Өнертапқыш • 31 Желтоқсан, 2024

Оқушының өнертабысы

1218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мектепте жүріп-ақ ғылыммен айналысуға ден қойған жас өрендердің талабына сүйсіне қарайсың. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Даир Сырлыбаев – IT саласында айтарлықтай жетістікке жеткен алғыр өрен.

Оқушының өнертабысы

Жас талап жақында ғана пернетақтаны көзбен басқаруға болатын жаңашыл жүйе ойлап тапты. Аталған технология көздің қозғалысын бақылап, арнайы камера мен жасанды интеллект алгоритмдерін қол­данады. Яғни қажетті әріп­ті таңдау үшін пайдаланушы тек көзін пернетақтаның белгіленген аймағына бағыттап, кірпік қағуы жеткілікті. Бұл – әсіресе қолынан айырылған немесе маторикасы дамымаған жандарға таптырмас көмек.

«Мен бұл жобаны жасақ­тағанда, алдымен қоғамға пайдасы тиетін қарапайым әрі тиімді шешім іздедім. Көзбен басқару жүйесі арқылы адамдар ешқандай физикалық қозғалыссыз компьютермен еркін жұмыс істей алады. Дәл осы технология тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде ерекше сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Өйткені оның көмегімен миллиондаған адам­ның өмірі жеңілдейді. Алдағы уақытта жобаны дамытып, түрлі стартап байқауларға қа­тысуды жоспарлап отырмыз. Мақсатым – ел ғылымының дамуына өз үлесімді қосу. IT саласына қызығушылығым мені үнемі дамуға ұмтылдырады, жаңа технологиялардың соң­ғы жаңалықтарын қалт жі­бер­мей қадағалап отырамын. Ұстаздарымның бағыт-бағ­дары, ата-анамның қолдауы арманыма жетуіме қанат­тандырады», дейді Даир.

Айта кетейік, талабымен танылған кейіпкеріміздің бұл өнертабысы Алматыда өткен байқаудан үздік шыққан. Даир бұған дейін көз жанарынан айрылған жандарға арнап ақылды таяқ пен брайль әліпбиіне негізделген перне­тақ­таны да ойлап тапқан еді. Бұл құрылғыларды мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері сынақтан өткізіп, өте қажет дүние екенін айтқан.