
Суретті түсірген – Қанат БАЙДРАҚЫМОВ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту бойынша маңызды әлеуметтік міндетті шешуге үкіметтік емес секторды тарту жөніндегі тапсырма берген еді. Соған сай өңірлерде осындай орталықтар ашылып жатыр. Былтырдан бері облыста бірнеше нысан іске қосылды. Аталған оңалту орталығы Сарқан аудандық ауруханасының ғимаратында ашылды. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, орталыққа бюджеттен қаржы бөлінген, сондай-ақ бірқатар қоғамдық қор демеушілік көрсеткен. Соның нәтижесінде орталық аурухана ғимаратының біріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заман талабына сай жабдықталды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, орталықта Сарқан ауданынан бөлек, жақын маңдағы Ақсу, Алакөл аудандарының тұрғындары да ем алады.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, оңалту қызметінің сапалы болуы, оның ерекше балалар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету ерекше маңызды. Осыған орай ауданда заманауи оңалту орталығы ашылды. Біз мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға көмектесеміз. Мәселен, орталықта невропатолог, реабилитолог, педиатр, терапевт, ортопед, логопед, дефектолог, психолог сияқты білікті мамандар қызмет істейді. Мұнда өзге облыстан келген мамандар да бар», деді Л.Шыңғысбаева.
Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында 2025 жылы облыстық перинаталдық орталықтың ұрықты қорғау орталығы бөлімшесінде бір күндік клиника ашып, ұрық хромосомдарына инвазивті пренаталдық диагностика, генетикалық зерттеу жүргізуді бастау жоспарланып отыр. Ол хромосомдық ауытқуларды, басқа тұқым қуалайтын бұзылуларды анықтау мақсатында қолданылады. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарға барынша ден қойылады.
«Жұмысқа Атырау қаласынан арнайы келдім. Оңалту орталығында баланың әлеуметтік бейімделуі мен танымдық саласының дамуына барлық жағдай жасалыпты. Мамандығым бойынша реабилитологпін. Өз тарапымнан оңалту сапасын жақсартуға бар күшімді саламын», дейді маман дәрігер Әсем Нұрқасымова.
Жоба орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларды оңалтуға, оларды әлеуметтік бейімдеуге, ерте мүгедектіктің алдын алуға бағытталған. Бір жылдың ішінде орталық 21 күндік сауықтыру курсын ұсынып, 600 баланы қабылдай алады. Бұл ретте үздіксіз ем алу үшін балалардың 2-3 ай сайын оңалтудан өтуіне мүмкіндік бар. Орталықта ай сайын сал ауруы, шала туылу, даун синдромы, үдемелі бұлшық ет дистрофиясы, босану кезіндегі жарақат сияқты диагнозы бар 50 баланы қабылдауға мүмкіндік бар.
«Менің балам церебральды сал ауруымен ауырады. Балама оңалту кешенін жүргізу үшін алдымен Талдықорғанға, сосын Алматы мен Астанаға баруға тура келді. Ауырған баланы әр қалаға тасу оңай емес. Оған жан-жақты, тұрақты оңалту қажет. Енді қаламызда заманауи оңалту орталығының ашылуымен жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Басқа қалаға бармаймыз», дейді қала тұрғыны Майра Тұрсынова.
Орталықта нейро ортопедиялық аурулары бар, оның ішінде церебральды сал ауруы бар балаларды оңалтудың үздік әлемдік әдістемелері мен заманауи тәсілдері енгізілетін болады. Бөлімшеде механотерапия, мантессори, емдік дене шынықтыру, тұз, шунгит шахталары, эммерсиялық ванна, корвит, сенсорлық бөлме, иппотерапия, психолог, логопед, массаж кабинеті қызметтері көрсетіледі.
Жалпы, облыстың денсаулық сақтау саласында соңғы 3 жылда 98 нысан пайдалануға берілді. Оның 31-і жаңадан салынды. Өңірде 61 блокты-модульді медициналық кешен орнатылып, 6 нысан күрделі жөндеуден өтті. Соңғы жылдары блокты-модульді емхананың жылдам әрі ыңғайлы құрастырылатыны дәлелденді. Жетісу облысы блокты-модульді медициналық кешендерді орнату тәжірибесін алғашқылардың бірі болып кеңінен қолдана бастады. Күзде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Көксу ауданын аралап, блокты-модульді емхананың тиімділігін көріп, осындай емхананы болашақта да көптеп тұрғызу керектігін айтты. Былтыр өңірде жаңадан 51 медициналық нысан бой көтерді. Оның 25-і жаңа құрылыс, 26-сы блокты-модульді медициналық емхана.
Биыл тағы 69 медициналық нысанды қолданысқа беру жоспарланып отыр. Ғимараттың 44-і жаңадан салынады. Оның 36-сы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту, 18-і блокты-модульді кешен, 7-еуі күрделі жөндеу қабылданған шаралардың нәтижесінде іске қосылады. Облыста жөндеуге жататын 292 денсаулық сақтау нысанының 167-і немесе 57,2 пайызы жаңартылады. Дәл осындай оңалту орталығы жыл соңында Талдықорған қаласында 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған облыстық балалар ауруханасының базасында ашылады.
Жетісу облысы