05 Ақпан, 2015

Әлемдік дағдарыс – жаһандық дағдарыс

722 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Грекияның жаңа қаржы министрі Янис Варуфакис Афинаға бұдан былай бұрынғы шарттар бойынша жаңа несие траншының қажет емес екендігін мәлімдеп үлгерді. Біз енді Грекияға қарыз беріп, бізді борышқа белшесінен батырған «үштікпен» бұрынғыдай келісімдерге бара алмайтын болармыз, деді ол. Мәлімдеменің қатаң жасалғандығы сондай, Еуроодақтың атқарушы органы болып табылатын Еурокомиссия мұндай жағдайда өздерінің «үштік» форматын жою­ды талқылайтындықтарын атап көрсетті. Сөйтіп, Еуроодақта жаңа бір кикілжіңнің шеті қылтиып көріне бастады.

АҚШ Президентінің алаңдауы

Дагдарыс-0Аталған жағдайға байланысты ел халқы­ның көңілінде жаңа бір алаңдау байқалатындай. Әрине, қарыздан бас тартуға болады. Бірақ, мұнан кейін Грекия экономикасы қалай қаржыландырылмақ? Алексис Ципрас бастаған жаңа үкімет СИРИЗА партиясының сайлау алдындағы бағдарламасын, ондағы халыққа берген уәдесін орындауға кіріскенімен, көп мәселенің басы әлі күнге дейін ашық қалып отыр. Ал Еуроодақтағылар болса, осыған жауап күтеді. Алексис Ципрас бастаған Грекия үкіметінің бір жағында қатаң үнемдеу саясатынан қажыған қарапайым гректер тұрса, екінші жағында қарыз берушілер, яғни Халықаралық валюта қоры, Еуропалық орталық банк, Еурокомиссия секілді ұйымдар тұр. Сөйтіп, Грекияның жаңа үкіметі қазірдің өзінде екі оттың ортасында қалды деп ашық айтуға болады. Бір айқын мәселе, Алексис Ципрас үкіметіне қалайда Еуроодақтағылармен мәмілеге келуі керек. Әйтпесе жалғыз қалулары мүмкін. Екінші жағынан Еуроодақтағыларға да Грекияның жаңа үкіметімен қалайда мәмілеге келуі керек. Әйтпесе, бұл жағдай еуроаймақтың бұдан әрі сетіней түсуіне жол ашуы мүмкін. Мәселен, Грекия жаңа үкіметінің қарыз берушілерге қыр көрсетуі борышқа белшесінен батқан тағы бір ел – Испания үкіметін де әжептәуір деңгейде жігерлендіріп тастаған секілді. Егер Грекия қарыз берушілермен ортақ келісімге келе алмай еуроаймақтан шығып кететін болса, мұның жолына Испанияның да түсуі мүмкін. Міне, осы мәселе қазірдің өзінде тек Еуроодақтағыларды ғана емес, АҚШ-тағыларға да қолайсыз тие бастаған секілді. АҚШ президенті Барак Обама жуықта ғана берген бір сұхбатында Грекияны қарызбен тым қыса берудің қажет емес екендігін айтып үлгерді. Ол егер қарыз берушілер Грекияның жаңа талабына сәйкес кейбір жеңілдіктерге барудан бас тартатын болса, онда Грекия экономикасы тез қалпына келе алмайтындығын, мұның арты жақсылыққа апармайтындығын мәлімдеді. «Экономикасы депрессиялық жағдайда тұрған елге тым қысым жасай беруге болмайды. Бұл ел өз қарызын өтеуге кірісіп, бюджет тапшылығын төмендету үшін ерте ме, кеш пе оған өсім стратегиясын ұсынуға тура келеді», деді Барак Обама жуықта CNN телекомпаниясына берген жексенбілік сұхбатында. Барак Обаманың айтуынша, грек эконо­микасы реформалауды өте қажет етуде. Бірақ мұндай түбегейлі өзгерісті қазіргі дағ­дарыс жағдайында жасаудың өзі өте қиын. Осыған орай АҚШ президенті Грекия ақыр аяғында қарыз берушілермен келісімге келіп, еуроаймақта қала береді деген үміті бар екендігін жеткізді. Оның пікірінше, бұл үшін барлық тараптар өзара келісімге келу жөнінде тиісті қадамдарды жасауы керек. Грекияның жаңа қаржы министрі Янис Варуфакис те жаңа үкіметтің борыш мәсе­лесіне байланысты Еуропалық одақ­тағы­лармен бұрынғыша өмір сүре алмай­тындықтарын қатаң мәлімдегенімен, оның үстіне бұл мәселеде Халықаралық валюта қоры, Еуропалық орталық банк және Еуро­комиссияның ымыраласып алғандығын қатаң сынға алғанымен, кейіннен ол да ойлана бастаған секілді. Өйткені, ол осы мәлімдемесін Афинаға жаңа үкіметпен келісім жасасу үшін келген еуроаймақтың арнаулы топ мүшелерінің алдында ашық айтқан тұста, олар үндеместен залдан шығып кетуге мәжбүр болған болатын. Бұл жағ­дайдың шиеленіскендігін білдіреді. Артынша Янис Варуфакис бұл жерде басты мақсат, еуроаймақпен ат құйрығын кесісу емес, қайта жаңа келісімге келіп, несие шарт­тарын жеңілдету екендігін жеткізді.

