Экономика • Кеше

Мемлекеттерді байланыстыратын транзиттік дәліз

65 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміз Еуразия кеңістігінде басты көлік-логистикалық хабқа айналуға талпынып отыр. Оған негіз де жоқ емес. Ел аумағында 13 халықаралық дәліз жұмыс істейді (5 теміржол, 8 автомобиль жолы). Осы бағыттар арқылы былтыр 32 млн тонна транзиттік жүк тасымалданса, биылғы өсу қарқыны 6%-ды көрсетті.

Мемлекеттерді байланыстыратын транзиттік дәліз

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жаңа аймақтарды жалғайтын жолдар

Қазіргі мақсат – елдегі тран­зиттік дәліздерде 2030 жылға қарай тасымалдау көлемін 74 млн тоннаға жеткізіп, 2,3 есе арттыру. Оның қатарында Қытай бағытындағы жүк ағынының соңғы 10 жылда 3 есе ұлғайғанын айтсақ болады. Көрші елдің жалпы транзит құрылымындағы үлесі 2013 жылы 24% болса, қазір 40%-ға жетті.

Қарқынды дамып жатқан 2 өзекті транзиттік дәліз бар. Бірін­шісі – Транскаспий халықара­лық көлік бағыты. Оның бүгінгі өткізу қабілеті – 6 млн тонна. Тасымал кө­­лемі соңғы 4 жылда 800 мың тон­надан 4,1 млн тоннаға көбейіп, 5 ­есе артқан. Жүк жеткізу мерзімі 58-60 күннен 13-15 күнге дейін қысқар­ды. Осы мақсатта Әзербайжан, Түр­кия және Грузия елімен бір­ге та­сымалдауда кездесетін кедер­гі­лерді жоятын жол картасы бекі­тілді. Ендігі міндет – маршрут қуа­тын таяу арада 10 млн тонна­ға жет­кізу. Екінші дәліз – Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлі­зі. Бұл бағыт зор әлеуетке ие. Жүк­тің негізгі үлесі Ресейде қалып­та­сып, Парсы шығанағындағы елдерге тасымалдауға арналған. Өткізу қабілеті – жылына 10 млн тонна. Бүгінде Ресей, Түрікмен­стан, Иран елімен дәлізді синхронды дамытудың Жол картасы бекітілді. Сөйтіп, түйісу стан­­саларын жаңғыртып, оның өт­кізу қабілетін 23-тен 33 па­йызға дейін, яғни 1,5 есе арттыру қарастырылған. Бұдан бөлек, Ре­сей және Түрікменстанмен бірле­сіп бірыңғай оператор құры­лып, 50%-ға дейін тарифтік жеңіл­дік енгізілді. Нәтижесінде, бағыт­­тың өткізу қабілетін 2 есе өсіріп, жылына 20 млн тоннаға дейін жеткізу көзделеді.

Дәліздердің дамуында Ақтау мен Құрық теңіз портының инфра­құрылымы маңызды рөл атқарады. Бұл ретте, басымды­лық контейнерлік тасымалдау­ға беріліп отыр. Алдағы 3 жылда Ақтау портының контейнер өңдеу қабілетін 140 мыңнан 550 мың контейнерге дейін ұлғайту жоспарланған. Ол үшін қытай­лық «Ляньюньган порт» компаниясымен бірге контейнерлік хаб құрылысы басталды. Оған қоса, германиялық «Renus», америка­лық «Wandernet», франция­лық CMA CGM компаниялары­мен қосымша 300 мың контейнерлік терминал ұйымдастыру пысық­талып жатыр. Құрық портында көпфункционалды «Саржа» терминалы құрылысы қолға алынған. Сондай-ақ Маңғыстауда өндірілуі жоспарланған, жасыл сутегіні тасымалдауға арналған тиісті тер­миналдың жобаланғанын атап өткен жөн.

Келесі негізгі мәселенің бірі – отандық флоттың жетіспеуші­лігі. Құрық – Алят қатынасында тек әзербайжандық паромдар жұмыс істейді. Қазір бізге кемі 7 бірлік кеме қажет. Бұл өнді­рісті қалыптастыру бойынша түр­киялық YDA және ASFAT компаниясы зауыт құрылысын баста­ға­лы тұр.

