Президент • 03 Қаңтар, 2025

Қ.Тоқаев: Президенттік басқару – Қазақстан үшін ең ұтымды тәсіл

111 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп жазады Egemen.kz.

Қ.Тоқаев: Президенттік басқару – Қазақстан үшін ең ұтымды тәсіл

Фото: Ақорда

«Әрине, парламенттік басқару жүйесі де жұмыс жүргізуге құқылы. Бұл жүйе Еуропадағы, тіпті Азиядағы бірқатар елде әбден орнығып, тамырын тереңге жайған. Бірақ биліктің әмбебап формуласы жоқ. Әр мемлекет саяси жүйесін таңдаған кезде төл тарихына, ұлттық болмысына, саяси тәжірибесіне сүйенеді. Менің аппаратым әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп жатыр. Посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын. Грузиядағы соңғы оқиғалар осы пайымға нақты дәлел бола алады», деді Президент. 

Президент мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау – айрықша жауапты шешім екенін атап өтті. 

«Мұндай шешімдер үркердей топтың оңаша басқосуында емес, тек қана жалпыхалықтық референдумда қабылдануы керек. Менің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамам Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы тұжырымдама екеніне сенімдімін. Бірақ оны толығымен жүзеге асыру үшін біз әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін.

Мемлекетіміздің тұрақты әрі орнықты дамуына зияны тиетін шешім қабылдауға менің де, сіз бен біздің де еш қақымыз жоқ. Мұндай мәселеге байланысты қателікке жол беруге болмайды. Түптеп келгенде, Конс­титуцияға енгізілген өзгерістің бәрі – Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және, ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы – осының барлығы саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.