
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Қайтыс болғандар жоқ, ешкім зардап шекпеген. Құтқарушылар автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы жұмыс жүргізуді жалғастырып жатыр.
Қарағанды облысында бүгін түнде қатты боран жағдайында құтқарушылар жүкті әйелді аудандық ауруханаға жеткізуге көмектесті (жедел жәрдем көлігі қолайсыз ауа райынан жолды жалғастыра алмаған). Төтеншеліктер оны Осакаровка кентіне ТРЭКОЛ техникасымен жеткізіп, дәрігерлерге тапсырған.
Жамбыл облысында 21 қаңтарға қараған түні Жуалы ауданында температурасы жоғары көтерілген 7 жасар бала туралы хабарлама келіп түсті. Құтқарушылар жедел жәрдем қызметкерлерімен бірлесіп ТРЭКОЛ жол талғамайтын көлігімен жолға шыққан, қазіргі уақытта баланы орталық аудандық аурухана дәрігерлері бақылауына алған.
Ақтөбе облысындағы «Самара-Шымкент» тас жолында Өзбекстаннан Ресейге бара жатқан шағын автобус бұзылып қалып, жүргізуші көмек сұрап, құтқарушылар 9 жолаушыны, оның ішінде 1 баланы жылыту пунктіне эвакуациялады, оларға ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Маңғыстау облысының Қарақия ауданында жауын-шашынның мол түсуіне байланысты «Қазақстан-Түрікменстан» тас жолында 52 жүк көлігі балшықта тұрып қалған. Құтқарушылар вахтада жүргізушілердің жылынуына жағдай жасап, жергілікті биліктің көмегімен көліктерді жолдың тазартылған учаскелеріне сүйреп шығарған.
Ақмола облысында қатты боран кезінде елді мекенге жаяу бара жатқан 13 адамды елордалық құтқарушылар байқап, азаматтардың қауіпсіздігі үшін олар ТЖМ вахтасында жақын маңдағы елді мекенге жедел жеткізілді.
Ұлытау облысындағы «Жезқазған-Сәтбаев» автожолында 1200-ден астам көліктің кептелісі болды. ТЖМ құтқарушылары полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірлесіп, жақын маңдағы елді мекендерге дейін автоколоннаны қауіпсіз алып жүруді ұйымдастырды. Операция барысында 24 азаматқа көмек көрсетіліп, 8 көлік сүйреп шығарылған. Барлық адамдар қауіпсіз жерге жеткізілді.