Отандық дәліздерге жүк ағы­нын тарту үшін шет елдердің жүк жиналатын аумақтарында сыртқы терминалдар қалыптастыры­лып жатыр. Ляньюньган порты мен Сиань қаласының құрғақ пор­тында Қазақстан-Қытай терми­налдары бар. Сондай-ақ Грузия­ның Поти портында қазақстан­­дық кәсіпкердің терминалы жұмыс істейді. Өңдеу қабілеті – жылы­на 500 мың контейнер. Алят ­пор­­­тын­да, Мәскеу маңындағы Се­ля­­ти­­но­да, Беларустағы Свис­лочь стан­са­сында, Ташкент­те­гі тер­ми­­нал­дар­дың құрылысы ­пы­сық­тал­ды. Құры­лыс жұмыста­ры келесі жылы баста­лады. Жал­пы қуат­ты­лығы жылына 1 млн 200 мың кон­тейнерді құрайды. Ал­да­ғы уақытта Румынияның Кон­станца, Мажарстанның Буда­пешт, Қытайдың Үрімші қала­сында бірлескен терминалдар ұйымдастырылады. Нәтиже­сін­де, сыртқы терминалдар қуаты 5 есе өседі. Бұл басты жүк қа­лып­тастырушы елдерден жүкті ­отан­дық дәліздерге тартуға мүм­кіндік береді.

 

1 401 км теміржол жөнделді

Тасымалдың үздіксіз және ма­гистралдық теміржолдар­дың қуатын арттыру мақсатын­да 2029 жылға дейін 11 мың ша­қырым те­міржол учаскесіне жөндеу жүргізілмек. Оның ­2 800 ша­қырымында тиісті жұмыс аяқ­талды. Жалпы ұзындығы ­5 мың шақырым болатын жаңа және екінші жол құрылысы, ­2 мың 600 шақырым автоблокиров­ка­ны енгізу мен 184 стансаны жаң­ғырту жоспарланған. Дос­тық – Мойынты теміржол телімін­дегі екінші жол мен Алматы айнал­ма жолы құрылысының ­75%-ы салынып біткен. Сондай-ақ Дарбаза – Мақтаарал және Бақ­ты – Аягөз желілерінің құрылы­сы бастал­­ды. Қытай бағытын­дағы темір­жол өт­кізу пункттерінің өткізу мүм­кіндігі 28 млн тонна болса, биылғы сұраныс 30 млн тон­наны құра­ды. Бұл ретте, жүктің өсіп келе жатқан көлемін қамтама­сыз ету мақсатында өткізу пункттері­нің қуатын арттыру үшін Бақты – Аягөз жаңа теміржолын іске асы­ру басталды. Ол жылына қосым­ша ­20 млн тонна жүк өткізу мүм­кін­дігін береді.

Алтынкөл стансасы жаңғы­рып болғанда, оның өткізу қабілетін ­12-ден 21 млн тоннаға дейін ұл­ғайтады. Достық – Мойынты учас­кесінде қабылдау-жөнелту парк­тері мен терминалдық инфра­құ­рылымды кеңейту жұмысы жүр­гізіліп жатыр. Бұл стансаның өткізу қабілетін жылына 16-дан 35 млн тоннаға арттырады. Нәтижесін­де, Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы теміржол пункттері­­­нің қуа­ты 2,5 есе көбейіп, 76 млн тон­­­­наға жетеді. Жаңа бағдар­дың бірі – мультимодалдық бағыт­тар­ды қалыптастыру. Бұл жобада Қытаймен шекарада төртін­­ші те­міржол өткізу пунктін ашып, Тұ­ғыл елді мекеніне дейін 120 км теміржол және сол жерде өзен портын салу жоспарланған. Жо­ба Ертістен әрі қарай Обь өзе­ні арқылы Солтүстік теңіз­дер­ге шы­ғып, Қытай мен Ресей ара­сын­­да Қазақстан аумағынан өтетін жаңа мультимодалды транзиттік дәліз­ді қалыптастырады. Тасымал­­дау көлемі – жылына 2 млн 500 мың тонна.

