18 Маусым, 2015

Жұмыс мерзімі ұзартылды

282 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ПАрламент-үлкен Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болды. Оған палаталар төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қабиболла Жақыпов қатысып, регламент бойынша отырысты Мәжіліс Төрағасы жүргізіп отырды. Бекітілген күн тәртібі бо­йынша бірінші мәселе болып «Қа­­зақ­стан Республикасындағы конс­­ти­туциялық заңдылықтың жай-күйі» тақырыбында Конс­ти­туциялық Кеңес Төрағасы Игорь Роговтың жолдауы тың­дал­ды. Ол өзінің сөзін биыл Ата Заңымызға 20 жыл толатын мерей­лі жыл екенінен бастады. Ал жол­дауында конституциялық даму­дың негізгі қорытындылары, Конституциялық Кеңестің қы­з­меті, конституциялық құры­лыс не­гіздерін іске асыру бо­­йынша оның құқықтық ұста­ным­дары мен ұсынымдары, сон­дай-ақ, жаңа заң­дарды қа­был­дау, қолданыстағы заң­нама­ға өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу арқылы оның шешім­дерін жүзеге асыру және конс­­ти­туционализмді одан әрі нығайту жолдары айтылды. Қоғамдық өзгерістер еліміз­дің тұрақты дамуының маңыз­ды құралы бола отырып, Конс­ти­­ту­ция қоғамның даму деңгейі мен қа­жеттілігіне сәйкес жаң­ғыртылады, дей келіп, И.Ро­гов оған осы мақсатпен 1998 жыл­ғы қазанда, 2007 жылғы мамыр­да және 2011 жылғы ақпанда өз­герістер мен толықтырулар енгізілгенін еске салып өтті. Сол ар­қылы Ата Заңның тұрақтылығы мен серпінділігі арасындағы тепе-тең­дікке қол жеткізілді, оның жасампаз мүм­кіндігі барынша ашылды, азаматтар мен мемлекеттік органдарда оның қажеттілігі арта түсті, деді Конституциялық Кеңес Төрағасы. Конституцияға сәйкестігін са­ралау үшін Кеңеске барлығы 200-ге жуық заңнама түскен екен. Олардың 21-і Елбасынан, 77-сі Пар­ламент палаталарының төра­­ғалары мен депутаттарынан, 27-сі Премьер-Министрден және 66-сы соттардан. Соның бәрі­­не тиянақты сарап жасалып, 140-тан артық нормативті қаулы­лар қа­был­даныпты. Кеңеске түс­­кен барлық өтініштің 27-сі Пар­ла­­мент қабылдаған және Мем­ле­кет басшысының қол қоюы­на ұсы­­ныл­ған заңдардың Конс­ти­ту­­цияға сәйкестігін тексеруге ба­­ғытталған. Бүгінге дейін Парла­мент пала­та­лары­ның бірлескен отырысында Конс­ти­туциялық Кеңестің 18 жол­дауы жария етіліп, адам­дар­дың құқықтарын қорғау, заң шығар­ма­шы­лығы қызметін жетіл­діру, әкім­шілік реформалар мен конс­титу­ция­лық реттеудің басқа да сала­лары туралы мәселелер көтерілген. Сөзінің соңында Конс­ти­ту­циялық Кеңестің Төрағасы Ата Заңның әлеуетін одан әрі тиімді пайдалану, конституционализмді дәйектілікпен орнықтыру, Қа­зақ­станды қалыптасқан, қуатты, табысты, азаматтық қоғам құн­ды­лықтарын ұстанған және әлемдегі 30 үздік мемлекеттің қатарына кіруші мемлекет ретінде нығайту жолындағы мақсатқа жетуімізге сенім білдіретінін атап өтті. Бірлескен отырыс Конс­ти­туциялық Кеңес Төрағасының жолдауы бойынша қаулы қа­был­дап, күн тәртібіндегі екінші мәсе­лені қарауға кірісті. Ол Үкімет пен Республикалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы рес­пуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөніндегі мәселе болатын. Бұл мәселе бойынша Қаржы министрі Б.Сұлтановтың, Республикалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қ.Жаң­быршиннің баяндамалары тыңдалды. Қосымша баяндаманы Мәжіліс атынан Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Қ.Ыдырысов, ал Сенат атынан Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы, депутат Е. Астаев жасады. 