18 Маусым, 2015

Экономикалық одақ қызметі таныстырылды

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Без имени-1Лондонда Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Сүлейменовтің қатысуымен ЕАЭО-ның даму болашағына арналған екі күндік брифинг өтті. Корольдіктің Қорғаныс және қауіпсіздік институтында өткен шараға дипломатиялық миссиялар басшылары, Біріккен Корольдік мемлекеттік органдарының өкілдері, британдық жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының және жоғары оқу орындарының сарапшылары қатысты. Қазақстанның Ұлыбрита­ния­дағы елшісі Ержан Қазыханов іс-шараны ашып, брифингке қатысушыларды Еуразия кеңіс­тігіндегі интеграциялық үдеріс­тердің даму барысымен таныстырып өтті. Е.Қазыханов Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясын 1994 жылы Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев ұсын­ғаны, ал ЕАЭО туралы шартқа 2014 жылы Астанада қол қойылғаны атап көрсетілді. Өз сөзінде Т.Сүлейменов Еура­зиялық экономикалық одақ жұмысының қағидаттары мен келешегі, ЕАЭО-ның құры­лымы мен механизмдері, сон­дай-ақ, Жоғары Еуразиялық экономи­ка­лық кеңес, Еуразиялық экономи­ка­лық комиссия сияқты институт­тық органдардың қызметі туралы баяндады. Министр қатысушылардың назарын ЕАЭО туралы шартта экономикалық ынтымақтастық жөніндегі басты мәселелер бо­йынша шешімдердің консенсус негізінде қабылданатындығы мен ұйымның әр мүшесіне арналған вето құқығы қарастырылғандығына аударды. Брифинг барысында ЕАЭО-ның экономикалық және инвес­тициялық әлеуеті жоғары екендігі, әркімге де ашық бірлестік болып табылатыны, сондай-ақ, құра­мында 180 миллионнан астам хал­қы бар әлемдегі аса ірі тұтыну нары­ғы­ның бірі екені атап өтілді. Келесі күні Т.Сүлейменов Лондон Ситидің британдық және халық­­ара­лық компанияларына арнал­­ған ЕАЭО жөнінде ұқсас таныс­тырылым өткізді. Сонымен қатар, Т.Сүлейменов өзінің Лондон­ға сапары аясында Еуропа Қайта құру және даму банкінің сая­сат және серіктестік жөніндегі вице-прези­денті Филипп Ле Уеру­мен кездесті. Еуразиялық экономикалық одақ – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес құрылған халықаралық экономикалық ұйым. ЕАЭО аясында тауарлардың, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалу еркіндігі, сондай-ақ, экономика салаларындағы үйлесімді, келісілген және бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз еті­леді. ЕАЭО-ның мүшелері Арме­ния Республикасы, Беларусь Респуб­ликасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы (қазір соңғысының ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты ратификациялау үдерісі жүріп жатыр) және Ресей Федерациясы болып табылады. «Егемен-ақпарат».