Қоғам • Бүгін, 08:35

Жетімін жылатпаған жұрт едік...

28 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағ­дарламасында балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттің ерек­ше қамқорлығында болатынын айта келіп: «Балалардың арнау­лы мекемелерін Балаларды қолдау орталығы ретінде қайта құрамыз. Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алатын кәсіби отба­сыларға балаларды орналастырудың баламалы нысанын енгіземіз», деп мәлім­деген еді. Бұл өркениеті биік мемлекет болуға ұмтылған еліміздің ежелгі ұлттық құндылығын жаңғыртуға бағытталған шешімдер екені анық.

Жетімін жылатпаған жұрт едік...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Арақ-шарапты ауыздарына татып алмаған ата-бабаларымыз жетімін жылат­паған, жесірін қаңғыртпаған жұрт болға­ны аян. Тек патшалық Ресей мен Кеңес одағының отаршылдық саясатының, тың көтерудің салдарынан халқымыз ата­ме­кенімізге жаппай қоныс аударушылардан маскүнемдік дертін жұқтырып алды. Соның кесірінен әртүрлі өмірлік жағдайға байланысты жетім қалған бүлдіршін­дерге қоса, ішімдікке салынған ата-анасы­нан сот арқылы айырылған «тірі жетім­дер» көбейді. Олардың саны кейінгі жылдары біршама кемігенімен, әлі де аз
емес.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәлі­метіне қарағанда, бұдан бес жыл бұрын елімізде жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны 24 239 болған. Арада өткен уақыт ішінде осы көрсеткіш 21 387 балаға дейін төмендеген. Жыл сайын 1 мыңнан астам жетім отбасыларға қа­былданып келеді. Нәтижесінде, Балалар үйлерінде тұратын жеткіншектер саны 2019 жылғы 4,6 мыңнан 2024 жылы 3,8 мың­ға дейін азайған. Жетім балаларға ар­налған білім беру ұйымдары 21 пайызға (20 бірлік), ал олардағы тәрбиеленушілер саны 19 пайызға (694 бала) қысқарған.

Ел қазынасынан жетім, ата-ана қам­қорлығынсыз қалған балаларды қолдауға былтыр 38,7 млрд теңге бөлінді. Осынша қаражаттың 7,5 млрд теңгесі отбасыларда тұрып жатқан 17 660 бала немесе барлық жетімнің 82,6%-ын асырау­ға жұмсалды. Оның ішінде қамқорлық­тағы – 15 668, патронаттық тәрбиедегі – ­1 660, асырап алған отбасылардағы – ­175, отбасылық үлгідегі Балалар үйлерін­дегі 157 бала бар. Бюджет қаражатының ­31,2 млрд теңгесі жетімдерге арналған 115 ­ме­кемеде тәрбиеленіп жатқан 3 727 баланы (17,4%) асырауға жұмсалып жатыр. Ал 1 жетім баланы асырауға мемлекет бөліп отырған қаржы – жылына орта есеппен 7,5 млн теңге.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы Балалар үйлерін Балаларды қолдау орталықтарына (БҚО) айналдыру жұмысы аяқталды. Осын­дай 35 орталықта қазіргі уақытта 1 202 жетім бала тәрбиеленіп жатыр. Оларда тәр­биеленушілерді психологиялық, құқықтық қолдау, түлектерді дербес өмір жолында сүйемелдеу жұмыстары атқарылады. 2024 жылы БҚО-лардың көмегімен 394 бала туған отбасыларына оралды, 454 бала отбасыларға тәрбиелеуге тапсырылды. Ал 80 балалар мекемесі, соның ішінде 20 Сәби үйі, 18 медициналық-әлеуметтік мекеме, 10 Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, 13 Жасөспірімдер үйі, 14 Балалар ауылы, 5 жекеменшік Балалар үйі трансформациялауға жатпайды.

Отбасыларға тапсырылған жетім бала­лардың кейін балаларға арналған ұйым­дарға қайтып оралу фактілерін болдырмау мақсатында қолданыстағы заңнамаға 2020 жылдан бастап әлеуетті қабылдаушы ата-аналардың психологиялық даярлықтан өтуі міндетті талап ретінде енгізілді. Соған қарамастан, өткен жылы отбасыларға орналастырылған 3 635 баланың 245-і немесе 7 пайызы Балалар үйлеріне қай­тарылған. Асырап алған балаларды қай­та­рудың себептері – жасөспірімдердің өтпелі жасына байланысты өзара түсіністік болмауы, қамқоршының сырқаттануы немесе қайтыс болуы, туған отбасына оралу, тағы басқалар. Бір назар аударарлығы – 13 пен 17 жас аралығындағы жетімдер­дің 85%-ын Балалар үйлеріне қайта­ру­ға олардың жақын туыстары ұйытқы болған.

