«Таза Қазақстан» • 03 Қаңтар, 2025

Президент «Таза Қазақстан» акциясын идеологиялық платформа деп санайды

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылы Президент бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Игі бастама барлық өңірді қамтыды. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» - көше тазалаудан әлдеқайда ауқымды ұғым екенін үнемі айтып келеді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында аталған бағыттағы жұмыстар әрі қарай қалай жалғасатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент «Таза Қазақстан» акциясын идеологиялық платформа деп санайды

Фото: ашық дереккөз

Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады.

«Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді.

Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады», деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, былтыр бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асуына, ең алдымен, әкімдер жауапты екенін тілге тиек етті.

«Елді мекендердің тазалығы – тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. Осы ретте «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын», деді ел Президенті сұхбат барысында.