«Ұлттық статистика Бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққандағы кіріс 112 мың теңгені құрайды, оның 98 мың теңгесі тек қана азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметті төлеуге кетеді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, күріштің бағасы 31,3 пайызға, жұмыртқа 16,9 пайызға, сары май мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен», деп жазылған депутаттың сауалында.
Сондай-ақ коммуналдық қызметтер орташа алғанда 25 пайызға қымбаттаған.
«Бұл жағдай азаматтардың шығынын арттырып, кірістерін төмендетіп жібергені анық. «Баға, қайда кетіп барасың?» деп жыламсырайтын жағдайға да жеттік! Ал еліміздегі ең төменгі төлем екі жыл болды 85 мың теңгеден көтерілмей тұр. Халықаралық турбуленттілікке, ірі экономикалардың өзара «сауда соғыстары» мен тарифтік шиеленістеріне байланысты биыл Қазақстанның да экономикалық көрсеткіштері баяулап, әсіресе импорттық тауарлардың бағасы одан әрі өсу ықтималдылығы зор», деді депутат.
Оның айтуынша, осы ретте, Үкімет келесі шұғыл қадамдар жасауы қажет:
- Ең төменгі төлемді индексация жасау;
- Жұмыссыздықтан сақтандыру сомасын арттыру арқылы ең төмен жалақы алатын адамдардың сақтандыру жүйесін жетілдіру;
- Өңірлік әкімдіктер жергілікті тұрғындарға азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды қолға алуы тиіс;
- Әкімдер өңірлік ауыл шаруашылық өнімдерін жергілікті нарыққа қажетті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет;
- Ауыл шаруашылық өнімдеріне берілетін мемлекеттік төлемдерді уақытылы әрі қажетті сомада толық төленуін қамтамасыз ету қажет.