«Еуразия құрлығындағы жетекші транзиттік торапқа айналған біздің ел үшін орнықты дамудың тағы бір маңызды алғышарты – көлік және транзит саласы. Біз көлік инфрақұрылымына, атап айтқанда, автомобиль және темір жолдарының, әуежайлар мен теңіз айлақтарының құрылысына инвестиция салуды белсенді түрде қолға алдық. Байланыс мүмкіндіктерінің аясын одан әрі кеңейту үшін Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамытуға, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасында елеулі рөл атқаруға ниетті. Мақсатымыз – өңіраралық қатынастарды нығайтып қана қоймай, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі.
«Жылыну үдерісінің үдей түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сол себепті тез арада климатқа бейімделу стратегиясы қажет. Сондай-ақ біздің өңір трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан бізге ерте ескерту жүйесін құрып, су және жер ресурстарын басқару ісін жетілдіру керек. Бұл ретте су үнемдеу технологияларына инвестиция салып, ирригация жүйелерін жаңғыртуға тиіспіз. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн», деді Қазақстан Президенті.