Қоғам • 01 Қаңтар, 2025

Жұмысшы – мерейлі мамандық

46 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары­­­ның жылын жариялау туралы» Жарлық­қа қол қойды. Бұл туралы Прези­дент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оп­тимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмыс­шы маман­дықтарын дәріптеу арқы­лы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғам­да еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиет­тер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», деп атап көрсетті.

Жұмысшы –  мерейлі мамандық

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл міндетті шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мән-маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету сынды кешенді іс-шараларды жүйелі жүргізу, қапысыз атқару қажет.

Осындай қадау-қадау мәселелер «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында өткен дөңгелек үстел басында кеңінен талқыға түсті. Келелі кеңеске Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл ТАУ, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті Шалқар БАЙҚҰЛАҚОВ, Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» (Жұмыспен қамту орталығы) Жұмыс берушілермен байланыс бөлімінің басшысы Мейрамгүл ИМАШЕВА, Астана қалалық кәсіптік-техникалық колледжі директорының орынбасары Омарбек ОРЫНБЕКҰЛЫ, «Astana Polytechnic»  колледжі директорының орынбасары Майра СЕМБИНА, Астана қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты Мұрат ІРГЕБАЕВ, еңбек ардагері Кендай АХМЕТОВ қатысты. Басқосуды «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Қуат ӘУЕСБАЙ жүргізді.

 

Еңбекке де ептілік қажет

– «Жұмысшы мамандықтары» дегенде жұмыстың ауыр-жеңілін талғамайтын құрыш білектілер еске түседі. Жалпы, «Жұмысшы мамандар», «Еңбек адамы» деген кім, алдымен осының аражігін ажыратып алсақ.

ап

Нұргүл Тау: Ел газеті «Egemen Qazaqstan» басылымының шаңы­­ра­­ғында «Жұмысшы маман­дық­тар жылына» байланысты дөңгелек үстел өтуінің маңызы өте жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл «Жұмыс­шы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Осы маңызды іс-шараны көпшілікке толыққанды жеткізу, еңбек адамдарын дәріптеу, жұмысшы маман­дық­тарды насихаттау тұрғысында БАҚ-тың арқалайтын жүгі ауыр. Өйткені кезінде көп құрметінде болып, кейінде түрлі себептермен қадірі түсіп кеткен мамандық иелерінің мәртебесін көтеретін кез әлдеқашан жеткен. Біз бұл жандармен жиі кездесеміз, ауыр жұмысты арқалап, тынбай еңбек етіп жүргенін көреміз.

Жұмысшы мамандар деп кәсіби білім алған, өз мамандығын терең меңгеріп, дағдыланған азаматтарды айтамыз. Ай­та­лық, арнайы оқып, білім алмайын­ша кез келген адам дәнекерлеуші секілді мамандық иесі бола алмайды. Демек кәсіби білім алу арқылы белгілі бір мамандықты шебер игерген адамды жұмысшы мамандық иесі дейміз. Еңбек адамына аула сыпырушы, еден жуушы, көпшілік тамақтанатын асханадан мейманханаға дейінгі қоғамдық орындарды тазалаушы жандар да жатады. Дегенмен олардың бет-беделін әсте түсіруге болмайды. Өйткені қоғамға жайлы орта орнатып отырған осындай қарапайым, қатардағы еңбек азаматтары.

Бүгінде жұмысшы мамандықтарына оқытуда кейбір салада мамандардың аздығы қатты байқалады. Меніңше, қай бағытта ақсап тұрмыз, қандай мамандық иелеріне сұраныс көп, олар неге қат дегенді тереңдей талдап, соған баса мән берген дұрыс. Биыл осы мәселенің түйіні оңынан шешіледі деп сенемін. Жалпы, Президент атап өткендей, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне ауқымды реформалар жасау керек. Алматы қаласының білім басқармасында 16 жыл қызмет істеген тәжірибелі маман ретінде айтарым, саланы барынша өзгерту, қайта жаңғырту қажет. Кезінде кәсіптік-техникалық білім беретін мемлекеттік, жекеменшік 90-ға тарта ұйым болды. Рас, бұған дейін де кәсіптік оқыту жүйесінде бірнеше рет реформа жасалды. Олардың тиімді тұсы да, өкінішке қарай, ақталмаған жобалар да болды. Жұмысшы мамандықтарды дамыту үшін жаңа технологияларды кеңінен қамту, қолдану керек. Талапқа сай оқу бағдарламасы болуға тиіс.

