Бүгінде елімізде ғылыми зерттеулер және әзірлемелерді іске асырумен 400-ден астам ұйым айналысса, ғылымның әлеуетін арттыруға үлес қосып жатқан ғалымдар саны 25 мыңнан асады.
Сарапшылар ғылыми зерттеулерге кедергі болып отырған басты мәселе ғылыми зерттеу кешеннің жетіспеушілігі, заманауи зертханалардың тиісті деңгейде жабдықталмауы екенін айтады. Өнертабыс нәтижелерін коммерцияландыру да көкейкесті болып отыр. «Ourworldindata» деректер базасында Қазақстанда ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысына бөлінетін қаржы көлемі ІЖӨ 0,5 пайызын құрайтын болса, орташа деңгейдегі елдерде бұл көрсеткіш – 1,9, дәулетті елдерде 3 пайызды құрайды.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өңірлерде білім берудің қолжетімділігі мен сапасын, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру мақсатында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгеріс енгізілді. Осы құжат аясында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмысы жалғасып жатыр. Халықаралық озық тәжірибені трансферттеу арқылы білім мен ғылымның сапасын жақсарту, шетелдік студенттер үлесін арттыруда 20-ға жуық әріптестік келісім жасалды. Нәтижесінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасындағы «Ұлттық ядролық зерттеу университеті МИФИ», С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің базасында Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университеті, Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университетінің базасында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты, Абай атындағы ҚазҰПУ базасында Лотарингии, Шәкәрім университетінің базасында Быдгощ қаласындағы Экономика университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Хериот-Уотт, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті базасында Аризона, тағы да басқа шетелдік университеттердің филиалдары ашылды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі дерегіне сүйенсек, 2023–2025 жылдары ғылымға бөлінген бюджет 3,3 есе өскен. Ендігі кезекте 2024–2026 жылдар аралығында ғылыми жобалар мен әзірлемелерге 730 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. Ұлу жылы 2 мыңға жуық ғылыми жоба, 162 ғылыми-техникалық бағдарлама, 137 коммерцияландыру, жас ғалымдар тарапынан 700-ден аса жоба іске асты. Құзыретті саланың болашаққа жасаған болжамдары нәтижесін беретін болса, 2027 жылға қарай ҒЗТКЖ шығындары ІЖӨ 1 пайызына жететін болады.
Соңғы үш жыл ішінде ғылыми жұмысқа бюджеттен 489,2 млрд теңге бөлініп, 2024 жылы бұл көрсеткіш 145,3 млрд теңгені құрады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 65 млрд, ғылыми гранттарға 56,2 млрд, ал 24,1 млрд теңге гранттық коммерцияландыруға қарастырылған.
Қазіргі кезде ғылымды дамыту бағдарында институционалдық бағыт ұстанған Президент жанындағы ҰҒА форсайт зерттеулер жүргізіп, ел өңірлері бойынша қолдауға мұқтаж салаларды анықтады. ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, әлемдік тәжірибеде жетекші академиялардың жұмысы ситуациялық-болжамды талдау жүйесіне негізделген. Осыған орай академияда отандық ғылымның нақты жай-күйін бағалау мақсатында арнайы талдау орталығы құрылып, ғылымның дамуына кедергі келтіретін бірқатар фактордың бар екеніне көз жетті. Ғалымдармен жүргізілген сауалнама, мониторинг нәтижесінде білікті ғылыми кадрлардың тапшылығы өзекті болып отыр. Бүгінде республикада ғылыми зерттеумен 20 мыңнан астам ғалым айналысып жатқан болса, ғылымы дамыған елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда көп. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға сәйкес академия алғаш рет 2025–2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 113 ғылыми-техникалық тапсырысына сараптама жүргізіліп, 87-сі бойынша ескерту жинақталған. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысқа қатысатын ғалымдардың 60 пайыздан астамы Алматы және Астана қалаларында тұратындықтан, ғылымға бөлінетін қаражаттың басым бөлігі осы екі қалаға тиесілі. Алдағы уақытта анықталған кемшілікке сәйкес тиісті ведомстволармен жұмыс жалғасатын болады.
Елімізде ҒЗТКЖ-дағы мемлекеттік салымдардың үлесі 75 пайыз, ал басқа көздерден алынған инвестициялар 25 пайызды құрайды. Экономикасы дамыған елдерде зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыруға экономиканың кәсіпкерлік секторы 60-75 пайызға дейін қаржы бөледі, керісінше, мемлекеттік бюджет шығындары 40 пайыздан аспайды. Оның жарқын мысалын Израиль, Корея, Америка, Батыс елдерінің тәжірибесінен айқын көруге болады. Бұл бизнестің өндіріске инновацияларды енгізуге мүдделілігін көрсетумен қатар, аталған елдерде бизнес саласы елдің инновациялық дамуының қозғаушы күші екенін көрсетеді.
АЛМАТЫ