Бұл тапсырма берілгелі бері де 3 жыл өтті. Осы кезеңде тұрғындар жүйкесіне тиген электр желісіндегі түйткілді оң шешу барысында не істелді? «Атырау жарық» АҚ президентінің орынбасары Қуанышбек Жұмиевтің айтуынша, өткен жылы Атырау қаласындағы қосалқы стансада электр сымдарын, Жылыой ауданындағы екі электрбекеттің нысандарын ауыстыру көзделген. Алайда көктемгі табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты құрылыс уақытша тоқтатылған.
«Су тасқынының беті қайтқан соң жұмыс қайта жанданды. Маусым айында Атырау қаласындағы Ақжар елді мекені мен «Алмагүл» шағын ауданындағы қосалқы стансалар, Жылыой ауданының Жаңақаратон кентіндегі энергетикалық нысанның құрылғысы ауыстырылды. Енді облыстық әкімдікпен арадағы келісімшартқа байланысты апаттық жағдайдағы 1409 бағананы жаңарту қолға алынып жатыр», деді Қ.Жұмиев.
Қалалық электр жүйелерінің бас инженері Нұржан Жұмабаевтың пікіріне сүйенсек, шаһардағы «Нұрсая», «Жерұйық» шағын аудандарында электр желісінің жиі істен шығатыны байқалады. Бұл келеңсіздікті жою мақсатында 32 шақырым электр желісін жаңарту жоспарланған. Осы кезге дейін «Нұрсая» шағын ауданындағы 20 шақырымды құрайтын жерасты электр желісі жаңартылған.
«Қазір аталған шағын аудандағы 60-қа жуық көпқабатты үй мен «Тұлпар», «Болашақ», «Сұңқар» тұрғын үй кешендерінің жерасты кабелі ауыстырылды. Соңғы жылдары «Нұрсая» шағын ауданы тұрғындарынан жарық мәселесіне қатысты шағым көп түседі. Оған себеп, 16 жыл бұрын қолданысқа берілген тұрғын үйлердің электр кабелі ескірген. Осыған байланысты авариялық жағдайда кабельге жалғанатын муфталар шамадан тыс көбейген. Нақтырақ айтқанда, жерасты электр кабеліне жалғанған муфта саны нормативтен асып кетіп отыр. Соның салдарынан электр энергиясы нашарлап, тұрғындардың шағымдануына әкеліп соқтырды. Бұл мәселенің себебін зерделей келе, жерасты электр желісін полиэтиленмен қапталған өзін-өзі оқшаулағыш замануи кабельге ауыстырдық», деп мәлімдеді Н.Жұмабаев.
Нәтижесінде, қазір «Нұрсая» шағын ауданы тұрғындарынан 109 байланыс орталығына жарық мәселесіне қатысты түсетін шағым саны 4 есеге азайып отыр. Айталық, мамыр-қыркүйек айларының аралығында аталған орталыққа 2169 шағым түскен. Ал соңғы 3 айдағы шағым саны – 559.
Электр желісі тек Атырау қаласында ғана емес, аудандарда да тозған. Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы инженерлік инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы Әділет Бақтығалиевтің айтуынша, Исатай ауданында орналасқан Томан аулындағы электр желісі тозғаны анықталыпты. Мұндай түйткіл ауыл тұрғындарының ренішін тудырған.
«Бұл мәселе оң шешімін тапты деуге болады. Қазір ауылдағы электр желісі қайта жаңғыртылып, Х.Ерғалиев аулындағы №83 «Новобогат» 110/10 кВт қосалқы трансформаторынан 30 шақырым электр желісі тартылып жатыр. «Айком Ltd» ЖШС қосалқы стансаға ұяшық қойылып, электр жабдықтарын орнатуды жүргізіп жатыр. Тұрғындарға уақытша кернеу осы айдың аяғында пайдалануға беріледі. Бұл жұмысты толықтай іске қосу жыл соңына жоспарланып отыр», деді Ә.Бақтығалиев.
Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Атырау жарық» АҚ 32 трансформаторды жаңасына ауыстырған. Мәселен, Жылыой мен Мақат ауданының әрқайсысында осындай 6 трансформатор орнатылған. Атырау қаласы мен Қызылқоға ауданына – 4, Махамбет, Исатай, Индер, Құрманғазы аудандарына 3 трансформатордан бөлінген.
«2024-2029 жылдар аралығында «Ынталандыру» жобасына сәйкес тұрғындарды сапалы, әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланған еді. Осыған орай электр энергиясын жеткізуші кәсіпорын балансындағы 742,058 шақырым әуе, 1,745 шақырым кабель желісіне, 14 қосалқы стансаға, 76 транформаторға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұған қоса, электр тарататын бекеттер де жөнделді. Енді алдағы жылы 473,271 шақырымға жуық әуе, 1,215 шақырым кабель желісіне, 9 қосалқы станса мен 66 трансформаторға, таратушы бекеттерге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр», деп хабарлады кешеннің баспасөз хатшысы Эльвира Рахымжанқызы.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Олжас Хасановтың айтуынша, бөлім балансында 548 трансформатор бар. Биыл электр кернеуін реттейтін 30 трансформатор жаңартылған.
«Трансформаторларды жыл сайын жаңарту кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Электр энергиясымен жабдықтаушы кәсіпорынмен екіжақты келісім аясында ұзындығы 32 шақырым жерасты желісі ауыстырылуға тиіс. Осы кезге дейін жоспарланған жұмыстың 70 пайызы атқарылды. Енді «Жұлдыз», «Жұлдыз-3», «Водников» шағын аудандары мен Б.Аманшин, Б.Құлманов көшелеріндегі, Қ.Сәтбаев даңғылындағы электр желісін ауыстырамыз», дейді О.Хасанов.
Мұнайлы өңірдің Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан Құрманғазы ауданындағы ауылдарда да электр желісін жаңарту қолға алынып отыр. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, 17 ауылдық округте 1445 жарық шамы, 1100 бағана мен 3 трансформатор орнатылған. Электр энергиясына жеткізетін 26400 метр электр желісі ауыстырылған.
«Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Сүйіндік, Жаңаталап, Сафон, Мақаш, Көптоғай, Бөкей хан ауылдары толықтай жарықтандырылды. Тұрғындар саны көп Ақкөл аулында 54 шақырым электр желісі тартылып, көшелерге жарық шамы орнатылды. Бұл ауылдағы қосалқы стансаның құрылысы да жақында аяқталады. Қазір ауылда 605 электр бағанасы орнатылып, 23 шақырым кабель, әуе желісі тартылды», деді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Гүлхат Хамза.
Индер ауданында да осындай игі істер қолға алынып жатыр. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 ауылдық округте 54 бағана мен 995 заманауи led шамы орнатылыпты. Жаңадан 2 мың метр электр желісі жүргізілген. Нәтижесінде, Өрлік, Бөдене, Көктоғай ауылдарында, Елтай ауылдық округіне қарасты Аққала, Жарсуат округіндегі Құрылыс, Қызылжар, Ақтан елді мекенінде көше жарығы мәселесі толықтай шешімін тапқан. Енді биыл Көктоғай аулындағы 14 көшеге заманауи ақылды шамдар орнатуды жоспарланып отыр. Жарсуат аулына led шамдары, Индербор кентіне 20-ға жуық бағана орнатылады.
Атырау облысы