Ескерер бір жайт, теориялық білімнен гөрі практикалық үйретуге басымдық берген жөн. Бір ғана мысал, АҚШ-қа жоғары білім алуға барғанымда отбасым­мен бірге көштік. Ұлымыз 9-сыныпты сол елде оқыды. Бірде физика пәнінің мұғалімі оқушыларға кәдімгі үтікті бөл­шектеп, соны үйде құрап келуге бе­ріпті. Бәріміз жабылып бірнеше күн құрастырдық. Тәжірибелік танымның өмірлік қажеттілікке қаншалықты керек екенін сонда бағамдадық. Бізде де сондай кәсіптік білім беретін колледждер мен өндіріс орындары арасында өзара байланыс орнағаны дұрыс. Дәнекерлеушіге зәру, ұстаға қолы жетпейтін мекемелер көп. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» осы олқылықтың кем-кетігін бүтін­дейді деп сенеміз.

 

Кәсіптік білім – нәсіптің жолы

– Өндіріс пен кәсіптік білім беретін колледждер ортасында байланыс беки түсуі керек деген мәселе өзекті. Осыған қатысты қандай пікір айтасыз?

р

Майра Сембина: Былтыр қараша айында Оқу-ағарту министрлігінде кәсіптік-техни­­ка­лық білім беру ісін трансформация­лау жөнінде жұмыс тобы құрылды. Реформа жүргізудегі өзекті мәселенің бірі – жан басына шаққанда берілетін қаржы мөлшерін көбейту. Яғни колледж­де оқитын студент­­тердің жан басына шаққанда бөлінетін қаражат мөлшерін көбейту керек. Екінші, әлеуметтік мәселе, кол­леджде студент­тер­ге дәріс оқитын кадр­лардың да жалақысын арттырған абзал. Білікті кадрлар­­­­ды колледждерге топ­тастырамыз десек алдымен осы әлеу­меттік түйінді шешу керек.

Оқыту үдерісінде материалдық-тех­никалық базаны жаңартып, жаңғырту да маңызды. Оқыту шеберін колледж­ге қызметке шақыру оңай шаруа емес. Мысалы, дәнекерлеуші мамандығына тәжірибелік сабақ өткізуге маманды табу қиын. Дәнекерлеуші жоқ емес, бар, бірақ олар мардымсыз еңбекақыға жұмыс істегеннен гөрі жеке цех ашып, кәсібін дөңгелетіп, орасан пайда табуға құмбыл. Материалдық-техникалық базаны нығайтып, күшейтудің маңыздылығы осында. Өйткені кәсіптік-техникалық білім алған жұмысшы мамандар оқумен қатар өндірістік тәжірибеден өтіп шыңдалады, кәсіби біліктілігін арттырады. Колледжді тәмамдағанда дайын мамандық иесі атанады. Жұмысшы мамандарды даяр­лау ісінде жатақхананың жетімсіздігі де күрмеулі мәселе. Заманауи үлгіде жабдықталған, бүгінгінің студенттеріне қажеттінің барлығы бар жатақхананың жетіспеушілігі де көп нәрсеге қолбайлау екені шындық.

– Өндіріс орындарынан тәжіри­белі мамандарды тарту ісі қалай жүзеге асырылады? Мәселен,  «Egemen Qazaqstan» газеті мен Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­т­е­ті ара­­сында меморандум бар. Яғни журна­листика мамандығы бойынша білім алушы студенттерге тәжіри­бе­лік сабақтар газет редакциясында өтеді. Болашақ жас журналистер басы­­лымның редакциядан жазылып, бет­теліп, баспаханаға жөнелтілетін шаруа­­сын көзімен көреді.

г

Омарбек Орынбекұлы: Бұл сұрақ­қа қайырылмас бұрын мынаны айт­қым келеді. Колледжде білім алуға ұм­тылған бала қандай мамандықты таң­дайтынын отбасынан айқындап, біліп келуі керек. Жапония сынды дамыған елдерде баланы балабақшадан еңбекке баулиды.

Колледжде оқытудағы басты кілтипан – студенттердің білім алуға аса құлық­сыз­дығы, ол аз болғандай, оқуын бітірген түлектердің көпшілігі жұмысшы маман­дығы бойынша жұмысқа барғысы келмейді. Мысалы, тек елордада ғана емес, еліміздегі маңдайалды колледж саналатын Астана политехникалық кол­леджінде ІТ мамандығы бойынша оқуға құштар жастардың шоғыры қалың. Дәнекерлеуші, ағаш шебері, сылақшы, қалаушы сынды мамандықты игергісі келетін жастардың қатары аз. Астана қаласында мұнаралы крандарға машинист тапшы. Осы мамандық бойынша оқуға ынталы студенттер сирек.

