Құқық • 28 Желтоқсан, 2024

1 млрд теңге қайтарылды

23 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бизнеспен заңсыз айналысатын көлеңкелі бизнес иелерін ауыздықтау қиынға соғып тұр. Облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаменті (ЭТТД) басшысының орынбасары Самат Шарышевтың айтуынша, мұндай істер салық түсімін азайтып, заңды бизнестің бәсекеге қабілетін төмендетеді және әлеуметтік әділдікке қауіп төндіреді.

1 млрд теңге қайтарылды

Фото: ашық дереккөзден

Биыл департамент көлеңкелі бизнестің 40 жағдайын тіркеген. Соның басым бөлігі сотқа жеткізіліп, заңсыз іспен айналысушылар тиісті жазасын алған. Самат Шарышевтың сөзіне қарағанда, заңсыз алынған табыстың 1 млрд теңгесі өндіріліп, мемлекет бюджетіне аударылған. Соның ішінде  700 млн  теңгесі қолма-қол ақшамен қабыл­даныпты.

«Көлеңкелі экономиканың ең ауыр зар­да­бының бірі – салық түсімін төмендету. Бұл әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылымды қаржыландыруға кері әсерін тигізеді. Біз салық төлеуден жалтарудың 3 фактісін анықтадық, оның 2-еуі өндіріспен аяқталды және шамамен 500 млн теңге өтелді. Биыл заңсыз кәсіпкерлікті жүзеге асыру фактісі бойынша 4 іске сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Бұл – негізінен акцизделетін өнімнің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істер. Заңсыз айналымнан 136 мыңнан астам темекі қорабы мен 1 000 литрден астам суррогат алкоголь алынды», деді ЭТТД орынбасары.

Сондай-ақ облыста жеке тұлғалардың цифрлық актив айналымы бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан мемлекет кірісіне шамамен 400 млн теңге сомаға мүлік пен криптоактив тәркіленген.

«Мемлекет басшысы елдің экономи­калық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретін, халықтың әл-ауқатына теріс әсер ететін, қаржы институттарының жұмысына теріс көзқарас қалыптастыратын және кейін өткір әлеуметтік қақтығысқа әкеп соқтыратын қаржы пирамидаларын жою міндетін қойды. Біз оларды анықтау, жолын кесу және алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргіземіз», деді С.Шарышев.

Қаржы пирамидаларын құру факті­лері бойынша жыл сайын бірнеше қылмыстық іс тіркеледі. Осы жылы 3 қылмыстық іс тіркеліп, оның 2-еуі сотқа жіберілді. Мысалы, «Qnet» құрылымдық бөлімшелерінің заңсыз қызметіне 125 азамат тартылыпты, оларға 120 млн теңгеден астам шығын келтірілді, 20,5 млн теңгелік мүлікке тыйым салынды.

 

ПЕТРОПАВЛ 

Соңғы жаңалықтар