Бизнес • Бүгін, 09:10

Бизнес берекесі қайтсе артады?

33 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Инвестициялық үй IVM» кәсіпорны – еліміздегі маңдайалды компаниялардың сұранысын өтеп отырған, қазір нарықтағы өз орнын тапқан іргелі ұйым. 25 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орнының бағыты алғашқы күннен бас­тап ішкі нарыққа бағдарланыпты. Құрылтайшы Бахтияр Аршидиновтың айтуынша, 2010 жылдарға дейін Ресей, Қытай, Қырғызстаннан импортпен жеткен тауарларды қазір отандық сапалы өнімдер алмастыра бастады.

Бизнес берекесі қайтсе артады?

Бахтияр бизнесін Алматының шетіндегі қараусыз қалған ғима­ратты сатып алудан бастаған. Пайыз­дық мөлшерлемесі 18,5 пайыз­дық несиенің 12,5 пайызын «Даму қоры» өтеп берсе, 6 пайызын кәсіпкердің өзі төледі. Жалпы, кәсіпті аяғынан тұрғызуға 450 млн теңге жұмсалыпты. Жартысынан көбі ғимарат шығынын жапса, 100 млн теңге шамасындағы қаражат құрал-жабдық қажетіне жіберілген.

«Соңғы технология кәсіп­орын­ның толық қуатпен жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Қазір 80 тігінші квазисектордағы компания жұмысшыларына жұмыс киімін тігіп жатыр. Өндіріс көлемі – 2023 жылы 2 млрд теңге, 2024 жылы 16 млрд тенгеге болды. Оның 7 пайызы – таза табыс. Жұмысшылардың орташа жа­лақысы – орта есеппен алған­да 250 мың теңге. Қазір бағы­ты­мызды әртараптандырып, қосым­ша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгін жұмыс киімін дайындасақ, ертең азаматтарымызға арнап сәнді кос­тюм-шалбар тігуді қатар алып жүруіміз де әбден мүмкін», дейді кейіпкеріміз.

па

Айтуынша, «әркімнің еңбегіне қарай», «әркімнің қабілетіне қарай» деген қағиданы нарық та құп көреді.

«Жақсы жалақы, әлеуметтік төлем, медициналық сақтанды­ру сияқты стандарттарды сәті­мен шештік. Қазір жұмысшыла­рымызды тасымалдайтын көлік мәселесін реттеп жатырмыз. 80 жұ­мысшы қаланың әр түкпі­рінен келеді. Бағытымызды әрта­рап­тандырсақ, қосымша жұ­мыс орындары ашылады. Сол кез­де бұл мәселе түбегейлі шеші­ле­ді деп үміт­тенемін», дейді.

Біздің кәсіпорындағы сапарымыз киімнің нобайын сызып, оны компьютермен интеграциялайтын цехтан басталды. Мұнда бір күнде 200 жұп костюм тігіледі. Негізі неміс технологиясы бойын­ша дайындалған құрылғы­ның әлеуеті бір мезгілде 450 дана киім дайындауға жетеді. Бірақ тап­сы­рысқа қарай 200 данамен шек­теліп жүр. Жұмыс киім үлгілері бастапқыда сарапшылар кеңесінде талқыдан өтеді. Бірін­ші кезекте, тапсырыс беруші­нің қалауына басымдық беріле­ді. Сарапшылардың қолдауы­на ие болған жұмыс киімі арнайы бағдарламада кескінде­ліп, тігін цехына жіберіледі.

Кәсіпкердің сөзінше, Қытайда жұмыс киімдерінің басым көбі тап осындай желіде дайындалады. Бізден айырмашылығы – онда бұдан бірнеше есе қуатты бірнеше желі бір мезгілде 5-6 млн киім топтамасын дайындап тас­тайды. Әрбір киім қажетті тауар таңбасымен таңбаланады.

«Өнім бағасын тауар көлемі мен сұраныс анықтайды. Біздің өнімдерге деген сұраныс бір желімен шектеліп тұр. Егер сұ­ра­ныс деңгейі артса, біз де бір мезгілде 2-3 млн дана шығаруға мүмкіндік беретін желіге тапсырыс берер едік. Ал жұмыс киімдеріне қолданатын мата Қытайдан әкелінеді. Ол жақта тапсырыс қабылдау жүйесі заңмен реттелген. Жұмыс киімдеріне қажетті матаның мол қоры бар. Дәл қазір біз үшін Қытаймен жұмыс істеу тиімді», дейді.

Бахтияр Аршидинов бастап­қы­да осы сегментте жүрген өз кәсіп­керлерімізбен жұмыс істе­мек­ке талпынып көріпті. Бірақ олардың біразы өнімдерін аз көлемде шығарғандықтан, тапсырысты керек көлемде қамтамасыз ете алмай қалған.

