Қоғам • 31 Желтоқсан, 2024

«Қазақстан халқына»: Елдік мүдде жолындағы игілік

87 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазақстан халқына» қоры – Үкіметтің немесе өзге де мемлекеттік органның еншісінде емес, Президент айтқандай, халықтық қор. Сирек кездесетін ауруға шалдыққан балалардың ем-домына көмек көрсетуге, қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балаларға арналған спорт нысандарын салуға, қабілетті балалардың талабын ұштап, шыңдауға, өзге де салаға қолғабыс етіп келеді.

«Қазақстан халқына»: Елдік мүдде жолындағы игілік

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Үш жыл ішінде «Қазақстан халқына» қоры жалпы сомасы 230 млрд теңгеге 103 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасын іске асыру туралы шешім қабылдап, оның ішінде 58 жоба аяқталды. Қор жобалары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет, спорт, төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету саласындағы бағдарламаларды қоса алғанда, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып отыр.

Қор қаржысын басқарудың негізгі қағидаттары – ашықтық, есеп беру, легитимділік һәм тұрақтылық. Былтырғы қорытынды көрсеткіштерге «Үлкен төрттіктен» (Ernst&Young) аудиторды тарта отырып, сыртқы аудит жүргізілген.

Денсаулық сақтау саласында 29 бағдарлама мен жоба бар. Бұл салада көмектің негізгі үш бағытына – инновациялық нысаналы дәрілік заттарды сатып алуға, үздік әлемдік өндірушілерден заманауи жабдықтармен жабдықтауға, жаңа технологияларды трансферттеу мақсатында дәрігерлер мен мамандарды оқытуға басымдық беріледі.

Жұмыстың маңызды бағыты деп ауыр, орфандық аурулары бар пациенттерге дәрілік препараттарды сатып алуды айтуға болады. 461 отандасымыз, оның ішінде 342 балаға 57,7 млрд теңге сомасына 38 дәрі сатып алынды. Былтырғы қараша айы­нан бастап Қор онкологиялық, онкогематологиялық аурулары бар 1230 азаматты 14,5 млрд теңгеден астам сомаға инновациялық нысаналы препаратпен қамтамасыз етті. Онкологиялық қызметті дамыту үшін 2023-2024 жылдары 5 өңірге арналған желілік электронды үдеткіштер, компьютерлік томографтар, навигациялық жүйелер сатып алынды. Балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту шеңберінде 19 өңірде 22 медициналық ұйым арнайы жабдықпен қамтамасыз етілді Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында шалғай ауылдарда онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейді. Ауруларды ерте анықтау, балалардың мүгедектігінің алдын алуға ерте араласудың 10 орталығы ашылды, тағы үш орталық ашу жөніндегі жұмыс жүргізіліп жатыр. Донорлық мөлдір қабықты ауыстырып орналастыруды қажет ететін 209 пациентке қайырымдылық көмек көрсетілді. Операциялар «С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» КеАҚ университет клиникасында жүргізіледі. Сондай-ақ дәрігерлер мен мамандарды оқыту шеңберінде жаңа технологияларды елімізге трансферттеу мақсатында трансплантациялық үйлестірушілерді, медициналық генетик­тер­ді, ультрадыбыстық диагностика мамандарын оқытуға да қомақты қаражат бөлінді.

Әлеуметтік қолдау саласында оңалту орталықтарын жабдықтауға аутизмі, басқа да менталды бұзылулары бар бала­ларға арналған орталықтарды жаб­дықтауға; балалар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен, экзоқаңқалармен қамтамасыз етуге; мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 30 бағдарлама һәм жоба жүзеге асты. Аутизмі, басқа да менталды бұзылуы бар балаларға арналған барлығы 7 орталық, 3 облыстық оңалту орталығы, 3 аудандық оңалту орталығы ашылды. Тағы 20 орталықты ашу жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұның сыртында 150 адам инновациялық протездермен қамтамасыз етілген. Еліміздің 8 өңірінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Тұсау кесер» дене шынықтыру-сауықтыру үйірмелері жұмыс істейді.

Білім саласында 19 бағытта бағдар­лама мен жоба түзілген. Ауыл­дық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту жобасы аумақтық, әлеу­мет­тік-экономикалық белгілер бойынша білім сапасының алшақтығын қыс­қартуға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға, ауылдық жерлерде оқушылар үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталып, нәтижесінде 135 ауылдық мектеп қамтылды. «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу жобасы шеңберінде Алматы облысының 50 мектебінде 150 физика, химия, биология кабинеттері жабдықталды. Қарағанды облысында 86 мектепте «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу жобасы бойынша физика, химия, биология бағытында 253 кабинет жабдықталған. Жобаның мақсаты – педагогтердің біліктілігін арттыру, менторлық сүйемелдеу, білім беру инфрақұрылымын құру арқылы оқушылардың білім деңгейін арттыру. 99 арнаулы білім беру мектеп ұйымына білім алуға тең қолжетімділікті, олардың ерекшеліктеріне, психикалық, физи­калық мүмкіндіктеріне қарамастан, барлық балалардың дамуында жетістікке жетуіне қажетті материалдық-техни­ка­лық базаны нығайту жөнінде жүйелі кө­мек көрсетілді. Ақтөбе об­лы­­сы­ның ша­ғын жинақ­талған ауыл­дық мек­тептерінің әлеуе­тін дамыту жобасы шеңберінде цифр­лық технология ар­қылы 134 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, оқы­ту­дың 4 моделі енгізілді. №1 Хромтау орта мектебі ауылдық тірек мектептерін дамыту бағдарламасы шеңберінде жаңғыртылды, сондай-ақ Ақтөбедегі облыстық перинаталдық орталық офталь­мологиялық скрининг, шала туыл­­ған нәрестелердің ретинопатия­сын емдеуге арналған жабдықпен жаб­дық­талды.

«Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттарын 2022-2024 оқу жылында 3003 студент пен талапкер алды. Бұдан бөлек, Қор шағын қалалар, ауылдардағы 360 мектепте роботтехника кабинеттерін жабдықтау жөніндегі қайырымдылық бағдарламасын іске асырды.

Спорт, мәдениет саласында жүзеге асқан бағдарламалар мен жобалар саны – 12. Батыс Қазақстан облысында «Jaña club» комьюнити-орталықтарында 25 кітапхана жаңғырту жүргізіледі. Алғашқы екі комьюнити-орталық 16 желтоқсанда ашылды.

Шалғай елді мекендерде спортпен айналысуға арналған залдардың жетіспеушілігі мен қолжетімсіздігін ескере отырып, Қордың қолдауымен ауылды жерлерде 89 спорт залы ашылды, жыл соңына дейін тағы 11 зал ашылады.

Ауылдық жерлерде, шағын қалаларда 40 ангар типті спорт залдарын салу жоспарланып отыр. 4 нысан пайдалануға берілді.

Төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету бойынша 13 жоба іске асырылды. Қор су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасылар үшін 5 өңірде 627 үй құрылысына қаржы бөлінді.