12-15 маусымда Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) астанасы – Йоханнесбургте өткен Африка одағы (АО) үкіметтері мен мемлекеттері басшыларының 25-ші Ассамблеясына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов бастаған қазақстандық делегация қатысты. АО саммиті Африка – 2063 күн тәртібінің негізінде континенттің болашақ дамуына және әйелдер рөлін көтеру мәселелеріне арналды. Саммит шеңберінде аумақтық қауіпсіздік және көші-қон саясатын нығайту мәселелері талқыланды.
Саммит барысында қазақстандық делегация Африканың жүзден астам мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен «Африка – 2063 күн тәртібін қолдау үшін: азық-түлік, энергетика және су қауіпсіздігі» атты арнайы іс-шара өткізді. Аталмыш іс-шара аясында 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан өтінімінің және мамандандырылған көрменің тұсаукесері ұйымдастырылды.
Гамбия сыртқы істер министрі Ненех Макдуал Гайе, Либерия СІМ басшысы Августин Кпехе Нгафуан және Сомали сыртқы істер министрі Абдисалам Хадли Омар, БҰҰ Африка бойынша Экономикалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасары Абдулла Хамдок, АО Комиссиясы төрағасының орынбасары Эрастус Мвенча және басқа да АО Хатшылығының комиссарлары бұл іс-шараның құрметті қонақтары және спикерлері болды.
Өз сөзінде А.Мусинов БҰҰ-ны реформалау бойынша АО бастамасын қолдау жөніндегі Қазақстанның ұстанымын жеткізіп, еліміздің Африкада мыңдаған адамның өмірін жалмаған Эбола эпидемиясына қарсы және Африка құрлығына қаржы және басқа да қажетті көмек беруді жалғастыруға дайын екенін атап өтті. Қатысушыларға Африкадағы азық-түлік және ашаршылық мәселелерін шешуде еліміздің маңызды үлесі болып табылатын Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арқылы азық-түлік көмегін көрсету бойынша Қазақстанның бастамасы туралы ақпарат берілді.
Саммит аясында қазақстандық делегацияның басшысы Гвинея Президенті Альфа Кондемен, ОАР, Гамбия, Либерия, Сомали, Малави, Тунис, Сьерра-Леоне, Камерун және Мозамбик сыртқы істер министрлерімен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында түрлі пішімдерде өзара қолдау көрсету және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Африка елдері сыртқы істер министрліктерінің басшыларына Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдау және ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу мәселелері бойынша Қазақстан Президенті мен Қазақстан Премьер-Министрі аттарынан хаттар табысталды.
Сондай-ақ, ОАР-ға сапары кезеңінде қазақстандық делегацияның басшысы Йоханнесбургте Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығын ашу рәсіміне қатысты.
Қазақстан құрлықтың 54 мемлекетін біріктіріп, 1 млрд.-тан астам халықтың басын қамтитын Африка одағына 2014 жылғы қарашадан бастап байқаушы болып табылады.
«Егемен-ақпарат».