Қоғам • Бүгін, 09:30

«Кальмар ойыны» мен норвег жобасы: Кімнен үлгі аламыз?

57 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен геосаяси шиеленіс халықаралық инвесторларды ел таңдау­ға келген кезде сақтық­пен қарауға мәж­бүрлеп жатыр. Инвес­ти­циялық сая­сатты әртарап­тан­дыр­ма­сақ болмайтынын 2024 жыл дәлелдеп кет­ті. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-пленарлық оты­рысында шегелеп тапсырды.

«Кальмар ойыны» мен норвег жобасы: Кімнен үлгі аламыз?

Тікелей шетелдік инвестиция ағынының төмендеуіне қарамастан, шетелдік бизнес­­мен­­­дер­дің бізге қызығушылығы бұрын­ғысынша жоғары дең­гейде. Сарапшы Юрий Масанов­тың айтуынша, көзге байқал­май­тын көп игілік іске асырылып жатыр.

ва

Юрий Масанов

«Шетелдік компанияларға бизнесті тіркеу және жүргізу үшін түрлі жеңілдік пен жағдай жа­сал­­ған. Арнайы еркін эко­но­микалық аймақ­тар құрылды. Үкімет энергетика, ауыл шаруа­­шы­лығы, жаңартылатын энергия көздері және өнеркәсіп сияқты салаларда шетелдік ин­вес­торлармен белсенді ынты­мақтастық жасайды. Сырт көз­ге мұндай өзгерістер бірден бай­қал­мауы мүмкін, бірақ жалпы экономикалық өсімге әсер етеді. Шетелдік инвесторлар біртіндеп мұнай-газ саласынан ығыса бас­тады. Табиғи ресурстар баға­сы­ның тұрақсыздығы инвес­торларды саясатын өзгертуге мәж­бүр етті. Көмірқышқыл газы шы­ғарылымын азайту және жаңартылатын энергия көз­деріне көшуге басым­дық беру шикізат секторына инвестиция­ны азайтуға себепші болып отыр. Бұл бағытта әлі де өзге­­ріс­тер мен реформалар керек», дейді сарапшы.

 

па

Батырхан Құрмансейіт

Дипломат, жапонтанушы Батырхан Құрман­сейіттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында инвестиция тарту бойынша алдыңғы қатарда.

«Дей тұрғанмен, дамыған елдердің нары­ғымен де, инвес­тициялық саясатымен де са­лыстыру әлі ерте. Мысалы, Жа­понияда инвес­ти­циялық қажеттілік ішкі ресурстар көме­гімен толықтырылады. Ол елдің бұл сала­дағы проблемасы елдік деңгейден шығып, ғаламдық деңгейге көтерілген. Бізде Үкі­мет тарапынан жасалуы тиіс әрекеттердің бәрі жасалып жатыр. Инвестициялық жетістік – Үкіметтің ұзақ жыл жүргізіп келе жатқан еңбегінің нәтижесі. Ендігі әрекетті кәсіпкерлер жал­ғастыруы керек. Үкіметтің биік мінберлер арқылы инвестиция тарту туралы мәлімдемесі кейде түсініксіз болып көрінеді. Біз елді жарнамалау кезеңінен әлдеқашан өтіп кеттік. Әлемдік деңгейдегі агенттіктер қазақтың қай сегменті тартымды екенін, Қазақстанда қаржы көп екенін, «Forbes» тізіміне ілінген кәсіп­кер­лер өзге елге инвестиция салып жүргенін біз айтпай-ақ біледі. «Нарық соншалықты тар­тымды болса, кәсіпкерлеріңіз неге қаржы салмайды» деп олар бізден сұрайды», дейді Б.Құрмансейіт.

Оның сөзінше, елдің инвести­циялық тартым­дылығы кәсіп­кер­лердің ішкі нарыққа деген көз­қарасынан анықталады.

