Аймақтар • 30 Желтоқсан, 2024

Оралда заманауи спорт кешені бой көтерді

24 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, Орал қаласында заманауи көпфункционалды спорт кешенін салуды тапсырған еді. Президент тапсырмасы аясында Орал қаласында жаңа спорт кешені салынып, пайдалануға берілді, деп жазады Egemen.kz.

Оралда заманауи спорт кешені бой көтерді

Фото: gov.kz

Спорт кешенінің ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «BI Group» холдингінің бас директоры Асхат Омаров, спорт ардагерлері мен спортшылар, қала тұрғындары қатысты. 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев спорт кешені Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында салынып, өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.

«Президентіміз Ұлт денсаулығын нығайту жолында бұқаралық спортты дамытуды және тұрғындарымыздың спортпен еркін шұғылдануына барынша жағдай жасау қажеттігін атап өткен. Осы ретте, ашылып отырған заманауи спорт кешені - алдағы уақытта өңір тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен шұғылдануына таптырмас орын болады», деді облыс әкімі.

пп

«Оралдағы жаңа спорттық-сауықтыру кешені болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін орталық ғана емес, сондай-ақ тұрғындар спортпен шұғылдана алатын орынға айналмақ. «ҚазМұнайГаз» әлеуметтік жауапты компания ретінде өз қызметін жүргізетін өңірлерінде әлеуметтік жобалар, соның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорттық-мәдени нысандар салу бойынша жұмысты белсенді жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жалғасын табады», деді ҚМГ басшысы Асхат Хасенов.

Жаңа спорт ғимаратында волейбол, баскетбол, футзал, қол добы, бокс, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, садақ ату, үстел теннисі, жүзу, шыңға өрмелеу сынды спорт түрлерімен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған.

рр

«Біз өте қуаныштымыз. Осындай заманауи спорт кешені ашылды. Енді жаттығуларымызды тек осында өткіземіз. Кең әрі ыңғайлы ғимарат. Жастарға қолдау білдіріп отырған Президентімізге шынайы алғысымызды білдіреміз»,  деді жас спортшы Абзал Маратов.

БҚО әкімдігі 2025 жылы тағы 10 нысанды салу жоспарланып отырғанын мәлім етті.