Аймақтар • Бүгін, 12:38

Депутат жекеге өтіп кеткен су қоймаларын мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады

19 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев елімізде су қоймаларын салу уақыты неліктен созылып кететінін түсіндіруді талап етті, деп жазады Egemen.kz.

Депутат жекеге өтіп кеткен су қоймаларын мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады

Фото: Yassy-tur.kz

«Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміз бойынша 41 авариялық су қойма мен гидротехникалық нысандардың күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын, соңғы 5 жылда 15 жобаның аяқталғанын, биыл қалған 19-ын тапсыратынын айтқан еді. 10 жылдан бері салынбай келе жатқан не деген бітпейтін 20 су қоймасы?!», деді депутат Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында.

Қайрат Балабиев былтыр көктемдегі су тасқынына да көптен бері сөз жүзінде қалып жатқан су қоймаларының салынбауы себеп болғанын алға тартты. 

«Су тасқыны апаттарының тағы  бір себебі –  су қоймалары мен каналдардың көпшілігі жекеменшікке өтіп кеткені. Бір ғана Түркістан облысында 4 су қоймасы мен 105 канал жеке меншікте. Бұл – егін және мал шаруашылығымен айналысатын Арыс, Жетісай, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Созақ, Түлкібас  және Шардара аудандарында орналасқан жалпы ұзындығы 335 шақырымды құрайтын су арналары», деді Мәжіліс депутаты.

Өңірде егіс науқаны басталғанда су мәселесі ушыға түседі. Депутат жекенің қолындағы суға қол жеткізе алмаған шаруалардың ісі де тұралайтынын тілге тиек етті. 

«Осы ресурстарды егеленіп алғандар шаруаларды судан тарықтырып, әлдеқандай болады. Олармен дауласып жүргенде жаз да бітеді. Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі тарапынан жекеменшік су иелерінің арасында шаруаларды судан тарықтырмау шаралары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін болған апаттарды зерделей келе, ауыл шаруашылығына өте-мөте қажетті су қоймалары мен каналдардың ел игілігі үшін жұмыс істегені тиімді деп есептеймін», деді Қайрат Балабиев. 

Депутат жекеге өтіп кеткен су қоймаларын мемлекет меншігіне қайтаруды немесе шаруашылықтарға дер кезінде және арзан бағада сумен қамтамасыз ету шараларын қарастыруды сұрады.