Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК
Өткен жылы бірнеше заманауи ғимарат білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау салаларында қолданысқа берілген еді. Биыл да ауыл-аймақтарда халыққа қажет жаңа нысандар көптеп салынады деп жоспарланып отыр. Айталық, 1055 орындық 13 балабақша ашылады. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы 914 орындық 12 балабақша, 150 орындық 5 шағын орталық және қосымша 594 орын ашылды. Өңірде 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, оқытумен қамту 94,4%, ал 3–6 жас аралығындағыларды қамту 98,8%-ды құрайды.
Жаркент қаласында 1200 орындық алғашқы жайлы мектеп ашылды, сондай-ақ Көксу ауданының Қаратал ауылында 120 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұдан өзге, Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылындағы бұрынғы спорт мектебінің ғимаратын балабақша ретінде қайта жаңғырту, төрт мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымы да айтарлықтай жақсарып келеді. Атап айтқанда, салада 16 нысанның құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Панфилов ауданы Шежін ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарындағы үш нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында 250 адам қабылдайтын емхана іске қосылды. Қаратал ауданының орталық ауруханасының «А» блогі күрделі жөндеуден өткізілді.
Алакөл ауданы Бибақан, Қоңыр, Арқарлы ауылдарында, Ескелді ауданының Екпінді, Жаңалық ауылдарында, Кербұлақ ауданының Онжас, Көксай, Қазансу, Тастыбастау, Қарлығаш, Рудник-Арқарлы ауылдарында, Жоламан стансасында, Сарқан ауданы Черкасск, Абай, Аманбөктер ауылдарында, Көксу ауданының ПЧ-45 елді мекенінде, Текелі қаласында жалпы саны 17 блокты-модульді медициналық кешен орнатылды. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 59 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, оның 15-і дәрігерлік амбулатория, 39-ы фельдшерлік-акушерлік, 5-і медициналық пункт.
Спорт саласы бойынша Текелі қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Сарқан ауданының Алмалы ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Талдықорған қаласында Орталық стадион қайта жаңартылды. Сондай-ақ Қаратал ауданының Көпбірлік, Тастөбе, Ескелді би ауылдарында, Кербұлақ ауданының Қызылжар ауылында 3 блокты-модульді кешендер орнатылды. Оған қоса Талдықорғанда елімізде баламасы жоқ «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған волейбол орталығы, сондай-ақ инвестор есебінен спортшыларға арнап салынған төрт қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жалпы, халықтың 1 мың адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі – 64%, денешынықтырумен, спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі облыс халқының жалпы санының 42%-ын құрайды.
Облыс орталығында зейнеткерлік жастағы азаматтарға сапалы қызмет көрсету мақсатында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Мұнда 40-қа тарта адам жұмыс істейді әрі қарттарға 12 түрлі қызмет көрсетеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, облыс орталығы Талдықорған қаласының өзінде 25 мыңға жуық зейнеткер тұрады, сондықтан облыс әкімінің тапсырмасымен «Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ құру туралы шешім қабылданған.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмысының негізгі мақсаты – мәдени, шығармашылық, спорттық, іскерлік қабілеттерін шыңдау арқылы зейнет жасындағы адамдардың физикалық, психикалық саулығын нығайту. Орталыққа күн сайын 250-ден астам адам келеді. Жыл ішінде орталыққа келушілердің қатысуымен 50-ден астам түрлі іс-шара, сондай-ақ Ақсу, Кербұлақ, Қаратал аудандарының киелі орындарына, тарихи нысандарына экскурсиялар, Абай облысының Семей қаласына сапар ұйымдастырылды. Талдықорғанның зейнеткерлік жастағы кез келген тұрғыны біздің орталыққа келе алады, мұнда барлық қызметтер тегін. Тек жеке куәлігі мен зейнеткер куәлігін алып келуі керек», дейді «Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ басшысы Әсет Оразбекұлы.
Мұндағы қолайлы жағдайға қалың көпшілік дән риза. Орталықтан қызмет алатын ардагер Сайра Ахметова: «Мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына ашылғаннан бері тұрақты келемін. Фитнеспен, йогамен, бимен айналысамын. Емдік массаж курсынан өттім. Бір жағынан денсаулыққа пайдалы, екіншіден араласатын ортаң кеңейеді, бұл біз үшін өте маңызды. Қаласақ, тіл үйренуге де жағдай жасалған. Орталықтың есігі келушілерге таңертеңнен кешке дейін ашық. Оны құруға, жұмысын жүргізуге қатысқан азаматтардың барлығына алғысымды білдіремін», дейді.
Айта кетейік, «Инватакси» қызметінің саны 18-ден 32-ге дейін өсті. Биылғы жылға Талдықорғанда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 150 орынды оңалту орталығының құрылысын жүргізу жоспарланған.
Өңірде мәдениет саласы да қашанда назарда. Ақсу ауданына қарасты Есеболатов, Матай, Арасан ауылдарында, Ескелді ауданының Қаратал ауылында, Көксу ауданының Жарлыөзек ауылында 5 мәдениет нысаны салынып жатыр. Соның ішінде Ескелді ауданының Қаратал ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталды, қалған нысандардың құрылысы биыл жалғасады.
Ескелді ауданы Қоңыр, Жалғызағаш ауылдарында, Қаратал ауданының Ескелді би ауылында 3 блокты-модульді мәдениет объектісі орнатылды. Жақында тағы 5 БМК орнатылады. Ақсу ауданының Көшкентал ауылында, Кербұлақ ауданының Қоғалы, Қарашоқы ауылдарында үш ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тағы бес нысанды күрделі жөндеу жалғасып жатыр.
Жетісу облысы