 

Автокөлік тасымалы артып келеді

Автокөлікпен тасымалдау жыл­дан-жылға еселеп өсіп келеді. Был­тыр транзит 40%-ға, ал импорт/экспорт 20%-ға ұлғайды. Әсіресе Қытаймен тасымал қарқыны өте жоғары. Өткен жылы импорт/экспорт 2 жарым есе, транзит 2 есе ұлғайып, тиісінше 1,8 және 2,2 млн тоннаны құраса, биыл 9 айда осы көрсеткіштер тағы да
59 және 67 %-ға өскен.

Көрші елдер де транзит әле­уетін арттыру мақсатында тиіс­ті инфрақұрылымды дамытуға кі­ріс­кен. Сондықтан біздің ел ар­қы­лы өтетін қосымша 3 маршрут алға шығып тұр. Бірінші – Батуми – Варна – Констанца ар­қылы су жолы, екінші – Баку, Гру­зия арқы­лы Түркияға шыға­тын мульти-­модалды жол, үшінші – Түрік­мен­стан – Иран – Түркия арқылы Еуропаға шығатын құр­лық жолы.

Көліктің басқа түрлерімен са­лыстырғанда ең жоғары тасымал өсімін автокөлік көрсетіп отыр. Сондықтан автомобиль транзитін әрі қарай дамыту басты бағыт­тың бірі болуы керек. Ол үшін сала­дағы әкімшілік шараларды тиімді реттеу мен инфрақұрылым­ды жақсарту маңызды. Мәселен, ­биыл Қытай, Өзбекстаннан тасы­­мал үшін берілетін шетелдік рұқсат бланкілері толықтай электронды форматқа өтті. Нәтижесінде, рейс саны Өзбекстанмен, 6 мың­нан 36 мыңға, Қытай­мен 113-тен 230 мыңға дейін өскен. Сөйтіп шетелдік бланкілерді қол­дану үрдісіндегі адами фактор то­лық алынып тасталып, сыбайлас жемқорлық тәуекелі түбегейлі жо­йылды.

Өткен жылы Сиань қаласында қол қойылған келісім негізінде отандық автокөліктер Қытайдың ішкі аймақтарына, ал қытайлық көліктер Құрық портына дейін жүктерді жеткізуге немесе транзитпен өтуге мүмкіндік алды. «Нұр Жолы» өткелінің жұмыс уақы­ты тәулік бойына ауыстырылды, қалған 5 өткел уақыты 2 сағатқа ұзартылды. Түрікменстанмен қол қойылған келісімшартқа сәй­кес, осы ел арқылы тасымалдарды рұқсатсыз жүзеге асыруға қол жетті. Бұл өз кезегінде, Қы­тайдан Еуропаға, Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Түркия арқылы жүктерді кедергісіз тасу дәлізін одан әрі дамытуға ықпалын тигізеді.

Биыл елімізде 12 мың км жол жөндеуден өтті. 2030 жылға дейін Қызылорда – Ақтөбе жолын 4 жо­лақтыға ауыстыру, сондай-ақ Сары­ағаштың бірінші санаттағы айналма жолын салу жоспарланған. Қал­батау – Майқапшағайды реконструкциялау, Қарағандыдан Боғаз ауылына дейінгі жолды орташа жөндеу жүріп жатыр. 2025 жылы Қарағанды – Жезқазған автожолын реконструкциялау жұмысы басталады. Нәтижесінде, қазіргі Батыс Еуропа – Батыс Қытай дә­лізіне баламалы жаңа маршрут қалыптасады. Ұзақтығы 736 км болатын Бейнеу мен Сексеуіл арасын жалғайтын жаңа жол салынады. Құрылысы 2027 жылы басталады. Бұл Ақтау мен Құрық портына және Түрікменстанға ­баратын жолды 900 км-ге қысқар­тып, оңтүстік пен батыс өңірі­нің байланысын арттырады.