Алдағы уақытта қолданыстағы заң­на­маға «Кәсіби қабылдаушы отбасы» инсти­тутын енгізу көзделіп отыр. Олар Бала­лар­ды қолдау орталықтары тәрбиеленуші­лері­нің санын қысқартуға септігін тигізбек. Ал БҚО-лардың қызметі жетім балалар­ды тәрбиелеу мен күтіп-бағудан қабылдау­шы отбасылар мен асырап алынған балаларды сүйемелдеуге, оларға бақылау жасауға қайта бағдарланбақшы.

Мемлекет Балалар үйлерінің түлек­терін әлеуметтік қолдау шараларын да қол­данып келеді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жетім, ата-ана қам­қорлығынсыз қалған балаларға жо­ғары оқу орындары мен колледж­дерге түсу кезінде 1 пайыздық квота қарас­тырылған. Оларға оқу кезінде кепіл­ден­дірілген әлеуметтік жәрдемақы, стипендия төленеді, тегін тамақтану, жатақханада тұру, жеңілдікпен жол жүру, киім-кешек түрінде көмек көрсетіледі. Өткен бес жыл ішінде 4 632 жетім бала техникалық, кәсіптік, 2 300 жетім бала жоғары білім алған. Бұл ретте елімізде жетім балаларға тәлімгерлік институты да енгізілді. Тәлім­герлер интернаттық ұйымдардың тәр­биеленушілері дербес өмір жолына шық­қан кезде оларға жеке қолдау көрсетеді. Бүгінде 345 ерікті, табысты адам жетім балаларға қамқор болып жүр. Бұл шара жетімдердің қоғамға тезірек бейімделуіне оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Қазіргі уақытта 13 Жасөспірімдер үйінде 23 жасқа дейінгі 650 жетім тегін тұрып жатыр. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес жетім, ата-ана қам­қорлығынсыз қалған балаларға ком­му­налдық тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлардың жалпы санының кемінде 20 пайызы бөлінуге тиіс. Жетімдерге берілген тұрғынжай саны 2020 жылғы 847 пәтерден 2024 жылдың 9 айында 1 599 пәтерге дейін немесе 2 есе көбейген. Бұған қоса, жалға берілетін тұрғынжаймен 10 529 жетім қамтамасыз етілген. Тұрғын үй-коммуналдық инфра­құрылымды дамытудың 2026 жылға де­йінгі тұжырымдамасы аясында тұрғын үйге мұқтаж адамдармен қатар, жетім балаларға «2-10-20», «5-10-20» жеңілдікті ипотекалық бағдарламалары көзделген. Тұрғынжайдың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бақытты отбасы», «Ша­ңырақ» бағдарламалары іске асырылып жатыр. Жаңадан «Отау», «Наурыз» же­ңілдікті ипотекалық бағдарламалары қолданысқа енгізілді. Жетім балаларды Астана, Алматы, Шымкент қалаларында тұр­ғынжайға кезекке қою үшін міндетті үш жыл тіркеуде болу талабы алынып тасталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Мейірім» қайырымдылық акциясы іске асырыла бастады. Өткен жылы 2700 жетім бала бизнес субъектілеріне, екін­ші деңгейдегі банктерге, әртүрлі мем­лекеттік, жекеменшік ұйымдарға бекі­тілді. «Отбасы банкте» ашылған жетім бала­лардың шоттарына 580 млн теңгеден астам қаражат аударылды.

Осылайша, мемлекет тарапынан же­тім­дерге әртүрлі қолдау көрсетіліп отыр. Бірақ ол жеткілікті ме? Мәселен, қазір тұрғынжай алу кезегінде 62 352 жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар­дың тұрғанын ескерсек, олардың бас­пана мәселесін шешу барысы көңіл көн­шіт­­пейді. 2019–2023 жылдары берілген 71 468 жеңілдікті несиенің небәрі 348-іне жетімдердің қолы жеткен. Оларды орта мек­тепті бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыру жайы да мәз емес. 2024 жылы мансап орталықтарының квотасы аясында 4 275 адам жұмысқа орналастырылған болса, олардың 85-сі ғана – жетімдер. Жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам қамтылған болса, оның не­бәрі 56-сы – жетім қыз-жігіттер.

Жетімдердің проблемалары жөнінде Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Сенат депутаты Геннадий Шиповских: «Бұл мәселені көтеру себебім – өзім де ата-анадан ерте айырылып, Балалар үйі­нің тәрбиесін көрдім. Менің атыма жетім­дерден баспана алу мен жұмысқа орналасуға қатысты көптеген өтініш түсіп жатыр. Сондықтан да оларға арналған бас­пана бағдарламасын, жұмыспен қамту бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын», деді.

Жетімін жұбата білетін, балаға мейі­рімді ел боламыз десек, сенатордың ұсы­нысы кімді болсын ойландыруға тиіс. Шын­туайтында, биылғы көктемдегі бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынының салдарынан тұрғынжайларынан айырылған мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге қайырымдылығы мен күш-қуаты жеткен еліміз жетімдердің мұқтаждығын өтеудің қосымша шараларын қарастырады деп үміттенеміз.