Енді сұраққа қатысты. Кезінде ірі өндіріс орындарындағы білікті мамандар кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарына арнайы іссапарға жіберіліп, тәжірибесімен бөлісіп, дәріс оқитын. Өндірістік оқыту сабақтарын өткізіп, жас мамандарды тәрбиелеу ісіне үлесін қосатын. Осы үрдіс қазір үзіліп қалды. Тағы бір назар аударарлық мәселе кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің оқытушы кадрлары жа­самыс тартып, қартайып барады. Ай сайынғы еңбек­ақы­­сы мардымсыз болғандықтан, жас оқы­­тушылар колледжде жұмыс істеуге ықыласты емес.

Жөнді-жөнсіз реформа жасаймыз деп барымыздан айырылып қал­ған­даймыз. Бұрынырақта салада жолға қойылған біріз­ді жүйе бар еді. Академиялық дер­бес­тік береміз дедік, өзге де өзгеріс­тер­дің нәтижесінде бүгінде әр колледж оқыту бағдарламасын өздері жасайды. Мұның тиімділігі де бар шығар, бірақ орталықтан қадағалау, басқару тетігі іске қосылғаны да дұрыс. Кәсіби бейімдеудің мектепте жолға қойған жөн. Өйткені бала мектепте оқып жүргеннен-ақ келешекте қандай маман иесі болатынын бағамдап, шешім қабылдауы қажет. Жұмысшы маман­дығы иелерінің, еңбек адамдарының мәртебесін өсіру ісінде идеологиялық тетік іске қосылуға тиіс. Қоғам болып осы мамандық иелерін дәріптеу үрдісі белең алуы керек.

 

Қол күші қашанда сұранысқа ие

– Дәнекерлеуші, токарь, слесарь жыл сайын тапшы мамандықтардың тізімінен түспейді. Мұның сыры неде деп ойлайсыздар? Елімізде жұмысшы мамандық иелері тағы қандай салада тапшы?

щ

Шалқар Байқұлақов: Негізі біздің экономика әлемдік өлшеммен алғанда соншалықты күрделі емес. Ал мұндай экономика үрдісінде жұмысшы мамандар сұраныста болып отыр. Жалпы, еңбек нарығын жұмысшы мамандарсыз елестету мүмкін емес. Сол себепті біз ұсынған кешенді жоспарда келешекте жұмысшыға сұраныс көбейетінін айттық. Мысалы, болжам бойынша 2030 жылға дейін 1,8 млн жұмыс орнына сұраныс болады. Оның миллионын жұмысшы мамандық құрайды. Мұнда сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі сынды салаларға сұраныс артады. Бүгінде елде 7 миллионға жуық адам еңбекпен қамтылған болса, соның 1,7 миллионы – жұмысшы мамандар. Еліміздегі әрбір төртінші адам жұмысшы. Яғни жұмысшыға сұраныс қазірдің өзінде көп. 2030 жылға қарай жұмысшы мамандықтардың ішінде дәнекерлеушіге сұраныс жоғары болады. Сол секілді сантехник, тракторшы, құрылыс-монтаж маманы, өндіріс слесарі, автокөлік слесарі, электрмонтер, тас қалаушы, сылақшы, үйдің қасбетін әрлеушілер, ағаш ұсталары, тау кен маманы, шахтерлер, кран басқаратындар сынды мамандықтарға сұраныс көбейеді.

Тағы бір айта кетер жайт, былтыр министрлік еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлегенде талдаулардың көмегімен жұмысшы мәртебесіне селқос қарауға болмайтынын бағамдадық. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Тамара Дүйсеноваға осыған қатысты ұсынысымызды айттық. Өйткені, күнделікті тіршілікте айына 1,5 млн теңге табатын кран машинисі мен әкімдікте 200 мың теңгені қанағат тұтатын маман қатар келсе, мемле­кеттік қызметкердің мәртебесі бәрібір биік көрінеді. Осы тұрғыда жұмыс­шы­лардың мәртебесін арттыру үшін құндылық­та­ры­мызды, жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасымызды өзгерту керек.

