
Фото: Ведомство, инстаграм.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше 167 мыңға жуық адамның 76,7%-ы қазақ тілінде, 23,2%-ы орыс тілінде, 142 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірген.
Қаңтар ҰБТ-сын өткізудің бірінші күні сала министрі Саясат Нұрбек Астана қаласындағы тестілеу орталықтарының бірінде болып, ҰБТ-ның өту барысымен танысып, болашақ студенттерге сәттілік тіледі.
«Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Бірінші күні 2277 адам, оның ішінде елордада 155 талапкер ҰБТ тапсырады. Ең көп таңдалатын бейіндік пәндер комбинациясы бірнеше жыл қатарынан өзгеріссіз қалып отыр. Талапкерлердің 17,5%-ы «Математика-Физика» комбинациясын таңдаған. Яғни, бұл болашақ инженерлер, механиктер, мұғалімдер, техниктер, технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 17,3%-ы «Биология-Химия», 10,3%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ медицина қызметкерлері мен IT мамандары», деді министр.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша пәндер. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Айта кетсек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.
Естеріңізге салайық, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ҰБТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.