Бірақ осы жерде мен еліміздегі жасанды интеллект пен технологиялық үдерістің дамуын бұл сұхбатта айтылған басқа да ойлар төңірегінде өрбіткім келеді. Өйткені технология мен жасанды интеллектіге бір қарағанда үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай көрінсе де, басқа сұрақтарға берген жауабы кейбір ойымызға тамызық болады.
Мысалы, ол кісі «Президенттік басқару жүйесі әлі де Қазақстанның бүгінгі ахуалында өз тиімділігін көрсетіп келеді», деді. Ал Президент инновация мен цифрлы трансформация саласын ілгерілетуге тікелей ықпал етіп отыр. Президенттің саяси бағыт-бағдары мен нақты тапсырмалары арқау болғандықтан, мемлекеттік аппарат азаматтарға сапалы қызмет көрсетуді жеделдете цифрландыруда. Осы орайда цифрлы технологияларды күнделікті өмірге енгізу халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп, бәсекеге қабілетті арттырары сөзсіз. Мемлекет тарапынан ІТ-экожүйелерді дамыту жұмысы да, ел ішінде «Astana Hub» секілді ірі технопарктер мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның тарапынан жасалып жатқан «AI-Sana» секілді бастамалар мен еліміздің іргелі оқу орындарындағы суперкомпьютер кластерлерінің ашылғаны да – мақтауға тұрарлық қадам.
Мемлекеттің осындай нақты ұстанымы – біздің елімізді Еуразия кеңістігіндегі ірі цифрлы хабқа айналдыруға әлеуетті екенімізді көрсетеді. Жоғары оқу орындарында «Google» компаниясымен бірлесіп жасалған курстардың енгізілуі, «KazLLM» және «Alem.AІ» секілді іргелі бастамалардың қолға алынуы – Президенттің инновацияға және цифрлы экономикаға маңыз бергенінің айғағы.
Дегенмен бұл сұхбаттың аясында Президент инвестицияның маңызын алға тартқанына қарамастан, технология мен цифрлы шешімдерге бағытталған батыл қадамдар әлі де жеткіліксіз көрінеді. Нақты айтқанда, цифрлы немесе ІТ-жобаларды тікелей қолдау, субсидия бөлу немесе салықтық жеңілдік беру шаралары «Astana Hub»-ты айтпағанда, толыққанды көрініс таппай келеді. Елдегі бизнес үшін жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар көп жағдайда ауыл шаруашылығы немесе өнеркәсіп саласына көбірек бағытталады да, технологиялық инновация жобалары онымен салыстырғанда аз қамтылады. Мұндай ахуал мемлекет қолдауын қажет ететін цифрлы стартаптар мен инновациялық жобаларға кедергі тудыруы мүмкін.
Сонымен қатар мемлекет пен жеке сектордың арасындағы серіктестіктің әлеуеті жеткілікті деңгейде ашылмағандай әсер қалдырады. Мемлекеттік құрылымдар жаңа технологияларды ілгерілеткенмен, жекеменшік сектор мен венчурлық қорлардың қолдауы, батыл шешім қабылдауы жеткіліксіз болып тұр. Президенттің саяси жігері бар, ол тіпті бір сөзінде «Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін» десе де, нақты ынталандыру мен жан-жақты бағдарлама жасауда шабандық сезіледі. Оған қоса министрлер кабинетінде «Елдің цифрлық дамуы мен жасанды интеллектіні енгізумен тек салалық министрлік айналысу керек» деген көзқарас бар сияқты. Технология – ауыл шаруашылыққа да, денсаулық сақтауға да, экономикаға да, Әділет министрлігі мен саудаға, энергетика саласына да керек. Сондықтан біздің мемлекеттік аппарат еліміздегі әлемдік IT-компаниялардың өкілдіктеріне барынша ашық болғаны аз. Оған қоса отандық технологиялық алыптарды өсіріп, бәсекелестікке шыңдайтын ірі жобаларға серпіліс беруі керек.
Осы жерде қытайлық әдісті тілге тиек етпей кетуге болмайды. Қытай мемлекетінің жасанды интеллект және технология бағытында айтарлықтай нәтижеге жетіп, бұл салада бүгінде АҚШ секілді алпауыт мемлекетке дес бермей отырғаны:
1) технология саласында инвестицияны көбейту;
2) мемлекеттің назарын бұл салаға толық аударту;
3) бизнес пен ғылыми ортаның технология саласындағы бастамаларына толық қолдау және серпін беру арқылы жүзеге асты. Бізге де осындай жоғары амбициялық қадамдар қажет.
Соған қарамастан Президенттің жасанды интеллектіні дамытуды жауапкершілікпен қолға алуы қуантады. Енді оның экономикалық өсім үшін ғана емес, қоғамдық үдерістердің тиімділігін арттыру үшін де күнделікті тәжірибеге енгізу аса қажет.
Әсіресе жекеменшік сектор мен инвесторлардың белсенді қатысуы, стартаптар мен венчурлық қорлардың көбеюі арқылы ел экономикасының іргелі құрамдас бөлігіне айналатын жаңа өнеркәсіп қалыптасуы ықтимал. Тәуекелге бел буып, болашағы зор технологияларға қаржы салатын кәсіпкерлер қатарын арттыруға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетсе, отандық IT-индустрияның тамыры тереңдей түседі. Осы ретте мемлекеттік органдар да бизнестің пікіріне құлақ асып, ашық диалог тетіктерін дамытып, жаңа бастамаларды бірлесе орындауды жалғастырғаны жөн.