м

Мейрамгүл Имашева: Деректерге сәйкес, электронды еңбек биржасында Астана қаласы бойынша 2 479 кәсіпорын­­нан 3 496 жұмыс орнына 1 711 бос жұмыс орны жарияланған. Айта кетерлігі, оның 1 800-ден астамы жұмыс­шы мамандықтарына тиесілі. Сұраныс жоғары мамандықтардың ішінде электрик, дәнекерлеуші, мұнаралық кран машинисі, тас қалаушы, бетоншы, автоэлектрик бар. «Еңбек мобильділігі орта­лығы» жұмыссыз азаматтарды тұрақ­ты жұмысқа орналастыруға басым­дық береді. Жылда пәлен адамды жұмысқа орналастырамыз деп жоспар бекітіп, соны орындауға тырысамыз. Былтыр Астана қаласы бойынша сегіз мыңнан астам азаматты жұмысқа әзер орналастырдық. Неге дейсіздер ғой? Еңбек нарығында бос жұмыс орындары жоқ емес, бар. Әсіресе Астанада ұсынылып отырған жалақыны төмен деуге келмейді. Шамамен 200 мың теңгеден жоғары. Оның ішінде құрылыс саласындағы мамандардың, слесарь, дәнекерлеушінің жалақылары өте жақсы. Бұл салаларда жалақы 400 мың теңгеден басталып, одан әрі өздерінің атқарған жұмыс ауқымына қарай табысы өсіп отырады. Міне, біз осындай мамандықтардың өзіне жұмысшыны әзер тауып, жолдама беріп жүрміз. Қолынан іс келетін кейбір жұмысшының білімін растайтын құжаты болмай жатады. Банк алдындағы берешегін өтемегеннен шот­тары бұғаттаулы азаматтар да көп. Олар жалақысын қолма-қол алғысы келеді. Біздің ұсыныспен мамандардың жұ­мысқа тек ресми тұрғыда орналасуға мүмкіндігі бар. Осы талапқа келгенде жұмыс­шылар амалсыздың күйін ке­шуге мәжбүр. Расында, жалақыны қолма-қол алу дегеннің машақаты көп. Мұндай жағдайда жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек заңнамалары сақталмайды. Тұрақтылық болмайды. Жұмысшы құқын кез келген жағдайда қорғай алмауы мүмкін. Білімін растайтын құжаты жоқтар, банк картасы бұғаттаулы азаматтар да бізге өкпе-назын жаудырып жатады. Соған қарамастан оларға қолдан келгенше жәрдемдесуге тырысамыз.

Иә, қазір жұмысшылардың да талабы жоғары. Жұмысшыға, қол еңбегіне сұраныс көбейіп жатқан соң солай болуы да заңдылық шығар. Табылып тұрған жұмысты үйден қашық дейтіндер де кездеседі. Мейлі, талабы жоғары болса болсын. Бірақ қабілеті талабына сай келмейтіндерді қайтеміз? Кәсіптік білімі болмаса да тым жоғары жалақы сұрайтындар да жетеді.

 

Ынта, талап, жігер – бар ырыстың бастауы

– Қолында кәсіптік білім алғанын растайтын дипломы болғанымен, жұмыссыз жүргендер көп. Оларды мамандыққа қалай қызықтырып, ынта­­ландыруға болады? Жұмысшы маман­дықтарына жастарды көптеп тартуда ынталандыруға баса мән берген жөн секілді. Әсіресе күрмеуі қиын әлеуметтік мәселені шешуге септігі тиетін болса, мысалы құрылыс компаниялары жатақханамен қамтыса, келешекте төмен пайызбен үй беріледі дегендей жеңілдіктер қарас­тырылса...

Омарбек Орынбекұлы: Құрылыс компаниялары мамандарға зәру. Сылақ­­шы жоқ, қалаушы қат, есік-терезе орнатушы таптырмайды дегендей. Егер сол компания басшылығы еңбегі ерен қызметкерге төмен пайызбен үй беріп, баспана мәселесін шешуге көмектесетін болса, жұмысшыдан тапшылық көрмейді. Жастар да жұмысшы мамандыққа қызы­ғатын еді. Жұмысшы мамандығы туралы мәселе қозғалғанда мамандардың біліктілігіне назар аударылуы керек. Технология күн озған сайын түлеп, түр­леніп, жаңарып барады.

