Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:15

Тәртіпті өзіңнен баста!

22 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қордай ауданында «Тәртіпті өзіңнен баста!» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің қатысуымен өткен іс-шарада заңдылық пен құқықтық тәртіпті, жастардың құқықтық сауатын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдар, отансүйгіштік пен азаматтық борыш турасында келелі ойлар мен кесімді ұсыныстар айтылды.

Тәртіпті өзіңнен баста!

Сурет: gov.kz

Іс-шараға сондай-ақ Қордай ауданының әкімі Бегзат Болат­беков, аудан прокуроры Бір­лік Ізбасаров, аудандық мәс­л­ихат төрағасы Нұрдин Са­ды­қов, «Оңтүстік» өңірлік қол­бас­шылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының өкіл­дері, ардагерлер, білім беру мекемелерінің басшылары және мұғалімдер, психолог мамандар, 300-ден аса белсенді оқушы мен колледж студенттері қатысты.

Жиында кіріспе сөз алған Жамбыл облысының прокуро­ры өзіңнен басталатын тәртіп­тің маңызы, қазіргі таңда жас­тар мен жасөспірімдер ара­сын­дағы қылмыстың негізі, ата-аналардың тәртібі турасында сөз қозғады. Форумға жи­налғандарды қоғамда құқық­тық мәдениетті насихат­тауға белсенді атсалысуға шақырып, жас­тар арасында құқықтық мәде­ниетті қалып­тастыруға үндеу, құқық бұ­зушылықтар мен тәр­тіпсіздіктің алдын алу, қо­ғамда заң мен тәртіп үстем­дігін насихаттауға шақырды.

– Менің айтатыным, әрбір адам заңға бағыну керек. Сондықтан уәкілетті орган­дар­дың, құқық қорғау органда­рының талаптары өте қатаң болуға тиіс. Сол жағынан да бүгінде құқық қорғау органдарына осындай талаптар қойып отырмыз. Ол талап тек қылмыстық жауапкершілік емес, әкімшілік жауапкершілік тұрғысынан да қарастырылған, – деді Н.Әбдіров.

Сонымен қатар Нұрғалым Мәжитұлы жастар ортасындағы криминогендік жағдайға назар аударып, жастардың мемлекеттің болашағындағы рөлінің маңызын атап өтті. Сөз соңында заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты биік қоюға әр азамат, әр отбасы өз үлесін қосуға міндетті екенін жеткізді.

Аталған форумда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз сөйлеп, бірқатар ұсынысын жеткізді.

– Тәртіпке шақыру – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Біз әрқайсымыз өзімізден бастап, отбасымызда, ауылымызда, ауданымызда тәртіп пен заңға құрметпен қарауды нығайтуға үлес қосайық. Осындай бастамаларды қолдау арқылы біз ауданды тәртіпті, дамыған және үлгілі мекенге айналдыра аламыз. Бүгінгі форум осы құндылықтарды нығайтып, әр азаматтың жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Біржан Әбдікерімұлы.

Келесі кезекте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскер­лерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев сөз алып, «Отанға қызмет – елге қызмет» екенін айтып, сол себепті де Отан алдындағы әскери борышты өтеу қасиетті міндет екенін де алға тартты.

Бүгінгі таңда прокуратура оқу орындарында құқық бұзу­шылықтарды жасыру фак­ті­лерінің әрқайсысы бойын­ша қатаң шаралар қабыл­дап жат­қанын да айта кеткен жөн. Бұған былтыр лауазым­ды тұлға­ларға қатысты 4 қыл­мыстық істің қозғалуы – дәлел.

Психологтер мен «Komek Stop Bullying Jambyl» Telegram-ботының көмегімен кәмелетке толмағандарға қатысты жасырын сипаттағы бірнеше қылмыс пен құқық бұзушылық анықталды.

Форумда жазаның бұлтарт­пастығы мен синтетикалық есірткілердің зиянды әсерін көрсететін тақырыптық бейнероликтер ұсынылды. Сондай-ақ ауданның ауылдық елді ме­кендерінде және аймақтың басқа да аудандарында осындай ауқымды іс-шаралардың бастал­ғанын айта кеткен жөн.