Қарауға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтің және Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің кандидатуралары ұсынылды. Сайлау комиссиясы ашық дауыс беру қорытындысын шығарып, 288 дауыстың 224-і Нұралхан Көшеровке берілді. Мәслихаттар депутаттары жиналысының қорытындысына сәйкес, Президенттің тиісті Жарлығымен Нұралхан Оралбайұлы Көшеров Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды.
Облыс активімен кездесуде Премьер-министр Олжас Бектенов Дархан Сатыбалдыға өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Премьер-министр өңір активіне жаңа әкімді таныстыра келе, Мемлекет басшысының облыс басшылығы алдына қойған міндеттеріне тоқталды. Президенттің «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтылған экономиканы нығайту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсаты аясында, басым бағыттар қатарында экономиканы әртараптандыру және өнімді жаңа жұмыс орындарын құру арқылы кластерлік өндіріске көшу, «Turan» АЭА мен өңірдің жалпы инвестициялық тартымдылығын арттыру, көлік-логистикалық әлеуетті ашу және агроөнеркәсіп кешенін дамуын арттыру мәселелері айтылды.
Халықты қолжетімді әрі сапалы ауызсумен және азық-түлік өнімдерінің тұрақты бағасын қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірқатар міндет қойылды. Облыс орталығы Түркістанның тарихи әрі рухани маңыздылығын ескере отырып, мәдени мұраны сақтауға және түркі әлемінің бауырлас халықтары арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлу тапсырылды.