Шалқар Байқұлақов: Жастарға кәсіби бағдар беру қажет. Соның есе­сі­не олар өзінің машығын табады. Жуырда Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығы «Мансап компасы» деп аталатын плат­­форманы іске қосты. Бұл платфор­маны пайдаланушыларға еңбек нары­­ғындағы өзекті трендтерді зерделеуге, түрлі кәсіптердің сұранысын салыстыруға, оңтайлы білім траектория­сын таңдауға мүмкіндік береді. Биыл платформа 400-ге жуық мамандықты талдай алса, келер жылы осыған тағы 250 жұмысшы мамандығын енгізгелі отырмыз. Мұны әуелі мектеп түлектері мен студенттерге ұсынамыз. Яғни олар осы платформа арқылы сұранысқа ие мамандықтарды, жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын талаптарды, грант алу мүмкіндіктері туралы ақпаратты әп-сәтте біле алады. Осыған қоса, таңдаған мамандықтың болашағын бағалау, тағылымдамадан өту, қабілетіңе сай келетін жұмыс іздеу жөнінде мәлімет береді. Платформада әр оқушының жеке кабинеті болады. Жеке кабинеті арқылы кәсіби бағдар бойынша тест тапсырып, тізімдегі қандай жұмысшы мамандыққа бейімі барын біледі. Негізі мұндай платформа дүние жүзінде жоқ. Егер қосымшаның мүмкіндігін пайдаланатындар көбейсе, бұл еңбек нарығына, мемлекетке тиімді болар еді.

Иә, қазір жұмысшы мамандықтары бойынша еңбек етуге ынталы жастар азайып барады. Мұның түрлі себебі бар. Кейбір жұмыс орындарында жалақыны аз ұсынуы, еңбек шарттарына жұмысшының көңілі толмауы мүмкін, тағысын-тағы. Жуырда біз энергетика, су саласын зерделеген кезде олардың жалақысы орташа екенін білдік. Шын мәнінде олардың еңбек нарығында көбірек табыс табуға мүмкіндігі бар. Мысалы тарифті көтерсе болар еді. Ал тарифтерді мемлекет қадағалайды. Салдарынан компанияда пайда аз болған соң, жұмысшыларға да жалақыны қысып төлейді. Жұмысшыны жарылқаймыз деп трифті шамадан тыс көтерсе, тағы болмайды.

Мейрамгүл Имашева: Бізге кәсіп­тік білімі бар болғанымен, еңбек тәжіри­бесі жоқ мамандар да жиі келеді. Оларды тәжірибе жинасын деп «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Әсіресе, бірнеше зауыт шоғырланған өнеркәсіп парктеріне жіберуге күш саламыз. Сонда байқағанымыз, ондағы кәсіп иелері жас мамандарды жұмысқа тартуға құлықсыз. Небір сылтау айтып, шығарып салады. Тіпті, дәнекерлеушілер де сол төңіректен жұмыс таба алмай жатады. Жастардан тәжірибе, біліктілік талап етеді. Ал жас мамандар қайдан, қалай тәжірибе жинайтынын бізден сұрайды. Бұл жұмысшы мамандығын оқыған түлектерді тұйыққа тірейді. Содан жастар бос жұмыс орнын күтуден жалығып, амалсыз курьер болады, көлігі барлары такси жүргізеді. Сөйтіп оқуын кеше ғана тәмамдап, жұмысшы болуға ұмтылған жастардың жігері құм болып, жарты жылда машығын да ұмыта бастайды. Оқу бітірген талапты жас­ты бірден жұмысқа алса, мамандыққа тез-ақ үйренер еді. Жастарды жуытпай, көрші елден жұмысшы тартатындар да бар. Оларға инженер, механик, слесарь өзімізден де табылатынын айтамыз. Қайтаратын уәждері: «біздің жұмысшылардың санаты төмен, таппаған соң, шетелден шақырдық» дейді. Сол шетелден шақырған маманға миллиондап жалақы төлейді. Бұл да болса жұмысшы мамандардың еңбек нарығына бірден араласуын тежеп тұрған мәселе. Олар «Жастар практикасы» бағдарламасымен жалақының бір бөлігін мемлекет төлеген соң ғана жастарымызды жұмысқа алып жүр. Шын мәнісінде, бағдарламамен келген жасты жұмысқа баулып, бағыт-бағдар көрсетіп, арқасынан қағып, еңбекке шыңдауы керек қой. Алайда «Жастар практикасының» мерзімі өткен соң, маманды тұрақты жұмысқа алудан бас тартатындар көп. Тауы шағылған маман бізге қайтып келіп, жұмыссыз ретінде тіркеледі. Содан соң жұмыс берушілер жастарды ынталандыратын жап-жақсы бағдарламаның мәнін жете түсінбей ме деген ойда қаламыз.

 

Реформаға пайымды парасат керек

– Байқауымызша, атқарылуы тиіс біраз шаруа қордаланып қалыпты. Қайта қарау­д­ы, жетілдіруді, жаңғыр­ту­ды талап ететін мәселе жетерлік. Осы тұр­ғыда ре­фор­маны неден бастаған жөн?

