
Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан
Біршама уақыт бұрын жергілікті атқарушы биліктің пәрменімен «Асқақ рухты Әулиеата» атты әдеби-мәдени байқау жариялаған болатын. Таразда туып, Алашқа танылған қаламгерлердің рухын ұлықтау, есімін ұмытпау мақсатында ұйымдастырылған байқауда Шерхан Мұртаза, Несіпбек Дәутайұлы, Шона Смаханұлы, Арғынбай Бекбосын секілді бақилық болған өзге де қаламгерлер атындағы сыйлықтар тағайындалды. Ал әдеби-мәдени байқауға еліміздің әр қиырында тұратын есімі елге белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты.
Республикалық байқаудың қорытындысы шығарылған іс-шара «Асқақ рухты Әулиеата» атты поэзия кешіне ұласты. Іс-шараға арнайы келген мәртебелі меймандар мен жергілікті жастар жаңа туындыларын оқып, көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қаламгерлер байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрса деген тілегін білдірді.
«Бұл іс-шара осыған дейін ұйымдастырылған дүниелердің ішіндегі ең мөлдірі, ең тазасы деп білемін. Жамбыл облысы соңғы бір жылдың бедерінде руханияттың шырақшысына айналды. Түрлі форматтағы әдеби кештер жиі өткізіліп жатқанын көріп, біліп жүрміз. Ал кейбір іс-шараларға арнайы келіп қатысып тұрамын. Мұндай кездесулер жүректе бір жылы сезім қалдырады. Талай тұғырлы тұлғаға пана болған топырақтан әдебиетке аңсары ауған талантты жастардың жарқырап шығып жүргені де көңіл қуантады», дейді Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай.
«Асқақ рухты Әулиеата» атты республикалық байқауға еліміздің барлық қиырында тұратын қаламгерлер қатысты. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының өкілдері келтірген дерекке жүгінсек, 9 аталым бойынша ұйымдастырылған байқауға жалпы саны 77 қаламгерден 114 шығарма келіп түскен. Қатысушылардың шығармаларын есімі елге белгілі қаламгерлер зерделеп, жеңімпаздарды анықтаған.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған байқау қорытындысында «Поэзия» аталымы бойынша Жамбыл Жабаев атындағы жүлдеге әріптесіміз, ақын Ерлан Жүніс лайық деп танылса, Кенен Әзірбаев атындағы арнайы жүлде Нұржан Қуантайға бұйырды. Ал «Жыр-терме» аталымы бойынша Аяз Бетбаев атындағы жүлде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақыпқа бұйырса, Әбдімомын Желдібаев атындағы жүлдені Жанатбек Тұрғымбаев иеленді.
Іс-шара барысында «Көркем аударма», «Сатира», «Проза», «Драма» аталымдары бойынша жүзден жүйрік шыққандар да марапатталды. «Проза» аталымы бойынша Бауыржан Момышұлы атындағы сыйлық жазушы Болатбек Төлепбергеннің еншісіне жазылса, «Проза және көркем аударма» аталымы бойынша Шерхан Мұртаза атындағы сыйлыққа Нұрғали Ораз лайық деп танылды. Сондай-ақ Несіпбек Дәутайұлы атындағы сыйлықты Ырысбек Дәбей иеленді. Ал «Сатира жанры» аталымы бойынша Шона Смаханұлы атындағы сыйлық жамбылдық Бақытжан Әлімқұловқа бұйырса, «Драматургия» аталымы бойынша тағайындалған Арғынбай Бекбосын атындағы жүлдені Иранбек Оразбаев иеленді. Жүлдегерлердің барлығына 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды.
Жауһар жырлармен әдіптелген кеш барысында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері қойған Шығыс шайырлары шығармаларынан ұсынылған әдеби композиция көпшіліктің көңілінен шықты. Жанға жайлы атмосферада өткен поэзия мерекесінде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері Бахром Муминов, Диас Әлібеков Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» шығармасын шырқау шегіне жеткізе орындаса, әнші-композитор Аққу Байжігіт әріптесіміз Ерлан Жүністің өлеңіне жазылған «Сен тұратын қалада қар жауды ма?» әнін орындап берді.
Поэзия кешіне арнайы келген мәртебелі меймандар алғаш рет ұйымдастырылған «Асқақ рухты Әулиеата» атты іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтып жатты. Сондай-ақ қаламгерлер қауымы алдағы уақытта жасындай жарқ етіп сөнген айтулы ақын Артығали Ыбыраев, Серік Томанов, Жақсылық Сәтібеков секілді қаламгерлердің есімі де ескерілсе деген тілектерін тілге тиек етті.
«Мұндай рухани іс-шаралардың жиі ұйымдастырылғаны жөн деп білемін. Өйткені осындай кештерде еліміздің әр қиырында тұратын қаламгерлердің басы қосылады. Пікір алмасады. Кітаптың насихаты туралы әңгімелер айтылады. Сол тұрғыдан алғанда Тараздағы іс-шара көңілге қонды» дейді «Проза» аталымы бойынша Несіпбек Дәутайұлы атындағы сыйлықты иеленген қаламгер Ырысбек Дәбей.
Жамбыл облысы