«Қазір әлемдік инвес­ти­­ция­лық саясатта үлкен өзгерістер бо­лып жатыр. Кәсіпкерлеріміз зауыт ашып, оның акциясын қор биржасына шығарсын немесе әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялардың акция­­сын сатып алып, олардың қазақ нарығына бет бұруына ық­пал етсін. Біз осындай тетік­тер арқылы ғана әлемдік инвес­ти­­­циялық саясаттың ба­ғы­ты­мен интеграциялана ала­мыз. Қазір қазақ нарығында шикізат сегментінен өзге игеріл­меген нүктелер өте көп. Кәсіп­керлер осы бағытты игеріп, оның тиім­­­­­ділігін дәлелдесе ғана ин­вес­­торлар елге келеді», дейді Б.Құрмансейіт.

Сарапшылардың айтуынша, инвестициялық тартымдылық тек шикізат, энергетика, IT секторында ғана емес, ойын-сауық саласында да активтерді генерациялайды. Бір жыл бұрын «Netflix» компаниясы алдағы төрт жылда Оңтүстік Корея кино­индустриясына 2,5 млрд доллар инвестиция салуға ниетті екенін жариялады. Жаһандық хитке айналған «Кальмар ойы­ны» сериалын 130 млн-нан астам адам көргеннен кейін ин­весторлар кореялық контент өндірушілердің акция­ла­рындағы әлеуетті көрді. Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсыновтың айтуын­ша, киноны инвес­ти­ция­лау тәуекелдерді әртарап­тан­ды­ру­ға мүмкіндік береді.

ап

Досхан Жолжақсынов

«Киноиндустрия инвесторлар үшін тартымсыз деген көз­қа­растан арылу керек. Біз үшін бұл сала мемлекеттің ақшасына ала­қан жайып отырған сегмент болса, дамыған елдер үшін – бизнес, әлемге өзіңді танытуға апаратын көпір. Киноиндустрияны дамыту әлемдік аренадағы мәдени беделімізді арттырып қана қой­май, аралас салалардың да өсуін ынталандырады. Мемлекет на­рық­тың бұл сегментіне 51х49 пайыздық болмашы басым үлес­пен кіріп, нарықтағы өз орнын табуға мүмкіндік беру керек. Бұл формула нарықтың осы сег­мен­тінің «қанын қыздырады», аудито­рияның өзіне қажет ба­ғыт­ты нарық жолымен таң­дауы­­на мүмкіндік береді», дейді Д.Жолжақсынов.

Мысалы, Норвегияның кино­өн­дірісті қолдауға бағыт­тал­ған арнайы бағдар­ламасы – «Norwegian Film Production Incentive» – қазір халықаралық кинопродюсерлер үшін тартымды құралға айналған. Бағ­дар­лама Норвегияда түсі­­­рілген фильмдер мен сериалдардың өндіріс­тік шығынының 25%-ын қайтарып береді. Жоба тиім­ді­лігін дәлелдеген. Бірін­ші­ден, елдің таңғажайып табиғаты – таулары, фьордтары мен сол­түстік шұғыласы картинада кө­рі­ніс тауып, Норвегияны ерекше туристік бағыт ретінде танытып жатыр. Мысалы, «No Time to Die» (Джеймс Бонд) және «Mission: Impossible – Fallout» фильмдері осы елде түсірілген. Нәти­­жесінде, Норвегияға турис­тер ағыны артып, жергілікті экономикаға елеулі пайда түсті. Екіншіден, бағдарлама жергі­лікті мамандарды жұмысқа тартып, киноөндірістің инфра­құрылымын дамытады. Жергі­лікті компаниялар техникамен, қызмет көрсетумен айналысады, бұл экономиканың басқа салаларына да мультипликативтік әсер береді.

Инвестициялардың пайда­лы­лығын муль­­тип­ликативтік әсері бойынша бағалау қажет деген пікірді экономист Марат Абдурахманов та қолдайды.

«Дамыған бір саланың бірне­ше бағытты қатар дамытуы – нарық заңы. Мысалы, киноин­дус­трия дамыса жеңіл өнер­кәсіптің тынысы ашылады. Өкі­нішке қарай, шикізаттық емес сегментке құйылған қаржы ши­­­кі­зат сегментіне салынған са­лым­дардан бірнеше есе төмен», дейді сарапшы.

 

АЛМАТЫ