к

Кендай Ахметов: 1969 жылы Сары­шаған стансасының орта мектебін бітірген соң, ШЧ-19 (теміржолдың белгі беру және байланыс дистанциясына) СОБ құрылғысының электржөндеушісі болып жұмысқа орналастым. Содан бір жылдық курс оқыдым, техникум тәмамдадым, кейін Алматы теміржол көлігі инженер­лері институтында «Теміржол көлігін электрлендіру» мамандығы бойынша білім алдым. 2000 жылдарға дейін таң­даған мамандығыммен түрлі қызметте болып, 2002 жылы зейнеткерлікке шыққанша Астана электрмен жабдықтау дистанциясы директоры қызметін атқардым. Айтпағым, мамандарды даярлаған соң, оның жұмысқа орналасуы­на да жәр­дем­десу керек. Осы орайда бізге бұрын­ғыдай бір-ақ жыл оқытатын «тех­ни­калық мектеп» үлгісі қажет секілді. Ол жұ­мысшылардың алғашқы бас­палдағы болар еді. Техникалық мек­тепте түйген-біл­геніміз техникум, институт берген білімнен кем болмады. Егемендіктің елең-алаң кезеңінде техникалық мектептің, училищенің тәп-тәуір жұмыс тәртібін жаңартып ұсына алмадық. Жұмысшы маман­­дықтардың қамын ойласақ, бізге рефор­маны осыдан бастау қажет. Учи­лищені бітіргендер бұрын міндетті түрде екі жыл бір мекемеде еңбек ететін. Қазір осы тәртіпті кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдарға алып келсек, жұмысшы тапшы деп дабыл қақпас едік. Өзімізге, мемлекетке жанымыз ашыса, еңбек нарығына нағыз білікті жұмысшыларды даярлауымыз қажет.

Шалқар Байқұлақов: Жұ­мыс­шы­ға сұраныс еліміздің солтүс­­тігін­­дегі аймақтарда көп екені байқалады. Мамандар қартайып барады. Оның бірінші себебі, жалақының аздығы болса керек. Тұрғындар, әсіресе жастар жағы такси жүргізушісі немесе курьер болып жұмысшыдан әлдеқайда көп ақша таба алады. Бірақ олар өмір бойы курьер болып жүрмейді ғой. Қалай да маман иесі атануы керек емес пе? Еңбек нарығына қолында дипломы бар ғана емес, сапалы, экономиканы өрге сүйрейтін маман қажет. Сол үшін де Президент техникалық және кәсіби білім беру жүйесіне реформа жасау керектігін алға тартты. Әріптестеріміз айтқандай, кәсіптік білім беретін ұйым мұғалімдерінің жалақысын, мәртебесін көтерсе, олардың инфрақұрлымын жаңартса құба-құп. Жоғары стандарттарға сай келетін кәсіптік білім беретін ұйымда білім алған жастың қалай дегенде де мамандыққа қызығушылығы артар еді. Тағы да қайталап айтсам, бізге жүргізуші, курьерлер қажет емес. Олар қай кезде де табылады. Бізге – жұмысшы қажет.

– Соңғы жылдары мектеп мұғалім­де­ріне жан-жақты қолдау көрсетіліп, мәр­тебесі көтерілді. Мұғалім болғысы келе­тіндер көбейді. Жұмысшы маман­дық­тардың беделін арттыру үшін де осын­­­­­дай тың, батыл қадам жасайтын кезең келген сияқты ?

м

Мұрат Іргебаев: Шынында, жұмыс­шы мамандықтардың тапшылы­ғына бірнеше фактор әсер етеді. Соның ішінде отбасындағы тәрбиеден бастап, маман даярлайтын ұйымдардың ахуалы, жалақының аздығы, жұмыс орындарының жас мамандарға сенім артпауы, тағысын-тағы, жалғаса береді. Мұндағы төрт түрлі кедергі жұмысшының ертеңіне тікелей ықпалы бар. Салдарынан жұмысшы өзі таңдаған саланың шебері болсам деген ойнынан айнып, басқа салаға жармасады. Оқуын кеше бітірген жастан еңбек өтілін сұрау ақылға сыймайтын дүние. Жас маманды шыңдау керек. Сонда ол уақыт өте шеберлік жағынан басқа, тәжірибелі деп жүрген маманнан оқ бойы озуы бек мүмкін. Жұмысшы мәртебесі төмендеп барады. Жұмысшы болудан жасқанатындар көп. Жұмысшы адамның мәртебесін көтеріп, оларға дұрыс баға беретін шақ туды. Әнші, спортшыларды жарнамалағандай, жұмысшыны да елге таныту қажет. Жыл сайын өтетін, шағын аудиторияны қамтитын, шығыны көп науқандық іс-шараларды тыйып, осы дөңгелек үстел басында айтылған, маман даярлаудағы жүйелілікті, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы байланысты реттесек, оларды насихаттау үшін әлеуметтік желінің мүмкіндігін молынан пайдалансақ, жұмысшының абырой-беделі де, жалақысы да арта түсер еді.