Кикілжің гректердің өзін екіұдай жағдайға қалдырды

«Бір жағынан алғанда мен жаңа үкіметке риза болдым. Ол Солтүстік Еуропаның қысымына қарсы күш көрсете білді. Әрине, бұл бізді біраз жігерлендіріп тастады. Бірақ терең ойлап қарасақ, екінші жағынан алғанда қорқынышымыз да үдей түскендей. Өйткені, мен еліміздің жаңа үкіметінің қарыз беруші «үштікке», Солтүстік Еуропаға, соның ішінде неміс саясатына қарсы қандай амал қолдана алатындығын біле алмай отырмын», деді Афина тұрғыны Тодарис Цокас. A Greek national flag flies beneath the Parthenon temple on Acropolis hill in Athens, Greece, on Tuesday, May 1, 2012. It is "entirely possible" IMF, EU will refuse to make next payment to Greece if new govt doesn't fulfill its commitments, UBS's Stephane Deo says in note to clients before May 6 elections. Photographer: Simon Dawson/Bloomberg«Егер бізге үкімет жаңа ештеме ұсына алмайтын болса, мұның өзі қатерлі құбылыс. Әрине, біздің «үштікпен» келіспей қоюымызда тұрған ештеңе жоқ. Басты мәселе мұнан кейін қалай күн көрмекпіз деген сұраққа келіп тіреледі. Жаңа үкімет осының жауабын таба алмай отыр. Ендеше, қалай алып қарағанда да «үштікпен» келіскендері орынды деп есептеймін», деді тағы бір афиналық тұрғын Фотис Параскавопулос. Қазіргі күні Грекия қарызы оның ІЖӨ-сінің 150 пайызынан асты. Ал бұл жағдай қарызды өтеу мен экономикалық өсімді қатар қамтамасыз ету мәселесін мүлдем қиындатып отыр. Қарызды қайта құрылымдауға ешкімнің барғысы келмейді. Мәселен, Еуропалық орталық банк басқарушы кеңесінің өкілі жақында ғана «ақпан айының соңына дейін Грекияға ақыл кіруін күтеміз немесе ол енді несие көмегін алумен қоштасатын болады. Оған бұдан кейін ешкім де ақша бермейді», деп қатаң мәлімдеме жасады. Иә, Грекия сөйтіп қиын жағдайда қалып отыр. Борыш салмағы арқасына әбден батып, жауыр етуге айналды. Сондықтан жаңа үкіметтің тұсында бір қыр көрсетіп қоюдың ешбір артықтығы жоқтай да көрінеді. Грекия қарызды өтеуге қарсы емес. Бірақ, оны дәл қазір емес, кейіннен барып, яғни экономикасы түзелген сәттен бастап өтегісі келеді. Бірақ оның бұл талабы еуроаймақ көшбасшысы – Германияға тіптен де ұнамай отыр. «Грекия жағдайына қатысты айтар болсақ, жеке қарыз берушілер қарыздарын кешіруден бас тартты. Ал банктер Грекия­ның бірнеше миллиардтаған еуро тұратын қарыздарын кешіргені мәлім. Бірақ, қайрым­дылықтың да шегі бар ғой. Әрине, біз дағдарыстан қатты зардап шеккен Грекия жағдайын жақсы түсінеміз. Бірақ жағдайды түзетуді ең алдымен осы елдегілердің өздері ойлауы керек. Олар өзіндік реформасын жүргізіп, қатаң үнемдеу саясатын қолдауы керек. Бұдан басқа Грекияның алдында жол да жоқ», деп мәлімдеді Германия канцлері Ангела Меркель. Демек, сайлауда жеңіске жеткен СИРИЗА партиясына енді ойлану керек. Үкімет басшысы Алексис Ципрасқа өзінің сайлау алдындағы берілген уәдесі мен қазіргі нақты шынайы жағдай ортасында компромистік шешім қабылдауға тура келетіндей. Грекиядағы қазіргі жағдай міне, осындай.

