18 Маусым, 2015

Үрей

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Снимок (2)«Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі Гүлайым Шынтемірқызының 27 мамырдағы «Сені қалай қорғаймыз, бүлдіршін қыз?» атты мақаласын оқыған әрбір ата-ана, бүкіл ел, тек біздің елде емес, бүкіл дүниежүзінде орын алып отырған осынау жантүршігерлік оқиғаны – бүлдіршіндерді зорлау мен қорлауды айуандықпен іске асырып жүрген азғындар – педофилдерді тұзаққа түсіру жөнінде ашынған жанайқайларын жеткізуде. Қорқыныштысы сол – бұл мақала шыққаннан бергі бір айға жетпейтін аз уақыттың ішінде еліміздің бірқатар өңірлерінде педофилия көріністері орын алды. Адам деп атауға болмайтын, тіпті, хайуандар да өз тұқым­дастарына істемейтін мұндай аса сұмдық әрекеттерді іске асырушы педофилдер деген кімдер, бұл лағнет атқан сөз қайдан шыққан деген оймен қолымда бар барлық сөздіктерді қарап шықтым. Әлгі аты өшкір сөз ол кітаптардың бірде-бірінде болмай шықты. Сөздіктерді жасау­шылар бұл сөзді білмеген немесе тәржімалай алмаған дей алмаймыз. Осыған қарағанда, қасқырды қасқыр десе көбейіп кетеді деп қорқып, бөрі деп атауды ұсынып отыратын аталарымыз тәрізді әлгі жексұрын сөзді әдейі ауыздарына алмады-ау деп ойлаймын. Қалай дегенде де, педофилдердің барлық жерде, әлемнің барлық елінде аш, қорқау қасқырлардай өріп жүргендері қорқынышты-ақ. Бұл кесапатқа тосқауыл боларлық күштердің әлсіздігінен, қазір ғана жайнап өсіп-өркендеп, ұл-қыз өсіріп отырған отбасының бір мезетте және ойда жоқ жерден орны толмас қасірет-қайғыға ұшырауының жиілеуінен халықтың үрейі өсе түсуде. Осыдан барып жас ұрпақтың өмірге деген көзқарасы, бүкіл сана-сезімі улануда. Жастардың өзіне өзі қол жұмсауларының бір себебі де үрейлі өмірінен туындап отыр деп білуге болады. Ата-аналар тиісті қамқорлықты заң шығарушы органдардан күтеді. Дүйсенбі ӘРІПҰЛЫ, Маңғыстау облысының құрметті азаматы. АҚТАУ.