18 Маусым, 2015

Күміс күлкі көмкерген Кендірлі

438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
CIMG3587Жаңаөзен қаласынан 70 шақырым қашықтықтағы Кендірлі жері бүгінде жұртшылыққа жақсы таныс. Теңіз мүйісіндегі жағалауы адам шомылып, демалуға қолайлы өңір Маңғыстау облысында туризм саласын дамытуға қатысты таңдауға ие. Қазіргі таңда мұнда «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа қарасты демалыс үйлері мен «Ақбөбек» балалар демалыс орталығы орналасқан. Балалардың теңіз суына шомылып, ақ құмды жағалауда демалып сергуі үшін Кендірлі таптырмас орын. Осылай болғандықтан «Өзенмұнайгаз» АҚ жыл сайын мұнайшылар мен еншілес кәсіпорындар қызметкерлерінің балаларын «Ақбөбекте» демалтуды жолға қойған. Бірақ, балалар демалысын мәнді де мазмұнды өткізу оңай жұмыс емес, ол үшін жан-жақты да тиянақты бағдарлама, талантты да ізденімпаз тәлімгерлер, ұшқыр ұйымдастырушылық орта қажет. Сондықтан компания басшылығы өткен жылдан бастап «Ақбөбек» балалар дема­лыс орталығының жұмысына Көкше­дегі «Балдәурен» республикалық оқу-сауық­тыру орталығын тартты. Респуб­ликадағы бетке ұстар орталық, бірнеше жылдардан бері еліміздің мыңдаған өрен­дерін демалтуды жоғары деңгейде ұйым­дастырумен танылған «Балдәурен» өткен жылы «Ақбөбекте» алғаш рет жұмыс жүргізіп, сенім биігінен көріне білген еді. Биыл да балаларға базарлығы осал емес екен. «Жаз қашан басталар екен, балалардың демалысын ұйымдас­тыра­тын», деп жылдың қалған үш мезгілінде қарап жатпағаны көрініп тұр. Алдымен «Ақбөбек» демалыс орталығын күрделі жөндеуден өткізіпті, іші біраз жаңарып қалған. Ал орталық маңайына ретпен отырғызылған шыбықтар күні ертең-ақ зәулім талдарға айналып, орталық көркіне, балалардың саясына айналатыны аян. Қызылды-жасылды сахнаның сәні нағыз балалық балдәуреннің қайғысыз-қамсыз күндерін елестетеді. Балалар – болашағымыз десек, олар үшін жасалатын жұмыстарда ауызбірлік қажет-ақ, жөндеу жұмыстарын жүргізген «Балдәуренге» «Өзенмұнайгаз» АҚ техникалармен көмек бергенін естіп риза болдық. Биылғы жылғы жаңа маусым да салтанатты жағдайда ашылды. «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы бас директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бірлік Баржақсынов қатысып, балалар демалысына сәттілік тіледі. Биыл орталық жаз бойы балаларды алты ауысыммен қабылдамақ. Әр ауысымда 8-13 жас аралығындағы 200-ден астам бала демалса, жаз бойы 1300 баланы қамтимыз деп отыр балдәурендіктер. Балалармен бірге ойнап, оларды өнер мен ойындарға үйрететін 25 тәлімгер жұмысқа қабылданған. Тәлімгерлерді жұмысқа қабылдауда жергілікті, яғни Жаңаөзен қаласының жастарына басымдық берілген, қазір мұндағы тәлімгерлердің 90 пайызы – жаңаөзендіктер. – Биыл орталықта тәрбие жұмыстарын патриоттық, спорттық және зияткерлік бағытта жүргіземіз деп отырмыз, – дейді «Ақбөбек» балалар демалыс орталы­ғының директоры Жангелді Әмірғалиев. Өткен жылы «Балдәурен» басшылығы «Ақбөбектегі» балалармен жұмысты тек жаз мезгіліндегі демалыстармен шектемей, қыс мезгілінде де әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларымен жұмыс жүргізу, мүгедек балаларды оңалтуға арналған емдеу-сауықтыру жұмыстарымен жалғастыру жоспары бар екендігін айтқан болатын. Алайда, биыл қыс жөндеу жұмыстарына арналыпты. Балалардың демалысын ұйымдастыруға бел шеше кіріскен екі тарап – «Өзенмұнай­газ» АҚ пен республикалық «Балдәурен» оқу-сауық­тыру орталығы бұл жоспарды аяқсыз қалдырмайтынға ұқсайды. Кей­бір мәселелерге қатысты биыл жүзе­ге аспаған жоба алдағы күндердің енші­сінде, дейді олар. Мүгедек балаларын оңалту-сауық­тыру үшін еліміздің бір қиырын­дағы Көкшеге, Бурабайға артынып-тартынып жолға шықпай, ол мүмкін­дік­ке Каспийдің жағалауындағы Кен­дір­ліде қол жеткізсе, мүгедек баласы бар маңғыстаулықтар үшін де оңайға түсейін деп тұр. «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан сенім білдірілген республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы «Ақбөбекте» кезек­ті жазғы демалыстың алғашқы мауысымын бастап кетті. Кендірлі қазір балалардың жарқын үніне шомылып, күміс күлкісіне көмкеріліп тұр. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. Суретті түсірген автор.