Кендай Ахметов: Өзім еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, кейін басшылық қызметті де атқарған соң жұмысшылардың жай-күйін бір кісідей білемін. Мекемеде 400-ге жуық жұмысшы еңбек етті. Басшылықта жүргенде талай жұмысшы келді. Жұмысқа алайын десек, бірінде оқығанын растайтын құжат жоқ, құжаты барларының кейбірінде кәсіби дағды, шеберлік жоқ. Қолына оқыды деген куәлікті қалай алғанына таңғаласың. Бірақ екеуі де тәжірибесі жоғына қарамай, жұмыс істеп, бірден көп табыс тапқысы келеді.

Қазір жастардың еңбекке деген көзқарасы өзгерді. Бірінші кезекте жұ­мыс­шылар жақсы еңбек жағдайында жұмыс істеуі керек. Жалақысы, құрал-жабдықтармен қамтылуы, қауіпсіздігі, денсаулық жағдайы бақылауда болуы тиіс. Өзіміз де оқуды кеше тәмамдаған жастармен жұмыс істедік. Барлығын үйреттік. Қиын, қауіпті жерге бірден нұсқамайтынбыз. Мысалы, 220 000 кВт тоқпен жұмыс істейтін мамандар болды. Біз оларға құрметпен қарайтынбыз. Күнде қауіпсіздік ережелерін сақтау керегін ескертеміз. Одан бөлек отбасы жағдайын, көңіл күйін сұраймыз. Қолдан келгенше жоғын түгендеуге, ынталандыруға тырысатынбыз. Лайықты жұмысшыға көлік алып берген кездер болды. Қазір сый-сияпат деген қалып барады. Тексеріс көп. Қайырымдылықты он ойланып барып жасайсың. Орайлы сәтті пайдаланып, теміржолдың да дәрежесін көтеру керек дегім келеді. Ондағы тозған құрал-жабдықтарды ауыс­­­­тыру қажет. Сала­дағы жемқорлық та көп нәрсеге қол­байлау. Осының барлығы реттелсе, ел экономикасының күретамыры теміржол саласы да түзеледі. Парақорлық, жемқорлық – жалпы теміржолда ғана емес, басқа да салалардың дамуын тежеп отырған кесел. Заман оңалып келеді дейміз. Сол тұрғыда күйіп тұрған мәселені ашып айтудан именбеу керек, сонда ғана жұмысшы мәртебесі артады, түзелеміз, жаңарамыз, дамимыз.

Мейрамгүл Имашева: Кім-кім де болса жақсы жұмыс істесем, қаржылық жағдай тұрақты болса дейді. Осы салада жүрген соң көп нәрсені түсіндік. Қазір балаларымызға келешекте заңгер, бухгалтер боламын деп ойлама, жұмысшы мамандығын игер дегенді жиі айтамыз. Жарық, су, жылу беретін, қала тазалығына жауапты мамандарға көктен қарайтындар, өкінішке қарай, қоғамда кездеседі. Мұның барлығы түптеп келгенде үйдегі тәрбиеден, таным-түсініктен басталады. Ертеректе үлкендер ұрпақтарына жоғары білім ал, ғалым бол десе деген шығар. Дегенмен қазір қолмен істейтін шаруаға қыры барлар жерде қалмайды. Адамның шеберлігін, қабілетін, өнерін ешкім тартып ала алмайды.

Жасырып несі бар, кәсіптік білім беретін колледжге баруға намыстанатындар көп. Ата-аналар да баланың кәсіптік білім алсам деген ұсынысын қолдай бермейді. Балаларға мектепте, отбасында дұрыс бағыт-бағдар бермеген соң қайда барарын, кім боларын білмей жүрген жастар көп. Оларға жұмысшы мамандықтары болашақтың мамандығы екенін түсіндіру керек. Бұл ортақ шаруаға үйде ата-ана, мектепте мұғалімдер араласуы қажет. Сонда ғана келешекте жұмыс­шы мәртебесін қалай арттырамыз деген сауалға нақты жауап аламыз.

