Қоғам • 31 Желтоқсан, 2024

18 мыңнан астам қандас атажұртқа оралды

47 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бір кезде біршама бәсеңсіп қалған қазақ көші бүгінде қайта жанданып келеді. Биыл 18 мыңнан астам қандасымыз тарихи Отанына оралды.

18 мыңнан астам қандас атажұртқа оралды

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лі­гінің мәлімдеуін­ше, жыл басынан елге келген ағайын­дар­дың 45,4%-ы – Қы­­тайдан, 38,9%-ы – Өзбек­стан­нан, 6%-ы – Моң­ғо­лия­дан, 5,8%-ы – Түрік­мен­стан­нан, 2,7%-ы – Ресейден, 1,3%-ы басқа елдерден келген. 1 желтоқ­сандағы жағдайға сәйкес еңбекке қабілетті жастағы шеттен қоныс аударушылар саны 57,1%, еңбекке қабілетті жас­тан кішілер 33,4%, зейнеткерлер 9,5% болды. Әртүрлі өңірге қоныстанған еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылардың білім дәрежесі: білім деңгейі жоғары – 17,5%, орта кәсіби білімді – 25%, жалпы орта білімді – 54,7%, 2,8%-ның білімі жоқ.

Көшіп келген ағайын­дарды еңбек күші тап­шы саналатын Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, ШҚО, СҚО аумағына қоныс­тан­дыру тиімді жүргізі­ліп жатыр. 2024 жылға арналған қоныстандыру квотасы 3 033 адамға белгіленген. Ресми дерекке сүйенсек, 1 желтоқсанға дейін қоныс­тандыру квотасы 2 961 адамға аударылды. Жоға­ры­да аталған өңірлерде қо­ныс­танған қандастарға субсидия түрінде берілетін мемлекеттік қолдау іс-ша­ралары да бар. Айталық, бір мезгілде отағасына, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөл­шерінде; тұрғын үй жалдау­ға, коммуналдық қыз­­меттерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңге­ге дейін) мөлшерінде субсидия беріледі.

Жыл басынан бері 2 624 қоныстанушыға түрлі қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, 794 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арт­­­тыру мақсатында азамат­­­тарды еңбек күші тап­шы өңірлерге қоныс ауда­­­ру­ға қатысатын жұмыс беру­шілерді қолдау жөнін­де институционалдық шаралар қабылданды. Үй сатып алу, үй салуға немесе ипотекалық тұрғын үй қа­рыз­дарының бастапқы жар­наның бір бөлігін жабуға экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Тұр­ғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөл­ше­рінде біржолғы өтеу­сіз, қайтарымсыз негізде ен­гізілді. Осыған дейін 2 449 адам ұтқырлық сертификатын алды.

Өткен жылы Қазақстан елшілік­тері арқылы «бір терезе» қағи­датымен «қандас» мәр­тебесін беру тетігі іске асырылды. Қанатқақты жоба аясында ел аумағына кірмей-ақ «қандас» мәртебесін алуға болады. Бүгінде бұл жаңа форматта 22 мыңнан астап өтініш келіп түскен екен. Демек жат жердегі қандастарымыздың Отанға оралуға деген ықыласы әлі де жоғары.