«Самұрық-Қазынаға» қарасты компанияларға қажет өнімдердің 2 пайызын біз дайындаймыз, сол себепті, жұмыс барысында ір­к­іліс болмауы керек. Кезек кү­тіп тұрған бәсекелестер қалғып кеткеніңді кешірмейді. Жалпы, нарықтың осы сегментінде осы бағытта 450 кәсіпорын бар. Бір-бірімізбен бәсекелес емес, бір-бірімізді толықтырып тұратын әріптес ретінде араласамыз. Олар­дың мүмкіндігін де білеміз», дейді бизнесмен.

Оның айтуынша, тендер мәселесінің көлеңкелі тұстары көп-ақ. Байқауда бағы жанған кәсіпкердің бір тігін машинасы мен бір тігіншісі бар екені кейін белгілі болып жатады.

«Жалғыз машинасы мен жалқы машинасы бола тұра «күн сайын 200 топтама киім дайын­даймыз» деп тендерге қатысатын­дар да жетіп артылады. Тіпті жеңім­паз да осындайлардың ара­сы­нан шығады. Ал арнайы технология болмаса, жалғыз тігінші бір күн отырып 4-5 жұмыс киімін ғана дайындайтынын біз жақсы білеміз ғой. Үкімет көлеңкелі фирмаларға қолдау көрсетіп отыр деп айта алмаймын. Бірақ тендерге қатысатын компаниялардың өткен тарихына назар аударса екен деймін. Кадры жеткіліксіз, ресурсы жоққа тән фирмалар жеңіп кетіп, жеңіл өнеркәсіптің дамуын тежеп отыр. Осыдан кейін қажеттіліктің 80 пайызын өтеп отырған компаниялардың көпшілігі жұмыс күші арзан елдерден сапасыз тауар тасымалдаумен айналысуға бет бұрады. Біз білетін Қытайда жұмыс күші – қымбат, тауары – сапалы. Олай болса, Қытай нарықтағы беделіне көлеңке түсіретін «арзан ойындарға» қатыспайды деген сөз. Демек, бізге келіп жатқан тауарлар Азия елдерінің бір қиырынан жетеді», дейді кейіпкеріміз.

Кәсіпкер айрықша атаған келесі мәселе – баға.

«Квазисектордағы кейбір компаниялар арзан бағаға татымды дүниелер, мысалы, 12 мың теңгеге жұмыс киімдері жиынтығын алғысы келеді. Ал отандық өнім өндірушілердің ұсынатын бағасы 20 мың теңгеден төмен емес. Одан төменгі баға – шығын. Сапалы тауардың құны да соған лайықты болады. Мата онсыз да – импорт. Мұндай жағдайда 12 мың теңгелік жұмыс киімдері жиынтығын тек көлеңкелі жолмен жеткен импорт қана бере алады. Нарықтағы беделін ойлайтын компания қызметкерлері киетін киімнің сапасына көңіл бөлсе керек. Бірінші кезекте матаның құрамына, бояуына мән берілуі керек. 12 мың теңгелік киімдер жиынтығын жеңіл индус­триясын жолға қойған елдер де дайындай алмайды. Содан кейін тендерге күнгей емес, көлеңкелі әдіспен жол салуға тырысады», дейді Б.Аршидинов.

Бақтиярдың айтуынша, Біш­кекте 400, Ташкентте 450 жұ­мыс киімін тігетін кәсіпорын бар. Екі ел де ішкі қажеттіліктің 85-90 пайызын өз күшімен өтеп отыр. Біздің көрсеткіш – 15-20 пайыздың айналасы. Қорғаныс саласындағы жұмыс киімінің 90 пайызы импортталады. Бюджеті қомақты сол сала отандық жеңіл өнеркәсіп өкілдеріне есік ашса, саланың тамырына қан жүгіріп, ес жиып қалар еді.

Кейіпкеріміздің пайымдауынша, еңбек адамының қоғамдағы орнының нақтыланбауы да да­муға кедергі келтірмек.

«Жұмысшы мамандықтары жылы бизнеске күш береді деп үміт етеміз. Өндіріс орындарында жұмыс күшінің жетіспейтіні анық сезіліп жүр. Қазір нарыққа кемі 1 млн жұмыс күші қажет. Алдағы төрт жылда оның саны еселеп өсуі мүмкін. Ал жұмыс күші біз тәрізді жұмыс киімін дайындайтын кәсіпорындар арқылы толығады. Сонымен бірге қоғамда кәсіп бастауға жүрексінетіндер де көп. Олардың көбі кәсіпті бастауға салған қаржысына иелік ете алмай қаламыз ба деп қорқады. Сондықтан экономиканың бар­лық сегментінде ашықтық орнауы қажет. Ондай ашықтық бизнес­тің инвестициялық климатын айқындауға көмектеседі», дейді кәсіпкер.

 

АЛМАТЫ