Қоғам • 28 Желтоқсан, 2024

Әлеуметтік саланың әлеуеті

235 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек. Кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», деп атап көрсетті. Қазірде халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған ауқымды реформалар, бапталған бағдарламалар кезең-кезеңімен, жүйелі жүзеге асырылып жатыр.

Әлеуметтік саланың әлеуеті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әлеуметтік сала денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй, жұмыспен қамту, мәдениет пен спорт сияқты көптеген аспек­ті­­ні қамтиды, экономика мен қоғамның ма­ңыз­­­ды бір бөлігі ретінде адамдардың күнде­­лік­ті өмі­ріне тікелей әсер етеді. Сол тұрғыда биыл да ел көлемінде көптеген іс-шара ат­қарылды, оның игілігін қа­лың бұқара көріп те отыр. Жыл табалды­ры­ғын­да тұ­рып, олардың бір парасын нақты дерек-дә­­йек­терге сүйене отырып санамалап өтсек.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 85 000 теңгеге көтеріл­ді. Өсім 350 мың бюджеттік қыз­меткер­ді қоса алғанда, шамамен 1 млн 800 мың азаматтың әл-ауқатына оң әсер етті. Биыл ЕТЖ мөлшерін анықтаудың жаңа әдістемесі бекі­тілді, соған сәйкес оның мөлшері ендігіде орта­ша жалақы мен еңбек өнімділігі негізінде есеп­­те­леді. Жалпы, кейінгі 5 жылда ЕТЖ екі есеге, 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін артты.

Елімізде шамамен 1,2 млн азаматтық қыз­метші бар. Үкімет қаржы-эко­номи­ка­лық мүмкіндіктерге сүйене отырып, олар­дың жалақы деңгейін арттыруға қа­тысты дәйекті шаралар қабылдап келе­ді. Азаматтық қызметшілердің 600 мың­ға жуық жекелеген санаттарының жа­лақы­сын кезең-кезеңімен арттыру жал­ғас­тырылды. 2024 жылы олардың жалақысы 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға өсті.

Зейнетақылардың жыл сайынғы өсуі шеңберінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 9%-ға, базалық зейнетақы 7%-ға көбейтілді. Елімізде бүгінде 2,4 млн-нан астам зейнеткер бар, оның 450 мыңнан астамы БЖЗҚ-дан жинақтаушы зейнетақы алады. 2024 жылға арналған республика­лық бюджетте зейнетақы төлемдеріне ­3 759,4 млрд теңге көзделген, бұл ІЖӨ-нің ­2,8%-ына тең.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жұмыспен қамтуға, әлеуметтік қорғауға жәрдемдесу шаралары жүйелі іске асырылып келеді, нәтижесінде табысы кедейлік шегінен төмен адамдар саны азая түсті. Отбасының цифрлық картасы арқылы 830 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. Әлеуметтік кодекс шеңберінде 2025 жылдан бас­тап кедейлік шегін айқындау тәртібі оң­тайландырылатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысында өткен 11 айда 800 мыңнан астам адам, оның ішінде 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 3,6 мыңы қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өтті, 16,8 мыңы «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 3,5 мыңы грант алды, 79 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарына, 122,9 мыңы бос жұмыс орындарына орналастырылды. Сондай-ақ 8,9 мың адам, оның ішінде мүгедек азаматтар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар да бар, бизнес-идеяларды іске асыруға грант алды.

Еңбек қатынастарына бақылауды күшейту, мемлекеттік бақылаудың жер­гілікті атқарушы органдардан тәуелсіз жүйесін құру мақсатында орта деңгейдегі билік орындарына тың, артықшы­лық­ты функциялар берілді. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті құрылды. Еңбек жанжалдарының тәуекелдері бар кәсіпорындарды ерте анықтау мақсатын­да экономиканың барлық секторы­ның 93 мың кәсіпорнын қамтитын ең­бек тәуекелдерінің цифрлық картасы жасалды. HR Enbek ақпараттық жүйе­сін­де «Кәсіподақ АЖО» – кәсіподақтарға арналған автоматтандырылған жұмыс орны модулі іске қосылды. Қазіргі уақытта ұжымдық шарттар толық дерлік цифр­ландырылды. Еліміздің 7,9 мың ірі және орта кәсіпорындары (98,2%) ұжымдық шарттар жасасу рәсімін оңтайландыру, ашықтыққа қатысты жұмыс жүргізді.

Биыл 1 шілдеден бастап интернет-платформаларда жұмыс істей­тін адамдардың қызметін ресімдеу, ең төменгі әлеуметтік кепілдікпен қамту мақсатында қолданыстағы бірқатар заңнамаға толықтыру, түзету енгізілді. Жеке кәсіпкерлердің әлеуметтік төлем ставкаларын 4%-ға дейін төмендету, сондай-ақ интернет-платформа операторларын салық агенттері деп тану есебінен e-salyqbusiness қосымшасы арқылы кәсіп ашу, іс жүргізу жағдайлары жеңілдетілді.

Өткен 1 қарашадағы жағдай бойынша әлеуметтік-еңбек саласында барлығы 24,4 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 22 миллионы, көрсетілген қызметтердің жалпы санының 90%-ы электрондық түрде, 2,4 миллионы, 10%-ы қағаз түрінде көрсетілген.

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвес­тициялық табысының 50%-ы 18 жасқа тол­ғанға дейін балалардың арнайы жинақтау шоттарына мерзімінен бұрын алу құқы­ғынсыз аударылып отыратын болды. Бұл ретте, 2024 жылы бағдарламаға қаты­сушылардың шоттарына 6 695,5 млн мөл­шерінде қаржы аударылды, оның ішінде 2024 жылы 18 жасқа толған қаты­сушыларға 30,6 млн төленді.

1 ақпаннан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша төлемдер басталды. Оны азаматтығы бар 18 жасқа дейінгі барлық балалар алады. Жыл басынан бері бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 3,4 млн АҚШ долларын құрайтын 33 546 өтініш қанағаттандырылды. Барлық сома өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 1,8 млн АҚШ доллары сомасына 17 991 өтініш, білім беру ақысын төлеуге 1,6 млн АҚШ доллары сомасына 15 555 өтініш орындалды.

2024 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын және атқарушылық іс жүргізуді реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң азаматтарды несиелендіру тәуекелде­рін, алаяқтық тәсілдермен қарыздар мен микрокредиттерді ресімдеу жағ­дайларын азайтуға, клиенттердің банктік шоттарынан ақшаны заңсыз алуға бағытталған, экономиканың нақты сек­торын ұзақ мерзімді өтімділікпен қол­дауды, банк секторын, жеке инвес­торларды экономиканы кредиттеуге тартуды, сондай-ақ қаржы секторы мен бәсекелестікті одан әрі дамытуды қам­тамасыз етеді.

Түптеп келгенде, әлеуметтік саланы дамыту – түрлі салалардағы мәселелер­ді шешу, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жолындағы мемлекеттік сая­саттың басты бағыттарының бірі. Сол тұрғыда нақты шаралар қабылдау, әлеу­мет­тік бағдарламаларды іске асыру, ин­фра­құрылымды дамыту, азаматтар­­дың әл-ауқатын арттыру бағытындағы кешен­ді жұмыстар үздіксіз жүргізіле беруі қа­жет. Сонда ғана елімізде әлеуметтік теңдік ­орнап, халықтың өмір сүру деңгейі көтеріліп, мемлекеттің жалпы дамуына оң әсер ететін болады. Осы орайда, Прези­дент айтқандай, «Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті» болып қала береді. 

Соңғы жаңалықтар