 

Жұмысшы маман дәріптелуі шарт

– Өте орынды айтып отырсыздар. Жұмысшы мамандардың, еңбек адамдарының орасан шаруа атқарып жүр­генін қоғам болып насихаттау ісін қол­ға алудың уақыты әлдеқашан туған секілді?

Омарбек Орынбекұлы: Әрине, көпшілік­­тің көзқарасын, қоғамдық түсінікті өзгерту жылдам бола қоймайды. Мысалы, жуырда мынадай көрініске тап болдым. Қоғамдық көлік ішінде алдымда отырған келіншек жеткіншек баласына ақыл айтып отыр. Терезеден сыртқа қарады да көше тазалап жүрген еңбек адамдарын баласына көрсетті. Сөйтті де «сабақты жақсы оқымасаң, кейін сен де осылай көше сыпырушы боласың» деп жекіді. Осы қаншалықты орынды? Еңбек адамының мәртебесін, беделін қалай таптап отыр? 1980-жылдары шұбартаулықтардың бастамасымен мектеп бітірген түлектерді жоғары оқу орнына емес, қой бақтыруға жіберген. Комсомол жастар бригадасы құрылып, басқа да қоғамдық жұмыстарға салды. Бұл қаншалықты тиімді, тиімсіз болғаны басқа әңгіме. Айтпағым, еңбек адамдарын, жұмысшы мамандық иелерін жан-жақты насихаттап, дәріптеу арқылы мәртебесін көтеруіміз керек.

Нұргүл Тау: Жалпы кәсіптік бейім­деу ісінде атқаратын шаруа әлі көп. Жасы­­ратыны жоқ, мектепте оқу үлгерімі төмен, тәртібі қиын балаларды колледжге түсуі­не үгіттейді. Осы қасаң түсінікті жою керек. Кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орны­на жұмысшы мамандықтарға бейімі бар, қызығушылығы жоғары, келе­шек­те білікті маман атанатын талапты жастарды тарту керек. Қай сала бойынша қандай мамандық иелері керек деген сауалға жауап тауып, сұранысқа сай мамандық иелерін оқытуға басымдық берген ләзім. Әлеуметтік желінің алаңын насихат құралына дұрыс айналдыра білсек, жұмысшы мамандық иелерінің мәртебесін арттыруға зор серпін береді. Мәселен, менің фейсбуктегі парақшама жазылушы саны 3 мың ғана. Жақында жатақхана мәселесін көтеріп пост жариялап едім, 320 мың адам оқыды, қызу пікір білдірді. Оны тағы бір әріптесім қолдап, бөлісіп еді, қаралымы 1 миллионнан асып жығылды. Жоғарыда айтқанымдай, еңбек адамдарын, жұмысшы мамандық иелерін насихаттауда әлеуметтік желінің күшін ұтымды пайдалана білуіміз керек.

Майра Сембина: Сонымен қатар колледждердің материалдық-техникалық базасын, инфра­құ­рылымын заманауи технологиямен жабдықтаудың маңызы зор. Кәсіптік-тех­никалық мамандықтарға баулитын оқу орындары қаланың шетінде емес, орта­лы­ғында орналасуы керек. «Binom» сынды озық технологиямен қамтамасыз етілген заманауи үлгідегі мектепте білім алып келген бала колледждің қазіргі жағдайын көргенде көңілі қоңылтақситыны анық. Тіпті ескірген деп партаға да отырғысы келмейтін сыңай танытады. Біздің колледж 1949 жылы бой көтерген ғимаратта орналасқан. Материалдық-техникалық базаны нығайтып, жаңартпай болмайды.

Тәжірибеде анықталғандай, жұмыс берушілер оқу бітірген жас кадрларды қабылдағанда көбіне колледж түлек­те­ріне баса назар аударады. Себебі оқу барысында олар теориялық білімді тә­жірибемен ұштастырып, дайын маман болып шығады. Колледждерге жұмыс берушілерді көптеп тартып, етене байланыс орнатқан абзал. Мысалы, біздің колледжде елдегі іргелі алты компанияның ресурстық орта­лы­ғы ашылған. Жұмыс берушілерге қандай мамандық иелері керек, соған сай оқы­тып, колледжде бейімдейді. Яғни біздің түлегіміз оқуын бітірген соң сол алты компанияның біріне жұмысқа бар­ған­да өндіріс орнына кіргенде іркілмей жұ­мысын жалғастырып әкетеді.

 

Дөңгелек үстелді әзірлегендер –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

Сәндібек АСАНӘЛІ,

«Egemen Qazaqstan»