Палата спикері спектакль мен жазушының жалпы шығармашылығы отбасын сақтау, барды бағалау сияқты адамгершілік құндылықтарды дәріптейтінін атап өтті. Тәлімі мен тағылымы ешқашан ескірмейтін, сол арқылы әлі талай буынға өнеге беретін мұндай туындылар ұлттық әдебиеттің және мәдениеттің құнды қазынасы екені анық.
Айта кетейік, «Гауһартас» музыкалық драмасы – «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» аталымы бойынша «Үздік спектакль» атанған алғашқы қойылым. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Музыкалық жас көрермендер театрының директоры, білікті ұстаз Асхат Маемиров.
Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі 1967 жылы жазылған. Шығармада отбасылық құндылықтың маңызы және әйелді құрметтеу сияқты қазіргі кезде де өте өзекті саналатын тақырып қозғалады.
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Гауһартас» музыкалық драмасын сахналаған бір жыл он айдың ішінде халықтың көзайымына айналып, көрермен назарына 250 мәрте ұсынылып, Қазақстан мен Еуразияның театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Спектакльдің әр қойылымы аншлагпен өтіп, бүгінгі таңға дейін 100 мыңнан аса көрермен тамашалады.
Қойылым елордамыздан бөлек Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей, Жаңаөзен қалаларында, сонымен қатар Баянауыл, Ойыл, Сырым, Қаратөбе аудандарында көрсетілген еді. Бұған қоса Астана қаласының Мәскеудегі мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнерінің мектебі» театрында көрсетілді.