2014 жылдың қорытындысы бойынша бюджет кірістері 5 908, 8 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде салықтық түсімдер 3 666 млрд., салықтық емес түсімдер 131,7 млрд., негізгі капиталды са­ту­дан түсетін түсімдер 7,7 млрд., трансферт түсімдері 2 103,4 млрд. теңге болған. Ал шы­ғыс­тар 6 471, 2 млрд. теңге. Бюджет тапшылығы – 1 081,3 млрд., бюджет тапшылығын қаржыландыру 1 081,3 млрд. теңге шамасында болған. Мәселені талқылау барысын­да қос палата депутаттары В.Рогалев, Е.Нығматулин, Ж.Дүй­­себаев, О.Перепечина, Г.Исім­баева, М.Тағымов, Е.Ники­тинская, Е.Мұқаев өзекті сұрақ­тарды алға тартты. Соның ішінде депутат Ж.Дүйсебаев Ауыл шаруашылығы министрі А.Ма­мытбековке 210 мың тонна етті жыл сайын Беларусь, Бразилия және т.б. елдерден сатып алудамыз. Жағдай осындай болып отырса, 2016 жылға дейін ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға дейін жеткізу туралы Елбасының тапсырмасын қалай орындаймыз, деді. Сонымен қатар, ол мал өнімдерін дамыту үшін жем-шөп қорын құру керектігін айтты. Ал біз миллиондаған гектар жайылымдарды тиімді пайдалана алмай отырмыз. Оның нақты себептерінің қатарында суландыру проблемаларының шешілмегендігі бар. Осы мәсе­лені шешуге министрлік келешекте нақты қандай шаралар қол­данбақшы, деді Ж.Дүйсебаев. Министр жыл қорытындысы бойынша сиыр етінің импорты іш­кі қажеттіліктің 4 пайызын құ­райтынын айтты. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 5,8 пайыз болған. Жал­пы ет өндірісі былтыр 6 пайыз­ға артқан. Ал ет экспорты 6 мың 272 тонна болған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 23 есе артық. Сол, 2013 жылы бар-жоғы 265 тонна ғана болған екен. Сонымен қатар, министр еттің басқа түрлері бойынша да өсім бар екенін атап өтті. Соның ішінде қой еті 4 пайызға, жылқы етін өндіру 3 пайызға артқан. А.Мамытбеков екінші сұраққа жайылымдарды суландыру бойынша жаңа субсидия түрінің ашылғанын жеткізді. Осы субсидия бойынша жайылымдарды суландыру шығыстарының 80 пайызын мемлекет өтейді екен. Осының арқасында көптеген жаңа құдықтар, скважиналар қазы­луда, деді министр. Ал қарал­ған мәселелер бойынша депутаттар Т.Ыбыраев, Е.Сағындықов, В.Косарев, М.Бортник, А.Перуа­шев өз ойларын ортаға салып, қаулы қабылданды. Бірлескен отырысқа шыға­рыл­ған үшінші мәселе: бесінші сайланған Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті төртінші сессиясының жұмысын ұзарту туралы еді. Бұл туралы сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов қазіргі кезде Парламент алдында жұмыс көлемі көбейіп отыр­ғанын айтты. «Бұл біздің басқа мемлекеттік органдармен үйле­сімді түрде жұмыс істеуімізді талап етеді. Осыған орай, біз уақытты ұтымды пайдалану үшін Парламент сессиясының уақытын ұзарту мүмкіндігін қарастырдық. Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциясы 59-бабының 3-тарма­ғында Парламенттің кезекті сессия­сы жылына бір рет қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусым­ның соңғы жұмыс күніне дейін өткі­зіледі деп белгіленген. Алай­да, Конституцияда көрсетілген мер­зім­ді өзгертуге тыйым салатын норма жоқ». Осылай дей келіп, Қ. Жақыпов: – Конституциялық Кеңестің аталған Конституция нормасына берген ресми түсіндірмесін негізге ала отырып, бесінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясын 2015 жылғы 15 шілдеге дейін ұзартуды ұсынамыз,–деп түйіндеді. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, арнайы қаулы қабылданды. Бірлескен отырыс жұмы­сына Премьер-Министр, Конс­ти­туциялық Кеңестің, Жоғар­ғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комите­тінің төрағалары, Үкімет мүше­лері, ел Президентіне тікелей бағы­натын және есеп беретін мемле­кеттік органдардың басшы­лары, Президент Әкімшілі­гінің, Премьер-Министр Кеңсе­сінің, Парламент палаталары аппа­раттарының жауапты қызмет­кер­лері және БАҚ өкілдері қатысты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19