18 Маусым, 2015

Ынтымақтастық келісіміне қол қойылды

322 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ПАРЛАМЕНТА РК-жаңаҚазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Қазақстанда ресми сапармен жүрген Беларусь Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының Төрағасы Владимир Андрейченко Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Кездесу иелерінің атап өт­ке­нін­дей, екі ел басшылары ықпалының нәти­жесінде Қазақстан мен Бела­русь арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатқа ие болды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 750 млн. доллардан асты. Қазіргі уақытта кен және шахта техникаларын, тракторларды, астық және астық жинау комбайндарын, басқа да техникаларды құрастыруға бағытталған Қазақстан-Беларусь бірлескен жобалары жүзеге асырылуда. Бұл ретте тараптар барлық салада ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттілігіне тоқталды. Осыған орай, жалпы өзара тиімді байланысты күшейтуде қос мемлекет парламенттерінің ықпалы зор болмақ. Сондықтан, Мәжіліс пен Өкілдер палатасының арасында қол қойылып отырған бүгінгі Келісім парламентаралық қатынастың тереңдеуіне тың серпін береді. Қа­би­болла Жақыпов: – Келісім екіжақты, сондай-ақ, көпжақты  пішімде парламентаралық қарым-қатынастың болашағы үшін  үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, бұл екі мемлекеттің игілігіне қызмет ететін болады, – деді. Өкілдер палатасының Төрағасы Владимир Андрейченко екі мемлекет арасындағы өзара сенім мен сыйластыққа негізделген саяси, дипломатиялық, парламентаралық байланыстың бүгінгі күні жоғары деңгейде дамып келе жатқанын алға тарта келіп: – Келісімге қол қоя отырып, біз саясат, сауда-экономикалық салаларда, келісім-құқықтық базаны жетілдіруде, аймақтық ынтымақтастық бағытында әріптестікті одан әрі тереңдетуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін барлық жағдай жасалған, – деді.