
Сурет: bluescreen.kz
Биыл бағдарламаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінен 49 стартап өтінім берді. Алғашқы іріктеу кезеңі мен онлайн диагностикадан кейін үздік 10 жоба таңдалды. Қорытынды кезеңге шыққан стартаптар арасында отандық «Outpeer», «Beksar», «BULT», «BeyimTech», «AMAN», «Oqylyq», «Ecodata», «Pwron.ai», «Q-send» және қырғызстандық «Onbir.app» стартаптары бар.
«Hero Training» бағдарламасы өз тиімділігін дәлелдей отырып, стартаптардың ауқымды деңгейге шығуына мүмкіндіктер ұсынып келеді. Алдыңғы лектерде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Әзербайжан және Түркиядан 37 финалист қатысып, олар жалпы 2,7 миллион доллар инвестиция тартты. Біз стартаптарды жаңа деңгейге көтеріп, олардың ғаламдық деңгейге шығуына көмектесетін платформа ұсынып отырғанымызды мақтан тұтамыз», деді «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.
Үшінші лек финалистері Кремний алқабындағы жетекші сарапшылардың менторлығымен жоғары нәтижелер көрсетті. Олар бірнеше воркшоптарға қатысып, «Survival Week» сынағы барысында экстремалды жағдайда өмір сүру және жылдам шешім қабылдау дағдыларын игерді.
Айта кетейік, тарихта алғаш рет елімізден шыққан «BeyimTech» компаниясы «Hero Training» бағдарламасында бірінші орын иеленіп, 26 елден келген 70 қатысушының арасынан «Draper University 2024 үздік командасы» атағын алды.
«Стартабымыздың цифрлық білім беру саласындағы инновациялық шешім ретінде мойындалуы біздің алдағы дамуымызға жол ашады. Енді компаниямыздың атауы «Draper University»-нің құрмет тақтасынан орын алатын болады. Сонымен қатар біз «Arizona State University»-мен стратегиялық серіктестік орнатып, «beyim.ai» платформамызды енгізу бойынша келісім жасастық. АҚШ-тағы «GSV Cup 50» беделді жүлдесіне үміткер атанғанымыз да мақтанышпен айта аламыз», деді «BeyimTech» компаниясының бас директоры Нұрсұлтан Дүйсебаев.
Сонымен қатар еліміздегі алғашқы цифрлық және физикалық қауіпсіздік қызметін ұсынушы – «AMAN» жобасы да бірнеше гипотезаны сынап көріп, АҚШ нарығына шығуға қажетті құнды ақпарат жинады.
«Біз 26 елден келген стартаптардың негізін қалаушыларымен таныстық. Бұл бізге халықаралық масштабқа шығу мүмкіндіктерін ұсынды. Сондай-ақ бағдарлама бізге көшбасшылық дағдыларды меңгеріп, команда ішінде жұмыс істеуге көмектесті», деді «AMAN» компаниясының негізін қалаушы Шыңғыс Ерболат.
Блокчейн негізінде ақша аударымдарын жасауға арналған платформа «Q-Send» АҚШ және Қырғызстан компанияларымен серіктестік орнатты. Ал бизнес-процестерді автоматтандыру және мәліметтерді талдау мақсатында жасанды интеллектіні қолданатын стартап – «Pwron.ai» Майами нарығында сату туралы келісімге қол қойды.