндірілетін кен, байытылған концентрат пен шекемтастар 100% көлемінде Ақтөбе және Ақсудағы зауыттарымыздың ферроқорытпа пештеріне жөнелтіледі. Біз ферроқорытпа бағытын дамыта береміз. Ал жаңа «Болашақ» шахтасының іске қосылуы ERG-ге өндіріс көлемін арттырып, әлемдік нарықтағы жетекші орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Жаңа «Болашақ» шахтасы – қара металл өндірудегі ең күрделі инженерлік жоба. Бұл әлемдік деңгейдегі геологиялық міндет және біз оны жүзеге асыра алдық», деді Ш.Ибрагимов.
Шахта «Миллионное» және «Алмаз-Жемчужина» кен орындарындағы хром кенін өндіреді. Мұндағы тау-кен массиві күрделі тау-кен геологиялық жағдайымен ерекшеленеді. Бұл жерде еліміздегі қара металл өндіретін ең терең шахта оқпаны орналасқан. Ол бір шақырымнан астам тереңдікте.
«Бұл – біршама шығын жұмсалған, сонымен бірге ауқымды айрықша жоба. Біз ферроқорытпа өндірісін арттырамыз. Өндіріске шикізат керек, сондықтан «Болашақ» шахтасының іске қосылуы стратегиялық тұрғыдан да, «Қазхромның» ферроқорытпа зауыттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тұрғысынан да ерекше маңызды. Тың жоба Хромтау үшін де, ел экономикасы үшін де аса пайдалы. Себебі жерастынан қазылып алған әрбір жаңа тонна шикізат жерүстіне шығарылғаннан кейін жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыс орны, олардың отбасының әл-ауқаты, еліміздің жаймашуақ өмірі бейнесінде халық игілігіне қызмет қылады. Шахта құрылысында әлемдегі жетекші компанияларды жұмысқа тарттық. Қазу жұмыстарын өте жедел атқаруға көмектескен алдыңғы қатарлы технологиялар елімізде тұңғыш рет қолданылғанын да айта кетуіміз керек», дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.
ERG-дің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріліп жатқан шахта тарихы тым әріден басталады. Виктор Тиль 1977 жылдың ақпанын жақсы біледі... Сол кезде Солтүстік Желдеткіш білігіндегі алғашқы қазықтар қағылған болатын. Сөйтіп, «Центральная» шахтасының құрылысы басталып, кейін оның атауы «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» деп ауыстырылды.
«Кеңес одағы ыдыраған кез өте ауыр тиді. Сондай өтпелі кезеңде бізге шахта керек пе деген сауал да туындады. Қуанышқа орай, шахта жабылған жоқ, 1999 жылы миллион тонна, 2001 жылы 2 миллион тонна алынды. Бес жылдан соң шахта өзінің жобалық қуатына жетті. Сол уақытта екінші кезектегі шахта құрылысы қатар жүргізіліп, ол бүгінде жеке цехқа айналып, «Болашақ» атауын иеленіп отыр», дейді қиын да қызық кезеңдердің куәгері Виктор Тиль.
«ERG Capital Projects» өкілі Сергей Сергиенко көтергіш машиналарды жеткізуші компанияның қол жетімді ресурстардың болмауын алға тартып, іске қосуды 2025 жылдың мамырына ауыстырмақшы болғанын да айтады.
«Біз ол кезде басқа компанияны көмекке шақырдық. Олар бағдарламалық қамтамасыз етуді басынан қайта жазып, орнатып, іске қосып берді. Сөйтіп, машина жобалық көрсеткіштерін орындай бастады. Қазір тұрақты, орнықты жұмыс істеп жатырмыз», дейді.
Жаңа шахтадағы алғашқы жұмысқа тәжірибелі ұңғылаушы Ерлан Битановтың бригадасы кірісті.
«Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтасында жұмыс істегеніме 20 жыл болды. Сондықтан салыстырмалы түрде айта алатыным бар. Мұнда үдерістердің механикаландыру деңгейі жоғары. Заманауи машиналармен жабдықталған – өздігінен жүретін техникалар бар. Осылайша, адамдардың жұмысы жеңілдейді. Яғни жұмысшылар техника операторының рөлін атқарады. Мұндай заманауи техниканың болуы жұмысшылардың кенжар алаңында жүру пайызын төмендетеді. Демек еңбек қауіпсіздігі артады деген сөз», дейді Ерлан Битанов.
