![Жаңалығы мол өнімдер](/media/2025/01/23/skrinshot-23-01-2025-085846.jpg)
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
«Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаевтың айтуынша, «Halyk Life» сақтандыру компаниясы 2024 жылдың 7 айында ең көп сыйлықақы жинап, рейтингте 166 млрд теңгемен 1-орынға шықты. «Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артық. Тікелей сақтандыру сыйлықақылары да өсіп жатыр – 7 айда комиссиялық төлемдер бойынша 825 млрд теңге, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға көп», дейді А.Керімбаев.
Айтуынша, айналымдағы сақтандыру шарттарының саны 9,8 млн-ға жетті. Сарапшының түсіндіруінше, бұған автонарықта ерікті сақтандыру полистерін сату көлемінің өсуі әсер етті. Келісімшарттар санының өсуіне өмірді сақтандыру компаниялары да өз үлесін қосты. 2024 жылдың жеті айында 192 млрд теңгеге зейнетақы аннуитеті шарттары жасалды. Сақтандырудың бұл түрі бойынша өсім 200%-ды құрады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана ипотека, автокөлікті сақтандыру нарығымен ғана байланыстырып қарайтын нарық бүгін миллиард емес, триллиондармен есептейтін деңгейге жетті. 2024 жылғы қыркүйектің қорытындысында сақтандыру ұйымдарының жиынтықты активтері 2,8 трлн теңгеден асты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, 2024 жылы айналымға енген өнімдердің бірі – «арнайы әлеуметтік төлем» (АӘТ). Төлемнің бұл түрі сақтандыру компаниялары есебінен зиянды еңбек жағдайларында қызметкерлерге АӘТ төлеуді заңдастырды. Оны алу үшін зиянды жұмыс атқаратын адамның жасы 55-ке толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті. Төлем экономиканың 19 саласында жүзеге асырылады.
БЖЗҚ мәліметінше, АӘТ тағайындау үшін міндетті шарттарға 2024 жылы – 37 мыңнан, 2030 жылы – 58 мыңнан, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Сондай-ақ кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті азаматтарға 45 жастан аннуитет келісімшартын бекітуге мүмкіндік береді.
«Мысалы, ерінің зейнетақы жинағы көп, әйелінікі тым аз болса, біріктірген соң, жұбайлар 55 жастан кейін екеуі де өмір бойы әрі тұрақты зейнетақы аннуитеті төлемдерін ала алады. Мұның сыртында оларға мемлекет те зейнетақы төлейді», дейді М.Хаджиева.
Бұл өнім де сұранысқа ие. 2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша елде жалпы сақтандыру сыйлықақысы 655,4 млн теңгені құрайтын 106 мың зейнетақы аннуитеті шарты бекітіліпті. Тағы бір өнім – 2024 жылдың 23 қазанында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілді. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сақтандыруды дамыту орталығының директоры Бауыржан Нағмановтың айтуынша, 2025 жылы парламент міндетті автосақтандыру туралы заң аясында түзетулердің үлкен пакетін қабылдауы мүмкін.
«Бұл өнім соңғы 15 жылда ғаламдық өзгерістерге ұшыраған жоқ, бұған онлайн-сақтандыруды енгізумен байланысты толықтырулар қосылмайды. Жақында осыған байланысты бірқатар ұсыныс енгізілді», дейді ол.
Айтуынша, 2024 жылдың басынан бастап өңірлік коэффициенттерге жыл сайынғы түзету енгізілді. Яғни жол-көлік оқиғасына жиі түсетін өңірлердің жүргізушілері сақтандыру үшін көбірек төлейтін болады. Ең шығынды өңірлерде тарифтер көтеріле бастады, ал кейбіреулерінде төмендеп жатыр. Бірақ тарифтердің деңгейі нарықтың дамуына кері немесе оң әсер ете алмайды. Бізге анағұрлым дербестендірілген тәсіл қажет дейді сарапшы.
АЛМАТЫ