Қарыз берушілер «үштігі» таратылуы мүмкін

Еурокомиссия Грекия үшін халықаралық қарыз берушілер «үштігі» форматын таратудың мүмкіндіктерін қарастыру үстінде. Бұл жайында еуропалық дипломатиялық көздерге сілтеме жасай отырып, ТАСС хабарлады. Дагдарыс-3«Үштік» деп отырғанымыз – Еуро­комиссия, Еуропалық орталық банк және Халықаралық валюта қоры. Міне, осы үшеуі грек экономикасына несие беру және оны сырттай басқару ісімен шұғылдануда. Мақаламыздың жоғарғы жағында атап өткеніміздей, Грекияның жаңа үкіметі «үштіктің» қолданып отырған тым қатаң шараларына байланысты онымен әріп­тестіктен бас тартатындықтарын мәлім­деген болатын. Бірақ осы оқиғадан бір күн өткеннен кейін Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас қаржы министрі Яннис Варуфакистің аузынан шыққан сөздерді біршама жұмсартып, екі жақты бітістірудің амалын қарастыратындықтарын айтып өтті. Халықаралық қарыз берушілер «үштігі» 2010 жылдан бастап Грекияға жалпы жиыны 240 миллиард еуроға жуық екі қаржы көмегі бағдарламасын ұсынды. Осы үшін Грекия бюджет шығындарын барынша шектей түсуге мәжбүр болды. Өйткені, бұл – қарыз берудің басты шарты болатын. Аталған қарыздың елеулі бөлігі Гре­кияның сыртқы борыштарын өтеуге жұмсалды. Соның нәтижесінде сыртқы қарыз өзінің бұрынғы өсу деңгейін тоқтатты. 2014 жылдың соңында ол 412 миллиард еуроны құрады. Грекия қалыптасқан қарыздың бір бөлігін кешіруді талап етуде. Алайда, Еуропалық одақтың жетекші елдері, соның ішінде, бірінші кезекте Германия мұндай қадамға бара алмайтындықтарын білдірген болатын. Олардың пікірінше, мұндай қадам грек экономикасына қарызға қаржы жұмсап отырған еуропалық банктердің жағдайын тым ауырлатып жібереді де, мұның соңы еуропалық қаржы жүйесіне де жаңа дағдарысты туындатып, бірыңғай валюта – еуроның аяғына тұсау салуы мүмкін. Дегенмен, қалыптасып отырған қиын жағдайдан шығудың жолы әлі де жоқ емес. Осыған байланысты Еурокомиссия қарыз беруші «үштікті» таратып, Афинамен арадағы үнқатысуды одан әрі жалғастыра алатын жаңа бір режім енгізуі мүмкін. Мұның өзі Грекияның жаңа үкіметі осы елде бұдан бұрын басталып кеткен құрылымдық реформалар мен бюджеттік үнемдеуді одан әрі жалғастырған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Бұдан бұрын мәлім болғанындай, Еуропаның бейресми орталығы саналатын Брюссельге Грекияның жаңа премьер-министрі Алексис Ципрас келмек. Ол үстіміздегі жылдың 4-5 ақпаны күндері Еуропалық одақ басшылығымен келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Аталған мәселе міне, сол тұста талқыланатын болады.

Бүкіләлемдік банк вице-президентінің пікірі

Дагдарыс-4«Мұнай бағасының қазіргі құлдырауы бүтіндей алғанда, жаһандық экономика үшін тиімді болып отыр», деп мәлімдеді Бүкіләлемдік банктің вице-президенті Аксель ван Тротсенбург осы аптаның басында Жапонияның «Иомиури» газетіне берген сұхбатында. «Қазіргі әлем бүтіндей алғанда мұнай импорт­таушы елдерден тұрады деп айтуға болады. Өйткені, мұнайды экспорттаушы елдердің саны санаулы. Ал мұнайды пайдаланбайтын ел жоқ. Сондықтан мұнай бағасының төмендеуі, жаһандық деңгейде ойлайтын болсақ, экономика үшін тиімді болып табылады. Бағаның төмендеуіне байланысты артылған қаржыны инфрақұрылымдық жобаларға жұмсауға және әлеуметтік проблемаларды шешу ісімен неғұрлым белсене шұғылдануға жол ашылады», деді ол өз сұхбатында. Ван Тротсенбургтің айтуынша, қазір қуат жеткізушілер жүйесінде ірі өзгерістер байқалып отыр. «Егер қазіргі жағдай бұдан әрі созыла берсе, одан мұнай бағасының төмендеуі табиғи газ бен көмір бағасының төмендеуіне алып келеді. Осының ақырында әлемдік экономика ұтысқа шығады», деді ол өз болжамдарын одан әрі жалғастыра отырып. Дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».