Зерде • 01 Қаңтар, 2025

Қайраткердің 93 жыл бұрынғы суреті

582 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихи редакторы («Еңбек туы», «Еңбекші қазақ» ке­зе­ңіндегі) Смағұл Садуақасұлының туғанына (1900–1933) 125 жыл толады.

Қайраткердің 93 жыл бұрынғы суреті

Бұл тұлғаны қатарластарынан оқ бойы озық көрсететін үш-төрт ерекшелігі бар: 1) Боль­шевиктік үкімет қатарында жүріп барша мәселеге ел, ұлт мүд­десі тұрғысынан қарауы; 2) «Ескі оқығандар» (Алаш зиялылары) деп аталатын топ пен талантты қатарластары қызметі мен шығармашылығына қолайлы жағдай туғызуы; 3) Кәсіби ұлт театрын ұйымдастыру мен жүйелеудің басында тұруы; 4) Іргетасы 1918 жылы Ташкентте басталған Қазақ педагогикалық оқу орнының (қазіргі Абай университеті) 1926 жылы университетке айналдыру жобасын жүзеге асырғаны және осы білім ордасының ресми ашылуында ЖОО туралы мыңжылдыққа татитын тұжырымдамалық баяндама жасауы.

Мұның сыртында С.Садуа­қас­ұлының қаншама қайталанбас ерлігін, елшіл бастамасын, қағидатшыл та­бан­дылығын дәлелдейтін қадау-қадау азаматтығы, қайсарлығы, қай­раткерлігі, көрегендігі бар. Осының бәрін жаңа заман жастары, жас буын зиялылар мен мемлекеттік қызметкерлер тануға, білуге ұмтылуы керек. Тұтастай алғанда, 33 жасында «қызыл террордың» құрбаны болған Смағұл – елге қызмет етудің эталоны. «Мағжан ақын айтты» дейтін мына жоқтау жырының үзіндісі сол биікті, сол сапаны аңғартқандай:

 

«Жас Смағұл үздік туған бала екен,

Байтақ елге асқар таудай пана екен.

Сол баладан, сол панадан айырылып,

Қайран қазақ, жүрегінде жара екен...».

 

Бұл үзік сырдың, жан азасының (реквием) мәні мынада: С.Садуақасұлы 18 жасында-ақ қазақ әдебиеті (соның ішінде Мағжан шығармашылығы да бар) туралы орысша терең мақала жазады, 20-24 жасында Қазақстанның жастар лидері, бірнеше газеттің редакторы, республика «Госпланының» басшысы, 25 жасында Білім (мәдениет құрамында) министрі болып, әде­биеттің болашақ классиктері – Мағжан, Жүсіпбек, Бейімбет, Мұхтар, т.б. ақын-жазушыларға моральдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да көмектеседі. Рас, жасы солардың баршасынан кіші еді...

Көзі қарақты оқырманға Смағұлдың Мәскеуге кеткен 1928 жылға дейінгі өмірі біршама белгілі. Оның елдегі соңғы қызметі – сол кезде Ташкенттегі «КазПедВуз»-дың («университет» деп те аталды; кейін Алматыға көшкенде - ҚазПИ) ректор лауазымы еді. Қужақ Ф.Голощекин саяси айла-шарғымен бұдан да босатады.

Қайраткер 1928 жылы наурыз айын­да Мәскеу қаласына кетеді. Мұнда қайын атасы Әлихан Бөкейхан, жары Елизавета Әлиханқызы, 3 жасар ұлы Ескендір тұрып жатты. Сол жылы 1 мау­сымнан Шығыстану институтына ғылыми қызметкер болып орналасады.

Тамыз-қыркүйек шамасында Мәскеу транспорт инженерлері инс­титутына оқуға түседі (бұрынғы басшылар қабылданатын бөліміне). Қарындасы Орынбасарды Мәскеуге алдыртып, қаланың бір мектебіне орналастырады.

С.Садуақасұлы аталған оқу ор­нының «жасанды құрылыс» (искусственное сооружение) мамандығын 1932 жылы 1 маусымда бітіреді. Инс­ти­тутты бітірген соң, Мәскеу-Дон­басс теміржол құрылысында учаске басшысының орынбасары (инженер-құрылысшы) болып орналасады.

Енді «Смағұл неге осы теміржол бағытын таңдады?» деген сұрақ туады. Сірә, ол М.Тынышбайұлы, Х.Дос­мұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы бастаған Алаш зиялыларының аталған шойын жолдың бойындағы түрлі елді мекендерде айдауда болғанына қатысты деп ойлаймыз. Бір есте ұстар факт: 1929–1930 жылдары 40-тан аса зиялы ОГПУ-НКВД-ның Алматы түрмесінде тергеліп жатқанда, Ф.Голощекин осылардың қатарына С.Садуақасұлын қосуға тырысып-ақ баққан...

Сонымен бірге бұл таңдау аса қауіпті де еді. 1933 жылы желтоқсан басында Смағұлға қарсы ұйымдастырылған «өн­дірістік апат» Ежов-Шкирятов қан­қасап жобасының бірі деген дерек бар.

Біздің қолымызда С.Садуақас­ұлының Мәскеу-Донбасс теміржол құрылысындағы бірде-бір суреті жоқ еді. Таяуда Ресей мемлекеттік кино-фото құжаттар архивінде (РГ АКФД) 0-1379 шифрлі 1379-а сақтау бірлігімен хатталған екі фотосы табылды. Яғни қазір архивтің электронды нұсқасы қолжетімді. Мұны бізге Самат Жұматайұлы, Кенжебек Сержанұлы сынды шәкірттеріміз сүйіншілеп жеткізді. Фб-да алғаш жариялаған – таяуда ғана «Aq jol - Alash» сыйлығын алған Қанат Бегенұлы екен. Ізденгіш жас буынға, әлеуметтік желінің игі ісіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сол күні электрон архивті өзіміз де ашып, ақиқатына көз жеткіздік.

Сурет түсіндірмесінде «Мәскеу-Донбас теміржолы құрылысы 6 учас­­кесінің басшылар тобы. Партия ко­митеті хатшысы Петров, учаске бас­шысының орынбасары Садуақасов, учаске комитетінің төрағасы Малахов және құрылыс учаскесінің басшысы Шукевич бір жиналыста. 1932 жыл. Түсірілген орын – Орталық Қара­топырақ облысы» делініпті (екі түрлі позициядағы мазмұны бір фото). Иә, есімдері (инициал) жазылмаған. Бұл – партия кезіндегі құжаттарда жиі кездесетін үрдіс.

Қайраткердің биылғы 125 жылдығы талай жаңалыққа толы болады деп санаймыз. Айтқандайын, «Egemen Qazaqstan» газеті ұжымы, елорда зия­лылары, Еуразия университеті жас­тары жыл сайын азаттық жолында құрбан болған Смағұлдың қайтқан күні әрі ел Тәуелсіздігі жарияланған күні – 16 желтоқсанда 2011 жылы Мәскеуден Астанаға көшірілген сүйе­гінің күлі қойылған «Хан Кене сарбаздары» қорымына зиярат етеді. Елдік өрелі дәстүр биыл жаңа сапада жалғаспақ.