Қоғам • 26 Желтоқсан, 2024

2024 жыл: Қазақстанда халық есінде қалар қандай оқиғалар болды

49 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2024 жыл еліміз үшін ерекше оқиғалармен есте қалды. Экологиялық мәдениетті дамыту, технологиялық серпілістер, экономикалық табыстар және құқықтық жүйедегі маңызды өзгерістер — осының бәрі Қазақстанның тұрақты дамуы мен болашағының жарқын бейнесін көрсетеді, деп жазады Egemen.kz.

2024 жыл: Қазақстанда халық есінде қалар қандай оқиғалар болды

«Таза Қазақстан» акциясы тұрақты жобаға айналды

2024 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Бастапқыда бұл шара 8 сәуір мен 13 мамыр аралығында өтеді деп жоспарланған болатын. Әр апта нақты тақырыптарға арналды: «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ». Алайда халықтың кең қолдауының арқасында акция ұзартылып, жыл бойы жалғасатын тұрақты жобаға айналды.

Акцияға 5,83 миллионнан астам азамат қатысып, 1,1 миллион тоннадан аса қоқыс жиналып, 1,6 миллион ағаш отырғызылды. Ұзақ мерзімді нәтижелерді қамтамасыз ету үшін 2024-2029 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілді.

«Таза Қазақстан» — бұл бір реттік шара емес, экологиялық жағдайды жақсартып, халықтың экологиялық санасын арттыруға арналған жүйелі жоба.

АЭС құрылысын жүргізуді халық қалады

6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы туралы референдум өтті. Нәтижесінде 71,12% азамат атом электр станциясын салу идеясын қолдады. Референдумға 7,82 миллион адам (63,66%) қатысты. Бұл шешім тек технологиялық прогресс пен энергетикалық қауіпсіздікке бағытталған қадам емес, сонымен қатар ел азаматтарының саяси өмірге белсенді қатысатынын көрсететін маңызды белгі.

Мемлекет басшысы АЭС құрылысын халықаралық консорциум арқылы жүзеге асыру идеясын қолдайтынын айтты. Бұл Қазақстан үшін қауіпсіз әрі заманауи шешімдерді қамтамасыз етеді. 

Рекордтық деңгейде астық жиналды

Елімізде ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жетістікке қол жеткізілді. Аграрлық сектор жұмыстарының нәтижесінде 2024 жылы орташа өнімділік 16,1 ц/га болып, жалпы 26,7 миллион тонна астық жиналды. Салыстырмалы түрде, 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га болған еді. Бұл рекорд аграрлық сектордың дамуындағы маңызды қадам екенін көрсетеді.

Уақыт белдеуі ауысты

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» 2024 жылғы 29 ақпаннан бастап 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) уақытты 1 сағатқа артқа ауыстыруды көздейтін өзгерістер енгізілді.

Осылайша, 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне ауысып, сағат тілі бір сағатқа артқа жылжыды.

Жылдың резонанс тудырған сот процесі

Жұрт арасында дүрбелең тудырып, әлем назарын өзіне қаратқан сот процестерінің бірі - Қуандық Бишімбаев ісі. Оның ашық онлайн форматта ұйымдастырылуы қоғам назарын аударып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдардың қабылдануына ықпал етті.

2024 жыл осылайша Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуындағы жаңа белестерді көрсетіп, ел тарихында маңызды жылдардың бірі ретінде есте қалды.

2024 жыл Қазақстан үшін экономикалық өсімнің, саяси тұрақтылықтың және мәдени жаңғырудың жылы болды. Елде жүзеге асырылған реформалар мен шаралар мемлекеттің дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы ретінде тарихта қалады. Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы елдің болашағын жарқын етуге септігін тигізіп отыр.