
Сурет: denetim.com
Мысалы, Шекара қызметі Ветеринарлық бақылау қызметіне азық-түлік тауары тиелген жүктің шекарадан өтетіні туралы әрдайым хабарлай алмайтын көрінеді. Нәтижесінде, тексерілмеген, бақылаусыз өнімнің үлкен легі шекарадан өтіп, тікелей базар мен көтерме сауда орнына түседі. Салалық кәсіподақтардың бағалауына қарасақ, азық-түлік тауарының әртүрлі санатындағы нарықтың 40%-ға дейінгі бөлігін «сұр» схема жолымен әкелінетін импорттық өнімдер алып отыр.
Бұл тауарлардан мемлекеттік бюджетке ешкім салық төлемейді. Тұтынушы үшін қауіпсіз бе, жоқ па, ол да белгісіз. Осылайша, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, талапқа сай сақталмаған, мемлекеттік тілде таңбаланбаған, сондай-ақ басқа да заң бұзушылықтармен шекара асып келген көптеген өнім ақ-адал дастарқанымызға қойылады.
Әдетте төмен сұрыпты және сапасы күмән тудыратын импортталған бұл өнімдер ең төменгі бағамен сатылады. Сондықтан тұтынушы белсенді түрде сатып алады. Ал барлық инстанциямен тексерілген, салығы түгел төленген отандық сапалы өнімдер «бәсекеге сай емес» күйінде қалып отыр. Отандық азық-түлік өндірушілер бұны импорттың әділетсіз бәсекелестігінің айқын фактісі деп санайды. Сөйтіп, мемлекеттен осы жағымсыз тәжірибені өзгертуді талап етеді.
Салалық одақтар альянсы ұсыныстар дайындапты. Аталған талаптар: сапасыз әрі бүлінген шетелдік өнімге тосқауыл қоюға; барлық импорттаушыны электронды түрде есепке алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ұсыныстар оларды елімізде салық төлеуге және жергілікті заңдарды, сондай-ақ тамақ қауіпсіздігі талаптарын сақтауға мәжбүрлейді әрі Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындап жатқан «Ветеринария туралы» заң жобасында көрініс таппақ.
«Мемлекеттік органдардың шекарадан өтетін барлық тауар туралы мәліметті қамтитын бірыңғай электрондық базасы жоқ екенін көріп отырмыз. Сондықтан елге келетін азық-түлік пен ауыл шаруашылығы тауарының бір бөлігі мемлекет бақылауынан тыс қалып, тұтынушы денсаулығына қауіп төндіреді. Оған қоса, отандық адал өндірушіге әділетсіз бәсекелес болады. Осындай тауарларға тосқауыл қоюымыз керек», дейді Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.
«Қазақстан Сүт одағы» директоры Владимир Кожевниковтың айтуынша, әкелінетін тамақ өнімін тіркеу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Денсаулыққа зиянын тигізбейді. Еркін сауда қағидасына да қайшы келмейді.
«Сұр» схемамен әкелінген азық-түлік тауарының барлығы ресми статистикада есепке алынбайды, мемлекеттік органдардың қандай да бір есебіне кірмейді. Істің нақты жағдайы осылай бұрмаланады. Көбіне мемлекеттік органдар нарықтағы импорт жағдайы туралы объективті ақпараттан тым алыс. Контрабандалық және «сұр» схемамен әкелінген тауарды есепке алмайтын ірі сауда желілерінің дерегін басшылыққа алады. Сондықтан отандық өндірістің азық-түлік өнімдері басым болып көрінеді. Егер жағдайды тұтас қарасақ, көптеген базар мен көтерме сауда орнындағы заңсыз көлемді қоса алғанда, ел нарығында отандық өнімдерден гөрі импорттық азық-түлік өнімдерінің көп екені белгілі болады. Оның көп бөлігі «сұр» схемамен келетінін жақсы білеміз. Демек онымен күресті әлі де жандандыру керек. Әрине, салалық одақтар өз ұсынысын «Ветеринария туралы» жаңа заңға енгізу туралы шешімді құптайды», дейді маман.
Отандық өндірушілер өз ұсыныстары «Ветеринария туралы» жаңа заңда ескеріліп, қабылданатынына, азық-түліктің «сұр» импорты түп-тамырымен жойылатынына сенім артады.