«Болашақ» шахтасының құрылысы – ауқымды жоба. Компания өкілдерінің сөзінше, мұндай кең көлемдегі өндіріс орны кеңес заманынан бері салынбаған. Шахта құрылысы 20 жылға созылып, осы уақыт аралығында 23 мың метрден астам тік және көлденең тау-кен ұңғымалау жұмыстары жүргізілді. Құрылыс күрделі тау-кен-геологиялық жағдайда жүргізілгендіктен кез келген мердігер бәйгеге басын тігіп, тәуекелге бара алмас еді. Дегенмен түптің түбінде бәрі де сәтімен аяқталып, ауқымды шахта қолданысқа беріліп отыр.
Осынау алып кен орнының әлеуеті қандай деген сауалдың туындауы да заңды. Қазірге дейін белгілі болған деректер бойынша, шахтадағы қор көлемі 160 млн тонна хром рудасы бар. Мұнда 1 200 метрлік әлемдегі ең терең оқпан орналасқан. Алдағы 30 жыл көлемінде жалпы ұзындығы 360 шақырым болатын жалпы тау-кен жұмыстары жүргізіледі деп күтіледі.
Мамандардың айтуынша, шахтада жоғары өнімділікті, кен өндірудің селективтілігін, жоғары экономикалық көрсеткіштерді және төмен технологиялық тәуекелдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін үш негізгі игеру жүйесі қолданылады. Олар – кенді төменгі деңгейлі қазу әдісі, өздігінен жүретін жабдықты қолдану арқылы блокты қазу әдісі және өндірілген кеңістікті толтыру әдісі. Шахта атауын «Қазхром» компаниясының инстаграм аккаунтында жүргізілген байқау нәтижесінде, компания қызметкерлерінің өздері таңдаған.
«Мемлекет басшысы Жолдауда «өңірлердегі жаңа өсу нүктелерін дамыту маңызды» деді. Топ жұмыс істеп келе жатқан 30 жыл ішінде отандық кәсіпорындар ERG үшін әр кез басымдықта болды және бұл үрдіс жалғасын табады. Биыл ферроқорытпа өндірісі бойынша тарихи рекордтық көрсеткішке – 1,8 млн тоннадан астам межеге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Одан кейінгі міндет – 2 млн тоннадан астам ферроқорытпа деңгейін бағындыру», дейді Шухрат Ибрагимов.
2004-2018 жылдары «Қазхром» бас директоры қызметін атқарған Виктор Тильдің айтуынша, «Болашақты» отандық хром өнеркәсібінің басты жетістігі деп атауға толық негіз бар.
«Мен бұрын біздің рудамыз 100 жылға жетеді деп айтып жүрдім. Хромтауда жұмыс істейтін немере, шөберелеріміз де жұмыссыз қалмайды. Кеңес заманында қолмен атқарылатын жұмыс өте көп болды. Мұндай еңбектің үлесін азайтып, өздігінен жұмыс істейтін құрылғыларға қашан қол жетеді деп армандайтынбыз. Қазір шахтадағы жұмыс – барлаудан бастап негізгі жұмысқа дейін түгел цифрландырылған. Бұрын жобаны жүзеге асыру үшін апталап күтетін болсақ, қазір тиісті нәтижені бірнеше сағаттан кейін көруге мүмкіндік бар. Инженерлік дайындық тәсілі де мүлдем басқаша», дейді ол.
Мердігер компанияның тау-кен өндірісі жөніндегі жетекшісі Жак Бюкманның айтуынша, «Redpath» компаниясы бүкіл әлем бойынша жерасты нысандарын салумен айналысады. Оның сөзінше, Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтасы аса күрделі тау-кен геологиялық жағдайына байланысты ерекшеленеді. Мұнда түскен әрбір жұмысшы фантастикалық жұмыс атқарады дейді маман.
Бүгінде «Қазхром» ТҰК» АҚ еліміздің металлургия саласында стратегиялық рөл атқарады және 19 мың ел азаматын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Компания өндірілетін барлық кенді сырттан шикізат сатып алмай-ақ, толығымен өңдейді. Жер қойнауын барлаудан бастап, пайдалы қазбаларды өндіру және байыту, жоғарғы қосымша құнымен өнім шығаратын металлургиялық өндірістен тұратын тау-кен-металлургиялық кластерінің толық циклін қалыптастырған. Компания жылына 5,2 млн тонна хром кенін, 1,7 млн тонна ферроқорытпа өндіреді.